Жаңалықтар

Облыста соңғы тәулікте 27 жағдай тіркелді

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте коронавирус инфекциясымен тіркелгендердің 22-сінде ауру белгілері байқалған. Қалғаны — симптомсыз.

​            — Жалпы облыста бүгінге дейін індет жұқтырғандардың саны 11334-ке жетті. Оның 64,5 пайызының ауру белгілері байқалса (7320), ал 35,4 пайызы — симптомсыз (4014) жағдай. 10607 науқас жазылып шықты. Оның 8357-і —  Ақтөбе қаласының тұрғыны, — деді Н.Беркімбаева.

Жалпы  тіркелген 11334 науқастың 1,8 %-ы (198) сырттан келсе, 17,1%-ы — (1940) ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 81,1%-ы (9196) — жергілікті жағдайлар.​

Қазіргі таңда үй карантинінде 2755 адам ем алып жатыр.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, бүгінге дейін облыс бойынша 10655 адам індеттен жазылып шыққан. Қазір инфекциялық ауруханада 268 адам ем алуда, оның 190-ы —  Ақтөбе қаласында.

Жансақтау бөлімдерінде 22 науқас жатыр. Жасанды өкпе желдеткішіне 2 адам, инвазивті емес жасанды өкпе желдеткішіне 5 адам қосылған. Сондай-ақ инфекция жұқтырған 34 жүкті әйел мен 47 бала дәрігерлердің бақылауында. Оның ішінде 8 бала стационарда ем алуда, — деді ол.

Брифингте Бекболат Ізбасаров қазіргі таңда өңірде инфекциялық кереуеттер жүктемесі 19,7 пайыз, ал реанимациялық кереуеттер жүктемесі 13,7 пайыз екенін жеткізді. Соңғы тәулікте 2368 адам ПТР-тест тапсырған. Ал вакцинациялауға келсек, облысымызға 191 950 дана доза екпе әкелінген. Бүгінге дейін екпенің 1-компонентін 83983 адам, 2-компонентін 40592 адам алған.

Брифинг соңында департамент басшысы мен басқарма басшысының орынбасары журналистердің және әлеуметтік желілерден түскен сауалдарға жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button