Жаңалықтар

Қала төңірегінде қоқыс көп

Тазалық

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ өткен жылы ғарыштан барлау түсірілімімен Ақтөбе облысы аумағынан 747 заңсыз жиналған қоқыс алаңын анықтады. Мұның 425-і Ақтөбе қаласы айналасында жиналып қалған. Енді бір ай ішінде 617 қоқыс орны жойылуы тиіс болса, осы жұмыс қаладағы екі серіктестікке бекітілді. Қала төңірегін заңсыз қоқыстардан тазарту жұмыстарымен «Ақжол» және «Нео плюс» ЖШС-лары айналысып жатыр. Әзірге 130 заңсыз қоқыс алаңы тазартылып болды. Екі мекеме қыркүйекке дейін қала төңірегін түгел тазалап үлгеруге тиіс.

«Ақжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қала төңірегін тазалауға қатысты қалалық тұрғын үй құрылысы және коммуналдық шаруашылық бөлімі жариялаған тендерге қатысып, үш лоттың бірін ұтып алды. Қазіргі бюджетіміз — 90 миллион теңге. Біз өткен аптадан бастап Алматы ауданының аумағын — мал базары, Бекқұл баба ауылы, автоцон төңірегі, 41-разъезге дейінгі жерлердегі заңсыз қоқыс алаңдарын тазалап жатырмыз. Бұлар оншақты жылдан бері пайда болған қоқыс алаңдары деп сеніммен айта аламын. Қазір бұл жұмысқа серіктестіктің 30  жұмысшысы мен жүргізушісі, 10 ауыр жүк көлігі мен 3 жүк тиегіші жұмылдырылды, — дейді «Ақжол» ЖШС директоры Есім Төребеков.

15 шілдеден бастап Астана ауданы төңірегін тазалауға кіріскен «Нео плюс» ЖШС директоры Виктор Проскуриннің айтуынша, Құрашасай мен Қурайлы елдімекендерінің жанында заңсыз қоқыс алаңдары тіпті көп. Осы жерден бір «КамАЗ» көлігі тәулігіне 10 рейс жасайды. «КамАЗ» көлігінің сыйымдылығы 10 тоннаға деп  есептелсе, оған 15 тоннаға дейін қоқыс толтырып тиеледі. Осылайша қазіргі уақытта бір полигоннан күніне 450 тонна қоқыс шығарылады. «Келісім бойынша Астана ауданының аумағын тамыз айының ортасына дейін тазалап болуымыз керек. Бірақ оған үлгере алмайтын сияқтымыз», — дейді В.Проскурин.

Қазіргі тариф бойынша қоқыс шығару әр адамға айына 104 теңгеден есептелген. Тариф құнының төмендігіне қарамастан, көпшілік жұрт қоқыс шығару төлемақысын төлеуге асықпайды. Мәселен, «Нео плюс» ЖШС ақтөбеліктердің 70 миллион теңге қарызын екі жылдан бері әзер өндіріп алған.

Сондай-ақ қоқыс шығарумен айналысқан «Таза қала» ЖШС-ына қала тұрғындары әлі күнге дейін 45 миллион теңге қарыз.

 Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button