Жаңалықтар

Енді «Ақтөбе» газетінің мобильді қосымшасы бар!

Мұндай жаңалықты кеше фейсбук парақшасында облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғани Жәпішов хабарлады.

«Ақжолтай жаңалық!!! Ғаламдық технологияның жемісі Сізді үйде отырып-ақ, өңірдің барлық жаңалықтарымен таныстырады. Ақтөбе облысы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелерге белсене атсалысуда. Осыдан аз уақыт бұрын облыс әкімі Оңдасын Оразалин цифрландыру заманында жергілікті басылымдардың өз мобильді қосымшалары болуы керек деп айтқан болатын. Міне, бұдан былай әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де туған өлкенің игі жаңалықтарынан құлағдар боласыз. «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің электронды нұсқасын смартфондарыңызға жүктеп алыңыздар!» — депті ол өз парақшасында.

Биыл 95 жыл толып отырған газетіміздің барша оқырманы үшін үлкен жаңалық қой — бұл. Әсіресе, туған елден жырақта жүргендер елдің — Ақтөбенің жаңалығын оқып отыратын болды. Содан мобильді қосымшаны жасап шығарғандарды іздедік.

«Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің мобильді қосымшасын экс-ақтөбелік бағдарламашылар, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары, ІT саласының білгірлері Аршат Оразов пен Рымбек Ізғали жасап шығарды. Айтпақшы, облыстық газеттердің сайтын да Аршат Оразов жасап берген болатын. Содан бағдарламашылардың біріне хабарластық.

  • Ақтөбе облысы әкімдігінен тапсырыс түскен соң, экс-ақтөбелік Рымбек Ізғали екеуміз «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің мобильді қосымшаларын жасап шықтық. Әрине, бірқатар қиындықтар да болды. Айта кетсем, жиі жаңаратын ақпараттық сайт болғасын жалпы құрылымын жасау қиындау болды. Одан бөлек Google мен Apple-дың тексерістері көп болды. Мысалы, контент бойынша оның бір жерден ұрланбағанын, нақты осы редакциялардың сайтының доменінен алынғанын арнайы домен сертификаттары арқылы дәлелдеу керек болды. Сонымен қатар, қосымша мазмұнында террористік, жыныстық, зорлық, дискриминация сияқты тақырыптарда контент болмауын да тексерді. Бұл қосымша әсіресе туған өлкесінен алыста жүрген бұрынғы ақтөбеліктер үшін пайдалы, — дейді Аршат Оразов.

Сондай-ақ, ол әзірге мобильді қосымшаның тестілеу кезеңінде екенін, кейін тұрақты түрде техникалық қолдау көрсетіп отыратындарын, жүйе жаңарған сайын соған бейімдеп отыру керектігін баса айтты. Мобильді қосымшалар Android және iOS жүйелерінің талаптарына сай ықшамдалып, қолданушыға түсінікті етіп жасалған. Ұялы телефоныңыздың түріне қарай, төменде жазылған сілтемеге өтіп, облыстық газеттердің мобильді қосымшасын жүктеп алуыңызға болады.
«Ақтөбе» газетінің оқырманы болсаңыз:
iOS: https://itunes.apple.com/app/id1489096705
Android: https://play.google.com/store/apps/details?id=aqtobegazeti.kz

«Актюбинский вестник» газеті үшін:
iOS: https://apps.apple.com/app/id1489094542
Android: https://play.google.com/store/apps/details?id=avestnik.kz

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button