Жаңалықтар

Жобалардың іске асырылуын енді депутаттар бақылайды

Ақтөбе қаласы мен аудандарда жобалардың уақытылы және сапалы іске асырылу барысын енді облыстық мәслихат депутаттары бақылайтын болады.
Қажет болған жағдайда болашақта қандай да бір жобаларды қаржыландыру мәселелерін де депутаттар қарайды.
Мұндай шешім Ақтөбе қалалық және аудандық мәслихат хатшыларының қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында қабылданды.
Отырыста Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасы тармақтарын орындау бойынша өкілді органдардың бірлескен өзара іс-қимылы да талқыланды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов жыл басынан бері облыстық мәслихат қызметінің қорытындылары туралы айтып, мамыр айындағы сессияда облыстық мәслихаттың регламентін бекітіп, Әдеп жөніндегі комиссия құрылғанын хабарлады.
Комиссияға депутаттар, облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлері және облыстың қоғамдық кеңесінің өкілдері кірді. Ал тамыз айында өтетін сессияда облыстық мәслихат депутаттары қызметінің KPI әдістемесін бекітуді жоспарлап отыр, оған сәйкес олардың әрқайсысының қызметіне бағалау жүргізілетін болады.

Облыстық мәслихат депутаттары облыс аудандарына баруды жоспарлап отыр. Іссапар барысында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасы тармақтарының орындалуына мониторинг жүргізбек. Сондай-ақ олар жергілікті жерлерде облыстық және республикалық бюджеттерден қаржыландырылған, салынып жатқан нысандарды бақылайды. Депутаттар аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың түрлі проблемалық мәселелер бойынша пікірлерін білетін болады.

Отырыста сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы жол картасының орындалуы туралы баяндады.
Сондай-ақ жиында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының бірлескен қызметі туралы ұсыныстар айтылып, облыстық мәслихат депутаттарының аудандарға бару жоспары бекітілді.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button