Басты жаңалықтар

Еңбек Ері

Биыл Тәуелсіздік күні мерекесі Байменовтер отбасына үлкен жеңіс алып келді. Иә, нағыз жеңіс! Ол — отыз жылдан астам уақыт бойы қоларбаға таңылған нәзік әйелдің, оның қандай жағдайда да қолдауға әзір арқа тұтар серігінің, анасының мүгедек екенін сезінбей өскен балалардың жеңісі!

Тәуелсіздік күні қарсаңында республиканың экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменоваға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды!

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін алғанымда ерекше толқыдым. Үйге келіп, жолдасымды құшақтап: «Сен жеңдің!» деп, сонша жылдар бойы менің мүгедектігімді бетіме баспай, жақсы жар, жақсы жолдас, сүйеніш бола білген жолдасыма алғысымды білдірген едім, ол да көзіне жас алып: «Мен емес, Біз жеңдік, біз бәріміз бірге жеңіске жеттік!» деді. Бұл, шын мәнінде, басқа түскен қиындыққа мойымай, көтере білген менің тілеулестерімнің жеңісі болатын. Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын маған тағдыр ауыр сынақ берді. Қайғылы жағдай менің отбасыма, маған жанашыр адамдарға да сынақ болды. Бірақ, мен жылап-сықтап, қайғыға батып отыра алмайтынымды түсіндім. Менің отбасым үшін, жақындарым үшін, мен секілді қоларбаға таңылған мыңдаған адам үшін басымды көтеріп, еңсемді тіктеуім керек екенін түсіндім. Түсіндім де, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуге, оларға қоғамның назарын аударуға бағытталған жұмыстарды қолға алдым. Иа, ештеңе оңай болмайды. Сонау тоқсаныншы тоқырау жылдары қоғамның назарын аудару оңай болған жоқ, себебі елдің жағдайы мәз емес еді. Осындай қиын кездері жолдасым: «Өзіңнің денсаулығың жоқ, әрі тыным көрмей жұмыс істейсің, осыны қоя қойсаң қайтеді, үйде отырсаң қайтеді, қордаланған проблеманы бәрібір жеңе алмайсың ғой», — деген болатын. Бұл, әрине, маған сенбегендік емес, жанашырлық болатын. Алайда, алған бетімнен қайтпадым. Артымда тұрған мыңдаған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жауапкершілігі өзімде екенін түсіндім. «Жоқ, біз бәрін жеңеміз!» деген едім. Міне, бірнеше жылдан бері жасап келе жатқан еңбегімізді қоғам мойындады, Мемлекет басшысының ықыласы түсті. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен Жеңіс! — дейді Құралай Байменова.

… Құралай Байменова мектепте үздік оқыды. Өз заманындағы балалар секілді еңбекке 10-11 жасынан араласты. 20 жасында тұрмыс құрып, білім алып, жұмыс істеуге де уақыт тапты. Білім саласында еңбек етті, қоғамдық-мәдени шараларға белсене араласты.

— Құралайды мен бойжеткен кезінен бері танимын. Екеуміз бірге жүрдік, бірге өстік. Қандай қоғамдық шара болмасын, ортасында белсеніп Құралай жүретін еді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті керемет болатын. Кеңес кезінде 19 мамырда пионерлер күні өтетін еді, сол мереке әлі есімде: Құралай қасына балаларды жинап алып, күні-түні репитиция жасайтын, отрядтың алдында белсеніп өзі кетіп бара жатады, соңында балапандар секілді балалар жүгіріп жүретін еді. Жастайынан өте әділ болды. Барлығына көмектескенді жақсы көретін. Құралай екеуміз екі жаққа тұрмысқа шыққаннан кейін байланысымыз үзіліп қалды. Бірнеше жылдан кейін тағдыр бізді қайта қосты. Менің жолдасым жол апатынан қайтыс болды, ал қызым мүгедек болып туды. Құралай да жол апатынан қоларбаға таңылды. Қазір қызым осы қоғамдық бірлестіктің мүшесі. Мен, рас, кейде әлсіздік танытып жылап аламын, ал Құралай маған күш береді, жігер береді, оның қайсарлығы, айналасындағы адамдарға жанашырлығы, адамгершілігі үлкен әңгіме. Құралай шын мәнінде бүгінгі күннің батыры, — дейді Гауһар Досмағамбетова.

