Басты жаңалықтарМереке

100 баланың қуанышы

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Манас» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі 100 бала мен оның ата-аналарына арналған жаңажылдық шырша өтті. Оған қала әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Шарада қала әкімі балаларды, олардың ата-аналарын алдағы мерекемен құттықтады.

  • Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығындағы бизнес өкілдері қаламызда тұрып жатқан көмекке, қолдауға мұқтаж балаларға арнап қайырымдылық шарасын бірге өткізуге ниет еткен болатын. Бүгін, міне, біз оларды қолдай отырып, үлкен жаңажылдық шырша маңында 100 отбасына кеш өткізіп жатырмыз. Осындай қайырымдылық кештерін өткізу, көмекке мұқтаж балаларға қолдау көрсету — әрбір азаматтың парызы.
  • Қазіргі таңда қалада шағын және орта бизнес саласы дамып, әр отбасында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Жаңа жыл қарсаңында кәсіпкерлер өз қолдауларын көрсетіп, игі істер жасап жатыр. Бүгінгі кеш — соның бір дәлелі. Ал Жаңа жылды ерекше қуанышпен қарсы алған балалардың болашағы жарқын болатыны анық. Сондықтан бүгінгі көңілді кеште барлығыңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтай отырып, балаларымызға бақытты болашақ, дендеріне саулық, ата-аналарына амандық, береке-бірлік тілеймін, — деді І.Испанов.

Өз сөзінде шаһар басшысы мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсеткен «Манас» мейрамханасының иесі, мұғалжарлық кәсіпкер Жайлыбай Сақтағановқа алғысын жеткізіп, ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін шарада «Бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова, Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов, т.б. балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Кеште балалар Аяз ата мен Ақша қарды ортаға алып, шыршаны айналып, ән айтып, би биледі. Сондай-ақ өнерпаздардың дайындаған театрландырылған қойылымдарын тамашалады.

Жаңажылдық шыршада «Ниязбековтер» отбасылық ансамблі, кішкентай өнерпаз Шәмші Самғатұлы, «Ақ желкен» аула клубы, т.б. өнерпаздар өнер көрсетті. Шырша маңына жиналған балалар ойын ойнап, ата-аналарымен бірге көңіл көтерді.

Шара соңында кешке келген барлық балаға қала әкімі Ілияс Испановтың атынан тәттілер мен жаңажылдық сыйлықтар үлестірілді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button