Жаңалықтар

Биыл 42 көше жөнделеді

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Рауан және Қызылжар елді мекендерінде жүріп жатқан жол жұмыстарының барысын көріп, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.

Биыл жалпы ұзындығы 5,7 шақырым болатын үш автомобиль жолының жаңа құрылысы жоспарланған. Соның бірі — Рауан тұрғын алабындағы ұзындығы 2 шақырымнан асатын автомобиль жолының құрылысы. Мердігер «Инфорстройсервис» ЖШС жол жұмыстарын өткен мамыр айында бастаған. Жоба құны — 244 миллион теңге.

— Ақтөбе қаласында 44 елді мекен бар. Жалпы, қала ішіндегі жолдар ғана емес, осы елді мекендердің де жолға қатысты мәселелері  — басты назарда. Бүгінде Рауан елді мекенінде қоғамдық көлік жүретін жол жөнделуде. Алдағы уақытта жол белгілері мен аялдамалары салынады. Бұл көптен бері осы елді мекеннің халқы көтеріп жүрген өзекті мәселелердің бірі. Жол жұмыстарын биыл тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ қала маңындағы Жаңақоныс, Қызылжар, Құршасай ауылдарындағы бірқатар көшелер сын көтермейді. Биыл осы жұмыстарды жоспарға енгіздік.  Жалпы, күрделі жөндеу жүргізетін 20 жоба жүзеге асырылмақ, — деді шаһар басшысы.

Оның айтуынша, ең бастысы жолдың сапасы қатаң бақылануы тиіс. Былтыр бірқатар жол құрылысына қатысты кемшіліктер анықталып, қайта салынған.

— Биыл қала әкімдігімен келісімшарт жасалды. Жол құрылысына арналған материалдарды алып, зерттеуден өткіздік. Сараптама нәтижесінде, талапқа сай екені анықталды. Алдағы уақытта екі қабат асфальт төселіп, жолдың  ені, қалыңдығы анықталатын болады, — дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев.

Бұдан соң қала әкімі Қызылжар-3 тұрғын алабындағы автомобиль жолының құрылысын көрді. Қазір бұл елді мекенде қоғамдық көлік жүретін жол 1,3 шақырым жол жөнделуде. Мердігер «Инфорстройсервис» ЖШС жол жұмыстарын биыл тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны — 162 миллион теңге.

Сондай-ақ жолдың жиегінен велосипед жолы мен жаяу жүргіншілер жолы да салынуда. Бұл жұмыстар аяқталса, ауыл ішіне қоғамдық көлік кіріп, тұрғындарға қолайлы болмақ.

Қала әкімі әлеуметтік желі арқылы келіп түскен қала тұрғындарының сауалдарына да жауап берді. Оның айтуынша, биыл қала аумағында барлығы 42 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақжар тасжолын жөндеуге облыстық бюджеттен 420  миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл жұмыстар мердігер мекеме анықталғаннан кейін жүзеге асырылмақ .

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button