Басты жаңалықтарМереке

… Лайықсың, «Қазақтың қызы» деген ғажап атқа!

Қазақ тарихында «намысын жатқа қолдан бермеу үшін атқа қонған қыздар» аз болмаған. Бүгінгі бейбіт заманда да ерлермен бірге қызметтің ауыр жүгін көтеріп жүрген нәзіктер баршылық. Қоғамның барлық саласында ерлер мен әйел адамдардың теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет — гендерлік саясаттың стратегиясы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалыптасқаны белгілі. 1998 жылы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияның негізі қаланды, кейін 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді. Қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру міндеті қаралған стратегия қабылданған он жыл ішінде сайланбалы билік органдарында әйелдердің саны ұлғайған. Мәселен, Парламент Мәжілісінде әйелдердің үлесі он жылда 18 пайызға, ал барлық деңгейдегі жергілікті өкілді органдардағы әйелдер саны 6 пайызға көтерілген. Барлық әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің саны 56 пайызға артқан.
Гендерлік стратегияны іске асырудың аяқталуына байланысты 2016 жылы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Мұнда мемлекеттік гендерлік саясаттың жаңа кезеңін орнықты дамудың халықаралық трендтерімен, ұлттық стратегиялық басымдықтармен және әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарымен байланыстырудың қолайлы мүмкіндіктерін пайдалану міндеті қойылды.
Гендерлік саясат — әйел адамдардың түрлі салаларда ерлермен тең жұмыс істеуін ғана емес, сонымен бірге отбасында, күнделікті тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігін, тепе-теңдігін көрсетеді. Бүгінгі сұхбатымызда гендерлік саясаттың бір ғана тармағы — мемлекеттік қызметтегі әйел адамдардың ролі туралы пікірлестік.

Мемлекеттік қызметкерлердің жартысынан көбі — әйел адамдар

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтің айтуынша, бүгінде облысымызда мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген әйел адамдардың үлесі — 55 пайыз. Яғни жартысынан көбі.
— 2016-2030 жылдарға арналған отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында мемлекеттік отбасылық саясат бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірнеше міндеттер жүктелген. Соның бір ғана тармағы — биліктің атқарушы, өкілдік және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу, сонымен бірге еңбек нарығына, қаржылық және басқа да ресурстарға тең қолжетімділік жасау арқылы әйелдердің экономикаға араласуын кеңейту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тетіктері арқылы ауылдық жерлерде әйелдерге нысаналы қолдау көрсету. Бұл міндеттер қазіргі кезде Ақтөбе облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметке келушілер арасында әйел адамдар баршылық. Бүгінде облысымызда бұл салада қызмет етіп жүрген әйел адамдар үлесі 55 пайыз болып отыр. Ақтөбе облысында жалпы мемлекеттік қызметшілердің саны — 4609 адам, соның 2511-і — әйел адамдар.
— Жалпы мемлекеттік қызметтерде әйел адамдардың үлес салмағы қай салаларда басым?
— Біздің департамент жүргізген сараптама жұмысының нәтижесінде байқалғандай, әйел адамдар экономика, қаржы секілді бір орында, кеңседе отырып жұмыс істейтін жерлерде көп. Мысалы, білім саласында әйел адамдардың үлес салмағы басым: облыстық білім басқармасының өзінде 33 мемлекеттік қызметкер болатын болса, соның 26-сы әйел адамдар екен. Тек басқармада ғана емес, тұтас білім саласында байқалып отырған жағдай — бұл, қазір балабақшалар мен мектептер бірыңғай дерлік әйел адамдар жұмыс істейтін салаға айналып кетті. Денсаулық сақтау басқармасындағы 27 адамның 19-ы — қыз-келіншектер. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында 21 адам жұмыс істейтін болса, соның төртеуі ғана ер адамдар. Тілдерді дамыту басқармасындағы 10 адамның барлығы да мемлекеттік қызметтегі ер-азаматтармен жүкті бірге көтерісіп жүрген адамзаттың нәзік өкілдері.
Кәсіпкерлік саласында да әйел адамдардың үлес салмағы басым. Мысалы, кәсіпкерлік басқармасының қыруар жұмысын сондағы 7 ер-азаматпен бірге 8 әйел адам қатар жүріп атқарады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы 34 мемлекеттік қызметшінің 27-сі — апаларымыз бен қарындастарымыз.

• Бір дерек:

Облыстық статистика департаменті берген ресми дерек бойынша соңғы он жылда облыстағы әйелдер саны артқан. Мәселен, 2009 жылы облыста барлығы 763 591 адам болған болса, оның 396 007-сі — әйел адамдар. Ал 2019 жылғы дерек бойынша, облыстағы 881 728 адамның 454 113-і — әйел адамдар.
Ақтөбе қаласында 2009 жылы 210 316 әйел адам болған болса, 2019 жылы 263 829 мыңға жетті.

