Жаңалықтар

«5-10-20» бағдарламасы басталады

Жақын арада жергілікті басқару органдарында пәтер кезегінде тұрған азаматтарға арналған жаңа «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы басталады. Құжат қабылдау мерзімі бойынша ақпарат бағдарламаға қатысушылардың ұялы телефон нөмірлеріне SMS-хабарландыру түрінде түседі. Бағдарлама «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылады.

—  Маңызды ақпараттарды жіберіп алмау үшін тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар әкімшіліктегі өздерінің кезегін тексеріп, әкімшілікте тіркелген байланыс ақпараттарын (телефон нөмірін) жаңартуы керек. Маңызды ақпараттарды уақтылы алу үшін @zhilstroy_aktobe инстаграмдағы ресми парақшаға тіркелу де маңызды. Бағдарламаның шарттары бойынша несиенің жылдық мөлшерлемесі —  5%, бастапқы жарна үй құнының 10 пайызына тең. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Пәтерді тек алғашқы нарықтағы жаңа үйлерден, сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйлерден сатып алуға болады.

Ақтөбе қаласы бойынша құны 15 миллион теңгеге дейінгі пәтерлерді сатып алуға болады, — дейді аталған банктің облыстық филиалы дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Заитов.

Еске сала кетейік, «5-10-20» бағдарламасына тек әкімшілікте үй кезегінде тұрған азаматтар ғана қатыса алады. Бағдарламаға қатысуға құжаттарды тапсыру үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шоты болуы тиіс.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button