Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Әскери бекініс уездік қалаға айналған кез

Арайлы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай облыстық мемлекеттік архивте құжаттар мен деректерді жинақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Архивте сақталған құжаттардың басым бөлігі — 1917 жылдан кейінгі құжаттар: Ақтөбе бекінісінің салынуы, уездік қала ретінде құрылуы тарихына қатысты деректер, «Актюбинский городской вестник» әдеби-шаруашылық журналы, қалаға алғашқы қоныс аударушылардың бірі, аталған журнал редакторы, тілшісі,  таратушысы әрі селолық старосталардың бірі Василий Иванович Мощенскийдің естеліктері, «Торғай облысының шолулары» статистикалық журналы сынды құнды тарихи дүниелер, т.б.

Осы құжаттардағы деректерге сүйенсек, 1880-1882 жылдары Ақтөбе бекінісі шағын елді мекен болғанымен, қоныс аударылғандардың себебімен біраз өзгерістерге ұшыраған. 1882 жылы солтүстік төбенің солтүстік-батысында қала әкімшілігіне тиесілі алғашқы үйлер — уезд басқармасының ғимараты, уезд басшысы мен орынбасарының үйлері, сот төрағасының, уезд дәрігері мен акушерінің пәтерлері, қабылдау бөлмесі, абақты салынды.

1884 жылы қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің тұңғыш орыс-қырғыз училищесі көшіріліп әкелінді.

1891 жылы 25 наурыздағы ереже бойынша, Ақтөбе бекінісін уездік қала етіп  өзгерту туралы шешім қабылданып, ол 1893 жылы қазан айында күшіне енді. Осы ережеге сәйкес, Ақтөбе бекінісінің мәртебесі Торғай облысының құрамындағы уездік қала болып өзгерді.

1894 жылы қаланы абаттандыру және шаруашылық жағдайын жүргізу мақсатында мещандық қоғамдық басқарма құрылды. Бұл жылдары Ақтөбе көшелерінде әлі тас төселмеген, телефон, телеграф, су құбыры жүйесі дамымаған еді. Көктем және күз мезгілінде қала көшелері батпақтанып,үлкен қиындық туғызатын.  Осы мәселелерді шешу мақсатында 1896 жылы қалалық жиында көшелерді  жарықтандыруға 150 рубль бөлінеді.

ХХ ғасырдың басында  Ақтөбеде денсаулық сақтау және халық ағарту салалары да ақсап тұрды. 1896 жылы Ақтөбе қаласында халықтық кітапхана және қалалық аурухана ашу туралы мәселе көтерілді. Соның нәтижесінде Ішкі істер министрлігі аурухана ашу туралы шешім қабылдады. 1900 жылы қалада 3 бастауыш мектеп жұмыс істеген.

В.Мощенскийдің естелігі бойынша Михин деген азамат салған «Триумф» электро-кинотеатрының ғимараты арендаға берілді. Архив құжаттарындағы дерекке сүйенсек, бұл ғимарат 1918 жылы 22 наурызда Ақтөбе жұмысшылар, солдаттар, шаруалар және мұсылмандар атқару комитетінің шешімімен атқару комитетінің пайдалануына берілген.

1880 жылы қаңтар айында қоныс аударушылар селолық қоғам құқығын алып, өз араларынан село басшысын (старостосын) сайлады.  Алғашқы староста болып С.Богдан(1880 ж.)сайланды, одан кейінгі жылдары Остроножий,Сергеенко, Мощенский, Барбетов деген кісілер сайланды.

1884 жылы қаланың Жоғарғы поселкесінде  («Татарка») саудагер  М.Габбасов, Жаңа поселкеде («Оторвановка») М.Марченко, Кривоножкин, Прокопенко, Бородаренко староста болып сайланды.

Бекіністің қалаға айналуы Ақтөбенің қоғамдық басқару жүйесінің өзгеруіне және қоныс аударушылардың материалдық жағдайының түзелуіне әсер етті.

1894 жылы мещандық басқарма қаланы басқару ісіне депутаттардың қатысуына жол ашты. Қала шаруашылығы мен абаттандыру уезд басшысы мен мещандық қоғам сайлаған депутаттарға жүктелді.

Мещандық басқарма жыртылған және шабындық жерлерді мещандар арасында бөлу, басқарма қажеттілігіне салық жинау, жаңа мүшелерді қабылдау қызметін атқарды.

