Жаңалықтар

Үлкен бизнес отбасылық кәсіптен басталады

Мемлекеттік бағдарлама

Қазір жұмысбасты келіншектердің кешке үйге барғанда қазанға салып, бір қайнатып ала қоятын жартылай дайын өнімдерге сұранысы артқан.  Нарықтағы осындай сұранысқа сай еңбек етіп жүрген Ақтөбе қаласының тұрғыны Айнұр Есеналиеваның жасап жүрген тірлігіне қарап сүйсінесің, қызығасың.

Күйеуі Айзат екеуі  былтыр «Строитель-2» бау-бақша ұжымы аумағынан алған жеріне бір айдың ішінде үй көтеріп алды. Әлі толық біте қоймаған кең әрі жарық үйге Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова бастап барды.

Айзат пен Айнұр — төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Балаларының дені сау, болашағы жарқын болуын тілеген ата-ана келешек қамын қазірден қолға алыпты.

— Екеуіміз де «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері курсында оқып алдық. Былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі, яғни, 555 мың теңге грантқа ие болдым. Бұл қаражатқа мұздатқыш, еттартқыш, таразы, тақтайлар мен пышақтар сатып алдық. Содан ет тартып, пельмен, манты секілді жартылай дайын өнімдер жасай бастадым. Халық арасында еттартқыштан өткізген қарынға да сұраныс бар екен. Тартылған қарынның бір келісін 700 теңгеден сатамын. Оның пайдалы екенін білетін жұрт бірден үлестіріп алып кетеді. Үнемі ізденіп отырғасын күн сайын бір ерекше тағам дастарқан сәніне айналып үлгереді. Кешке балалар ұйықтаған соң, интернеттен сондай қызықты идеяларды іздестірем. Мысалы, қазіргі уақытта шпинат жапырағынан, қызылшадан, сәбізден, тартылған еттен, ірімшіктен жасалған қызылды-жасылды рулеттер дастарқанды жайнатып жібереді. Арасында қонақ шақырып жатқан үйлерден тапсырыс алып, дастарқанға қажетті салаттарын, басқа да еттен жасалынатын тағамдарын әзірлеп беремін. Қажетіне қарай еттің нанын, қанша күлше болса да қолдан жазамын. Әрине, шағын отбасылық кәсіпті кеңейту — басты мақсатымыз, — дейді пысық келіншек.

Айзат пен Айнұрдың қорасында желіндеп тұрған екі сиырды көрдік. Төлдеп жатса, Айнұр ағарғанды да пайдаға жаратпақ. Айтпақшы, бұл екі сиыр Айзаттың грантына алыныпты. Анығы, отағасы да «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздері курсында оқып, жоба қорғапты. Ал қазір Айзат үйдегі малға қарап, арасында Айнұр дайындаған өнімдерді тапсырыс берушілерге жеткізіп береді.

Бұл отбасы қазіргі уақытта «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын несие алу үшін бизнес-жоспар дайындап жатыр.

  • «Ақтөбе» әлеуметтік корпорациясы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірігіп, шағын қаржылық ұйым ашпақ. Биыл облысқа «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын бизнесті дамытуға арналған миллиардтаған қаржы келеді. Бұл — осындай әлеуеті зор отбасылық бизнестерді көтермелеп жіберуге жақсы мүмкіндік, — дейді қалалық мәслихаттың хатшысы Анар Даржанова.

P.S. Бет қатталып жатқанда Айнұрдың қорасындағы сиырдың бірі төлдегенін, оны сауып алып, балаларының уыз ішіп жатқанын естідік. Ақ мол болсын! Кәсіптері өрлей берсін!

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button