1989 жылғы жол апаты Құралай Байменованың өмірін басқа арнаға бұрды. Тоқсаныншы жылдары қоғамдық формация алмасып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын кездері Байменовтер отбасы жеке басына түскен қиыншылықты ысырып қойып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың проблемаларын жұрттың алдына алғаш алып шығуға тырысты. Қоларбада отырып, жергілікті телеарнада жұмыс істеді.

— Жұрт бұл жайтқа тіксініп қарады, таңғалып қарады. Себебі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген көзқарас басқаша болатын. Мен қатып қалған сол қасаң көзқарасты бұзуға тырыстым: түрлі шаралар ұйымдастырдық, тіпті сұлулық байқауларын да өткіздік, мүгедектердің сапалы өмір сүруі үшін заңды құқықтарымызды талап ете бастадық. Осылайша мінбеге шығып сөйлей алмайтын талай адамның өкілі, «құлағы, көзі һәм тілі» болдым десем, артық айтқандық емес. Қоғамның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген жағымды, оң, дұрыс пікір қалыптастыруына барынша еңбек еттім. Және бұл еңбегім бүгінде бағаланып жатыр. «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі бүгінде мыңдаған мұқтаж азаматтарға қолдан келгенше көмек көрсетіп келеді, —  дейді Қ.Байменова.

Аталған бірлестікте бүгінде отыздан астам адам еңбек етеді. Мұнда қоғамдық бірлестік, әлеуметтік қызмет бөлімі, мүгедектерге арналған кабинет, ұйымдастыру бөлімі, «Д.А.Р» еріктілер клубы жұмыс істейді, мүгедектік арбаларды жөндеу, тігін цехы бар,«Инватакси» қызметі де жолға қойылған. Жасалған тынымсыз еңбектің нәтижесінің бірі — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналып салынған көп қабатты үйлерде мүгедектерге бар жағдай жасалып отыр. Осы және басқа да еңбектері үшін Құралай Байменова «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» атанды. Ол — Ақтөбе қаласының және Қандыағаш қаласының құрметті азаматы. «Құрмет» орденінің иегері, облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар істері бойынша кеңесшісі.

Құралай Байменова отыз жылға жуық уақыт бойы еткен еңбегі нәтижесінде тек мүгедектердің мәселесін ғана шешіп, қоғамның көзқарасын өзгертіп қана қойған жоқ, өзі секілді рухы жоғары, жігері мықты азаматтардан сенімді команда жасақтады. Бұл сөзімізге бүгінде өз саласында мықты маманға айналған Гүлмирам Сражова, Шахан Шахмаран секілді азаматтарды мысал етуге болады.

Ол бүгінде жай ғана басшы емес, өзі тағдырлас талай азаматқа үлгі, өнеге болып отыр. Ерліктің, төзімділіктің, мықтылықтың символына айналды.

— Жан-тәнім ауырып, қиналып отырсам да, күліп отыруға тиіспін, маған сенген адамдар үшін!.. Егер менің тәнімдегі ауырған жерлердің бәрінен дыбыс шығатын болса, қазір мен осы жерде айқайлап отырар едім… Бірақ олай болмайды. Осы жылдар арасында балаларыма жақсы ана, жолдасыма нағыз дос, серік бола алдым деп ойлаймын. Бүгінде немерелерімнің әжесімін. Ең бастысы, менің балаларым ешқашан аналарының әлсіз екенін сезінген жоқ. Мен мықты болуға тиіспін! — дейді ол.

Жоғарыда айтқанымыздай, Құралай Байменоваға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылған-ды. Бұл — отыз жылдық еңбектің нәтижесі… һәм алдағы жылдары істелетін жұмысқа берілген аванс секілді болды. Себебі…

— Иә, алдағы жылы зейнет демалысына шығып, демаламын ба деп ойлағанмын. Алайда бұл жоғары марапат маған ерекше күш берді: жоқ, мен қоғамға әлі де керек екенмін, ал керек кезде үйде жатып алғаным жарамас, әлі де жұмыс істеуім керек деген шешімге келдім, — дейді….

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button