Жаңалықтар

Ауруханаларға 47 мың оттегі баллоны жеткізілді

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында ақтөбеліктердің өмірін сақтап қалуда үлестерін қосқаны үшін тәулік бойы жұмыс істеген оттегі учаскесінің қызметкерлері мен зауыт еріктілерінің еңбегі еленді.

«Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов пандемия күшейген кезде тәулік бойы оттегі баллондарын толтырып тиеген 19 қызметкерге Алғыс хат мен қаржылай сертификаттар табыстады.

— Сіздер қала тұрғындарының өмірін сақтап қалуда зор үлес қостыңыздар. Әлемде бірде-бір медицина мұндай үлкен зардаптың алдын алуға дайын болмады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде еріктілерге алғыс айтып жатты. Пандемияның шарықтаған шағында зауыт тәулігіне қала ауруханаларына мың баллоннан жеткізді. Қала тұрғындарының атынан еңбектеріңіз бен адамдарға көмек беруге ұмтылыстарыңыз үшін алғыс айтамын, — деді Арман Есенжолов.

Марапатталғандардың арасында жұмыстан кейін қалып, баллондарды тиеген еріктілер де болды. Соның бірі — Ерболат Мұқанов, сервистік қызмет көрсету цехының учаске бастығы.

—  Қанша қиын болса да, артқа шегінуге жол жоқ. Ауруханаларда көптеген адамдар жатқанын көрдік. Бұған дейін бізден «AntiCovid-19» командасынан еріктілер көмек сұрады, ер адамдар керек болды. Мәселен, облыстық инфекциялық ауруханада тиеп түсіретін санитарлар болмады. Сөйтіп, зауыттың 40 еріктісі аталған мекемеге көмектесті. Бізде арнайы ватсап-чаты бар. Сол жерге жүргізуші «жетіп қалдым» деп жазған соң, учаскеге қарай ұмтыламыз. Кейбіреулер жұмыстан кейін қалып, 2-3 сағат көмектеседі. Баллон жеткізгеннен кейін үйге келіп, демалып жатқанда, «баллон жетпей жатыр, тағы да керек» деп қоңырау шалған кездер басымнан өтті. Амал жоқ, қайтадан зауытқа барамын да, баллондар тасимын. Ал бір сағаттан кейін негізгі жұмысым басталатын. Шыны керек, өте қиын болды. Бірақ отбасым бұған түсіністікпен қарап, барынша қолдады, —  дейді Ерболат Мұқанов.

Еске сала кетелік, өткен жылы ауруханаларға шұғыл түрде оттегі баллондары қажет болған кезде «Қазхром» компаниясының филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты дәрігерлердің өтінішіне құлақ асып, металлургтер тәулігіне 300 баллоннан жөнелтті. Биыл да жағдай қайталанды, тағы да емханаларда COVID-19 дертіне шалдыққан науқастар көбейді. Сәуір айынан бастап, зауыттың оттегі учаскесінде жұмыс қайта қызып, тамыз айында көрсеткіштің ең үлкен шегі тіркелді — тәулігіне 800 баллоннан тиелді. Зауыттың жұмыс күші мен көлігі жұмылдырылды.

Айта кетейік, бұған дейін де қала емханалары зауыттың оттегісін алып жатты, бірақ аз мөлшерде қолданатын. Жалпы, пандемия басталғалы ақтөбелік кәсіпорын 47 мыңнан аса оттегі баллонын ауруханаларға жеткізген.

Қамбар МҰҚАШЕВ,

Басқа жаңалықтар

Back to top button