Жаңалықтар

Фариданың балық дүкені

Жуырда Мәртөк ауданының орталығынан балық сатумен айналысатын сауда дүкені ашылды.

Дүкеннің иесі Фарида Дүйсенғалиеваның айтуынша, бұл жерде балықтың сом, мөңке, шортан, сонымен қатар тұздалған ақбалық пен ақсерке секілді 25-ке жуық түрі бар.

— Жалпы, балық саудасымен айналысқаныма бес жылдай уақыт болды. Қазір өзім Ақтөбе қаласында тұрамын. Мәртөкке күнделікті қатынап жұмыс жасап жүрмін. Сонымен қатар мұнда уылдырық, қақталған, ысталған балық және тартылған балық еті де бар.

Өнім күн сайын облыс орталығынан жеткізіліп тұратындықтан, сапасы да жақсы. Сондай-ақ балық өнімдері көбіне Атырау облысынан, Арал қаласынан, Ырғыз ауданынан да жеткізіледі. Тауар жеткізушілерден күнделікті  20-30 келідей балық алынады. Тұтынушыларға қолайлы болу үшін балықты тегін тазалап береміз және де алған тауардың көлеміне қарай зейнеткерлерге 10-15 пайыз жеңілдік жасап жатырмыз, — дейді кәсіпкер.

Фарида Дүйсенғалиева алдағы уақытта дүкенді кеңейтіп, балық түрлерінің ауқымын көбейтпек. Тұтынушының ыңғайына қарай жұмыс жасап, сол жерде қуырып беру секілді қызметтерді де іске қосқысы келеді. Оған тек жер мәселесі кедергі болып отырғанын айтады. Әкімдіктің көмегімен орталықтағы жер проблемасы өз шешімін тапса, үлкен істі қолға алу ойында бар.

Адам денсаулығына қажетті, дәруменге бай балық өнімдерін жоғары сапада ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта дүкенді одан әрі кеңейтіп, халықтың сұранысын өтеуге әзірмін, — дейді кәсіп иесі.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button