Арулар аз болған ба атқа қонған…

Сот саласында да әйел адамдардың үлес салмағы басым: облыстық сотта 276 қызметкер бар, оның 71 пайызы, яғни 196-сы — әйел адамдар. Ал соттар әкімшісіндегі 124 судьяның 68-і — қыз-келіншектер.
Рафхат Бисеновтің айтуынша, мұндай мысалдарды тағы да келтіре беруге болады.
— Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласындағы әйел адамдардың еңбегі ұшан-теңіз. Мен мемлекеттік қызметке алғаш келгенімде әйел адамның қол астында үш жыл жұмыс істедім. Сол кезде қалалық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айша Құлбатыр маған, мектептен келген қарапайым мұғалімге, көп нәрсе үйретті. Ақтөбе облысында әйел адам басшы болмаған сала қалған жоқ. Рас, тек облыс әкімі міндетін ғана әйел адам атқармаған шығар, басқа салаларда қыз-келіншектер, апа-қарындастарымыз, үлкен аналарымыз қызметтер атқарды, атқарып та келе жатыр. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары, басқарма, департаменттер басшылары, қала әкімінің орынбасары, аудан әкімі қызметтерін атқарғандар бар. Бүгінде бірнеше басқарманы әйел адамдар тізгіндеп отыр. Құралай Қаракен, Дания Еспаева сынды ақтөбелік азаматтар Қазақстан Мәжілісінің депутаттары қызметін абыройлы атқарып келеді. Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова да Мәжіліс депутаты болды. Бүгінде ол кісі облысымыздың саяси саласында өзіндік орны бар тұлға. Қала әкімінің орынбасарлары Айгүл Арынғазиева мен Гүлназ Сисенова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова, Ақтөбе қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Валентина Мәмбетова, мемлекеттік қызметтегі бөлім басшылары, мамандар — барлығы да ер-азаматтармен бірге абыройлы қызмет етіп келе жатқан біздің әріптестеріміз, — дейді ол.
Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнағандардың бірі — Роза Сәрсенова. Оқу бітіргеннен кейін еңбек жолын мұғалім боп бастаған ол 1981 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысты. Ырғызда аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде нсұқаушы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары болып еңбек атқарды. Одан кейінгі жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінде, Қазақстан халықтары Кіші Ассамблеясы атқарушы хатшылығында жауапты қызметкер, облыстық мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы, облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Қырық жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған ол жастар тәрбиесі, азаматтық қоғам институттарын құруда қоғамдық ұйымдарға жағдай жасау, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, мемлекеттік тілді дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру сынды маңызды жұмыстардың тиімді жүзеге асуына зор үлесін қосты.
— 1999-2004 жылдары Ақтөбе облысы әкімі жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның хатшысы жұмысын атқардым. Әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін көтеру, олардың арасында кәсіпкерлікті дамыту, отбасы, аналар мен балалар денсаулығын қорғау жұмыстарын жүргізуге күш-жігерімізді арнадық. Ол кезде мемлекеттік қызметте әйел адамдар бүгінгідей көп емес еді. Мен жарты ғасырға жуық өмірімді осы салаға арнадым, осы жылдар аралығында кәсіби маман ретінде, азамат ретінде қалыптасу жолынан өттім. Рас, әйел адам үшін ерлермен бірге жүгі жоғары жауапкершілікті көтеріп жүру оңай емес, дегенмен бар қал-қадірімізше еңбек еттік. Әкем бізге бала кезде: «Елге, отанға адал қызмет етіңдер», — деп айтып отыратын. Мемлекеттік қызметте жүргенде еш уақытта осы сөзді есімнен шығарған емеспін, — дейді ол. Роза Сәрсенқызы мемлекеттік және қоғамдық жұмыстағы ұзақ жылғы белсенді қызметі үшін Қазақстан Республикасының «Шапағат» медалінің иегері атанды. «Бұл — мен үшін жоғары құрмет», — дейді Р.Сәрсенқызы.

БІЗДІҢ ҮЗДІКТЕР

Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызмет сапындағы әйелдердің 453-і — басшылық лауазымда. Олар — облыстың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына өз үлестерін қосып, отбасыларының да тұтқасын берік ұстанған арулар. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының жеңімпаздары да бар. 2017 жылы аталған республикалық байқауда ақтөбелік мемлекеттік қызметкер Нұргүл Бертілеуова үздік атанды. Сол жылы тұңғыш рет өткізілген «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауына қатысқан кезде Нұргүл Лескенқызы мемлекеттік қызметші ретінде ұтқыр ой, тиімді шешім қабылдаудың үлгісін көрсетіп, үздіктер қатарында Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болды. Стратегиялық бағыттарын жүзеге асырудағы еңбегі үшін Елбасының Алғыс хатына да ие болды. Бүгінде Нұргүл Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары.
2018 жылғы «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауында тағы бір ақтөбелік ару алдына жан салмады. Бұл жолғы жеңімпаз — Гүлмира Низарова мемлекеттік қызмет өтілін Хромтау ауданында әділет басқармасының жетекші маманы лауазымынан бастап, облыс әкімі аппаратының инспекторы лауазымына дейін жоғарылаған.
Мемлекеттік қызметтегі әйел адамдар саны артып келеді. Әсіресе, жас буынның екпіні мықты. Ақтөбе облысындағы ең жас мемлекеттік қызметшілердің бірі — 20 жастағы Асылзат Нажматдин қала әкімдігінің азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істейді. Мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтінін мақтан тұтатын жас маман болашақта елді көркейтуге бар күш-жігерін арнайтынын айтады.
P.S. Өткен жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өткізген жиын барысында үкіметтің алдына шұғыл шешілуі тиіс жеті міндет қойған болатын. Соның бірі — гендерлік тең құқықты нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу қажеттігін айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button