Жаңалықтар

Ырғыздағы қос қуаныш

Мереке қарсаңында Ырғыз ауданының орталығында 5 тұрғын үй пайдалануға беріліп, Қарақұдық ауылында ауызсу құбыры іске қосылды. Салтанатты шараларға облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов қатысты.

Аудан орталығында жаңадан бой көтерген 5 тұрғын үйдің кілті кезекте тұрған тұрғындарға берілді.

Салтанатты жиында тұрғындарға пәтер кілтін табыстаған облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов ырғыздықтарды мерекемен құттықтап, облыс әкімінің игі тілегін жеткізді. Жаңа баспанаға ие болған Қайырхан Бөкенбайға облыс әкімі атынан арнайы сыйлық ұсынылды.

Шарада аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев пен еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, қоныстой иелерін қуаныштарымен құттықтады. Жиналғандар пайдалануға берілген үйлерді аралап, дәмнен ауыз тиді.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ырғыз ауданына қарасты Қарақұдық ауылындағы ауызсу құбырын іске қосу шарасына да қатысты.

Шарада Сәлімгерей Бекбергенов қазіргі таңда өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Жұлдызай Көптілеуоваға облыс әкімі атынан сыйлық табыстады.

Бұдан кейін ауылдың ақсақалдары жиналғандарға бата беріп, тұрғындар атынан елді мекенге ауызсу кіргізуге қолдау білдіргені үшін облыс әкіміне ризашылығын жеткізді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button