Жаңалықтар

Жөн-жосықсыз бәсекелестік

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы адал бәсекелестік қағидаттарын бұзды. Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша монополияға қарсы департаменті хабарлады.

Аталған департаментке түскен өтініш мәтініне сүйенсек, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы құбырларды сатып алу кезінде өзінің конкурстық құжаттамасында құбыр өнімдерін нақты жеткізушіден сатып алуды көздейтін техникалық шектеулерді көрсетті, сол арқылы адал бәсекелестік қағидаттарын бұзды және жеткізушілердің көбінің конкурсқа қатысуға қолжетімділігін шектеді. Осы өтініш негізінде жұмыс істеп, зерделеген монополияға қарсы департамент баяндалған мәліметтерді анықтап, растап отыр. Яғни «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ құбырларын сатып алу кезінде көрсетілген құбыр өнімдерінің техникалық сипаттамалары тендерге CNPC тобына кіретін бір ғана компанияның қатысуына мүмкіндік берді. Осылайша адал бәсекелестік қағидаттары бұзылып, өнім берушілердің кең ауқымының конкурсқа қатысуға қолжетімділігі шектелді.

Осындай жөн-жосықсыз бәсекенің анықталған белгілері негізінде Ақтөбе облысы бойынша монополияға қарсы департамент оларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының атына хабарлама шығарды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ монополияға қарсы органға хабарламаны орындау мерзімін ұзарту туралы өтініш жасады, алайда хабарламаны орындау үшін қосымша уақыт талап етілмегендіктен, өтінішхаттан бас тартылды.

Нәтижесінде монополияға қарсы органның хабарламасы толық көлемде орындалды, яғни құбырларды сатып алу жөніндегі тендердің күші жойылды.

Өз тілшімізден.

Басқа жаңалықтар

Back to top button