Ақтөбе қаласында көпестер мен мещандарға 15 жылға жеңілдіктер және қала айналасынан үй немесе басқа құрылысқа жер берілді. 1896 жылға дейін жер қажет еткендерге ақысыз,  кейін 10-50 рубльден бастап берілді, ал теміржол құрылысы басталғанда бұл баға 500 рубльге дейін өсті. 1907 жылы қонақүй салынды.

1879-1902 жылдары қаладағы әкімшілік билікуезд басшысына жүктелді. Уезд басшысы болып әр жылдары Иван Шлиттер,капитан Петр Сунгуров,Константин Лазарев,Николай Краснокутский,Сұлтан Сейдалин, ротмистр Николай Ревякин, Хантинский,полковник Николай Сухин тағайындалды.

Уезд басшыларының көмекшілері, іс-қағаздарын жүргізетін екі хатшысы болды.  Әрбір уезд басшысы өз кезегінде қаланың шаруашылық-мәдени дамуына, тұрғындардың өмір жағдайының жақсаруына өз үлесін қосты.

Бірінші уездік басшы И.Шлиттер Ақтөбеде тұрған жоқ, бірақ қалаға ұдайы келіп, алғашқы қоныс аударушылармен кездесіп, оларды орналастыру туралы нұсқаулар берді.

П.Сунгуровтың басшылығы кезінде 1883 жылы 1 шілдеден бастап Илек уезд басқармасы Орынбордан Ақтөбе бекінісіне ауыстырылып, бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 6060 мың рубль бөлінді. Барлық уезд басшыларынан ішінде П.Сунгуровтың қызметін ерекшелеп айтуға болады. Ол қазақтардың тұрмысы мен жағдайына ерекше көңіл бөлді, әкімшілік және сот істерін реттеуде барынша қызмет етіп, отаршылдыққа теріс көзқарасты ұстанды. П.Сунгуров архитектор Свиницкиймен бірігіп, Ақтөбенің алғашқы құрылыс жоспарын жасады.

Сунгуровтан кейін қызметке келген уезд басшысы К.Лазарев оған тұтас қарама-қайшы тұлға болды. Ол қазақ даласын отарлау саясатын жүзеге асырып, жергілікті халықтың мүддесімен мүлде санасқан жоқ.Лазарев1886 жылы полицей қызметін енгізді.  Краснокутский басқаларға қарағанда бірқалыпты саясат ұстанды. Жұмыс нәтижесін талап етіп, әділдікті жақтады. 1887 жылы қалалық саябақтың негізін қалап, түрлі мәдени шаралардың өтуіне ықпал етті. Казармалардың бірінде клуб ұйымдастырып, халық шығармашылығы әртістерімен спектакльдер қойды. Бұл шаралар қоныс аударушылардың тұрмысына жағымды әсер етті. Сұлтан Седалин кезінде уездік есеп беру қолға алынды. Кейінгі уезд басшылары есепті С.Сейдалиннің үлгісімен өткізді.

Н.Ревякин өз қызмет барысында белсенділігімен ерекшеленді, уезді өзі аралап тексеріп тұрды.Н.Сухин қазақтардың алдында үлкен беделге ие болды. Ол барынша қала мүддесін қорғады. Теміржол вокзалының қала үшін ыңғайлы жерде салынуына себепші болды.

1901 жылы Ақтөбе қаласы арқылы  Орынбор-Ташкент теміржолының өтуіне байланысты қала тұрғындарының саны теміржол жұмысшылары мен қызметкерлері есебінен толықты. Сонымен қатар саясаттың ықпалымен жер аударылғандар да келе бастады. Бұл саяси ахуалдағы революциялық көқарастың пайда болуымен қатар,  қолөнер, сауда, өндірістің  дамуын тездетті.

1903-1907 жылдары уезд басшылығындағы Богдановский қалаға қамқор әрі шебер қожайын болды десек артық етпес. Ол шаруашылықтың кейбір салаларын дамытып, қала дәрігері қызметін енгізді. Өрт сөндіру депосын, қонақүй, Қарғалы өзеніне көпір салып, тозған қалалық саябақты қалпына келтіруге ұйытқы болды.  1908 жылы Ақтөбе қаласында тұрғындардың санының өсуіне байланысты қалалық өзін-өзі басқару басқармасы құрылды. Бұл өзгерісқаланың, жалпы өлкенің дамуына ықпал етті.

Бақытгүл ЕШМҰРАТОВА,

Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің

құжаттарды пайдалану және жариялау тобының жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button