Жаңалықтар

Балаларға абай болайық! 

Тәртіп

Жаз мезгілінде балаларды үйден шығармай ұстап отыру оңай емес. Алайда бүгінгідей шектеу шаралары енгізіліп, бала денсаулығы маңызды болып отырғанда оның қауіпсіздігін сақтауға деген жауапкершілік екі есе артқаны белгілі. 

Өкінішке қарай, балалардың қатысуымен болған қайғылы жағдайлар азаймай отыр. Облыстық полиция департаменті берген дерекке сүйенсек, биыл жыл басынан бері балалардың қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы болған, соның салдарынан 47 бала түрлі дене жарақаттарын алған. Суға шомылу маусымы басталғаннан бері облыстағы су айдындарында 3 бала суға батып, терезеден 4 бала құлап кеткен.

Облыстық полиция департаменті өкілдері жаз басталысымен балалардың жоғалуы, көшелерде және аулаларда ата-аналарының бақылауынсыз қалған балаларға қатысты жазатайым оқиғалар жиілеп кеткенін айтады. Мәселен, жақында тәртіп сақшылары жоғалып кеткен 9 және 5 жастағы екі баланы тапты. 21 шілдеде 11-шағын ауданда 5 жасар бала аулаға ойнауға шыққан. 5 сағаттан кейін анасы баланы іздеп, таппаған соң полицияға жүгінген. Белгілі болғандай, оның ұлы көрші пәтерде тұратын баламен ойнаған, қайтадан аулаға ойнауға шыққан уақытында бала табылған.

Осы күні 9 жасар бала жоғалып кеткен. Ол түскі сағат 12.00-де О.Кошевой көшесіндегі үйінен аулаға велосипед тебуге шығып, ешкімге айтпастан, Ақтөбе хром қосындылары зауыты саяжай массивінде тұратын тәтесінің үйіне кетіп қалған. Баланың анасы оны 5 сағаттан кейін іздеп, сағат 18.00-де полицияға жүгінді, баланы полиция қызметкерлері сағат 21.00-де туысының үйінен тапты.

— Ата-ана бақылауынсыз қалған балалар кейде жол-көлік оқиғаларының құрбаны болып, түрлі жазатайым оқиғаларға тап болады. Жазғы уақытта қараусыз жүрген балалар жиі жоғалып кетеді. Ата-аналар балаларды қатты бақылауы керек, бақылаусыздық салдары су айдындарында, жолдарда балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың азаймауына әкеліп соғып отыр, — дейді полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Полиция департаменті ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды, оларға жол және су айдындарында қарапайым жүріс-тұрыс ережелерін үйрету керектігін ескертеді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button