Жаңалықтар

Шекара және техника

ҚР ҰҚК шекара қызметі техника және қару-жарақ жөндеу басқармасының ғимаратында адамдардың назарын аударатын маңдайшаларды көрмейсіз. Бәрі де қарапайым жасалған.

КСРО МҚК Шекара әскерлерінің бірінші аймақаралық жөндеу зауыты 1983 жылы құрылды. Кейін №2468 әскери бөлімі деген шартты атауға ие болды. 2020 жылдан бастап әскери бөлім ҚР ҰҚК шекара қызметінің техника және қару-жарақ жөндеу басқармасы болып аталды.

Қайта құру дәуірінде жөндеу зауытының қалыптасуы мен дамуы жеңіл болған жоқ. Жұмыскерлердің кәсібіне адалдығының арқасында аяққа тұрды. Жаңа әскери техника өндірісін реттеуге қол жеткізілді.

Автомашиналарды, қару-жарақты қайта құрастыру, инженерлік құралдар жасау, радиолокациялық станцияларды жөндеу, техниканы монтаждау және іске қосу, күн электр станцияларын орнату және баптау — зауыттағылардың ойлап тауып, іске асырған істерінің аз ғана бөлігі.

Басқарманың әр бөлімшесінің өз міндеті бар. Автоброньды танк пен инженерлік техниканы жөндеу, жылжымалы далалық моншалар мен қару сақтауға арналған бөлмелерді жасау, автомобиль және броньды танк техникасын жөндеу секілді жұмыстарды атқаратын бөлімшелер бар.

Әлемдегі және елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты  кәсіпорындағы модельденген контейнер түріндегі медициналық сүзгі пункттер ерекше сұранысқа ие болып отыр. Жол талғамайтын көліктер  материалдарды жеткізуге мүмкіндік беруде.

Шекарашылар далаға қонған кезде оларға арналған модульдік үлгідегі тұрғын үй мен  монша әзірленеді.

Шекарашылар  өткен жылы шығарылған «Выстрел» броньды машинасын «біздің қарлығашымыз» деп атайды. Себебі машинада ірі калибрлі пулеметті орнатуға арналған мұнара мен  автоматты граната атқыш бар.

Құрастыру тобындағы жас жігіттер техниканы қайта құрастырады. Техниктер А. Кудеринов, М.Агментаев, Д.Ажетов, Ж.Тәженов, автоэлектрик Ж.Оңғарбаев, дәнекерлеуші Е.Атаханов, бояушы Е.Сейдалин мен темір ұстасы В.Ворошихинді зауытта «отандық Кулибиндер» деп атайды.

Бұл жерде тек техниктер немесе құрастырушы инженерлер ғана емес, Ардақ  Айқынбаев секілді  қаржыгерлер де жұмыс істейді. Ол өз өмірін техникамен байланыстырамын деп мүлдем ойламаған. «Амфибия» шынжыр табанды жол талғамайтын көлігі туралы Ардақ ерекше мақтанышпен айтады.

Ардақ  Айқынбаев УАЗ Hunter базасында жаңартылған батпақта жүретін көлік туралы да айтып берді. Бүгінгі таңда мұндай техниканың төртеуі бар.

Кәсіпорындағы өнертапқыштар бюджет қаражатын үнемдейді. Есептен шыққан техникаларды қайта құрастырады.

Бүгінгі таңда зауыт жұмысшыларының жаңа жобаларға қаржы бөлініп, техника шығаруға мүмкіндік туса деген тілегі бар.

Қ.БОЛЫСОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button