Жаңалықтар

«Дәнекер» жобасы — бітімге бастайтын жол

Облыста республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің «Дәнекер» пилоттық жобасы жергілікті соттармен бірлесіп жүзеге асырылмақшы. «Дәнекер» жобасы аясында өткен жиынға орталық кеңестен Жанат Елубаева, облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетов және Ақтөбе қалалық №3 сотының төрайымы Нәзира Аманкұлова мен облыстық соттың бөлім жетекшісі Нұрбек Қарақұлов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиация орталығының эксперт медиаторы Есенбол Азиев қатысты.

Алдағы уақытта облыс соттары мен жобаға қатысушы ардагерлердің арасында тығыз қарым-қатынас одан сайын беки түспек. Әсіресе бұл ынтымақастықтың ел арасындағы дау-дамайларды бітімгершілік жолмен шешуде рөлі айтарлықтай. Осы бағытта көптеген жұмыстар қолға алынғалы отыр.

Жобаға қатысушы ардагерлерді қажетті құқықтық кеңестер мен әдістемелік материалдармен уақтылы қамтамасыз етіп отыру маңызды. Облыстың барлық аудандарында ардагерлер кеңесі жанынан қоғамдық медиаторлар кабинеттерін ашып, оны әрі қарай жандандыру мақсаты тұр. Осыған орай облыстық деңгейде соттардың, медиаторлардың қатысуымен келелі кеңес, семинар өткізу жоспарлануда.

«Дауласушы тараптарды бітімге келтіру үлкен еңбекті қажет етеді. Кәсіби медиаторлар, әрине, ақы алады. Ал қоғамдық медиаторлар халықтан ақы алмай, барлық кеңесті тегін жүргізеді. Бұл пилоттық жобаның ұтымды болатыны анық», — деп атап өтті Жанат Елубаева.

Ақтөбелік ардагерлер кеңесі ел ішіндегі беделді, аузы дуалы қарияларды дау-дамайды реттеп, ағайын арасындағы ауызбірлікті сақтауға өз үлестерін қосуға мейлінше қолдау жасайтынын жеткізді.

Яғни бұрынғы билер кеңесі ардагерлер ұйымының қолдауымен жаңаша жанданбақ.

Нұргүл ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button