Жаңалықтар

Мемлекеттік рәміздер — еліміздің айбыны

Кеше Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбедегі филиалының ғимаратында облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосу барысында атаулы күннің мән-маңызы айтылып, ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау орталығы таныстырылды.

Жоғарыда аталған комиссия мүшелері, басқарма басшылары, этномәдени орталықтар мен БАҚ өкілдері қатысқан жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов төрағалық етті.

— Баршаңызды бүгінгі мереке — Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланатын жылда аталған күннің маңызы зор. Себебі мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран — еліміздің басты нышандары. Бұны әр қазақстандық біліп, тиісінше құрмет көрсетуі керек.

Сонымен қатар бүгін Мемлекеттік рәміздерге арналған жаңа кабинетте жиналып отырмыз. Мұнда рәміздердің тарихы, түрлі мәліметтер топтастырылған. Идея авторы — осы Ассамблеяның мүшелері.

Қазіргі таңда Ассамблеяға қатысты көптеген сын-пікірлер айтылып жүр. Дегенмен осы ұйым Елбасының бастамасымен ашылғанын, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырғанын ұмытпауымыз керек. Басқа мемлекеттерде Ассамблея сияқты ерекше институт жоқ, бұл — бірегей жоба. Сондықтан өзге ұлт өкілдерінің басы қосылған ұжыммен бірге әлі талай іс-шараларды атқарамыз деген ойдамын, — деді Айбек Көпенов.

Ал облыс әкімі  жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшесі Еркін Құрманбек Ту, Елтаңба, Әнұран туралы кеңінен әңгімелеп, өскелең ұрпаққа бұны насихаттаудың идеологиялық маңыздылығына тоқталды. Халқымыздың рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арманын жеткізетін құнды белгілерді дәріптеуді одан әрі күшейту керектігін айтты.

Сол сияқты облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қойлыбаев, «Святло» ұлттық-мәдени поляк орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Цибульская, т.б. өз пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы жылына екі рет өткізіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button