Басты жаңалықтарЭкономика

Бердібек САПАРБАЕВ: 9 айда ауылшаруашылығы саласына 15 миллиард теңгенің инвестициясы салынды

 

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау үшін ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерімен кездесті.

— Соңғы уақытта біз барлық сала өкілдерімен кездесіп жатырмыз. Ондағы мақсатымыз — Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау, онда айтылған мәселелерді қалай іске асырамыз, соны пысықтау. Негізгі мәселе қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталатынын білесіздер.

Жолдауда ауылшаруашылығы саласына да үлкен көңіл бөлінді. Бұл саладағы ең үлкен мәселе — еңбек өнімділігін арттыру. Сол арқылы сыртқа шығатын ауылшаруашылығы өнімдерін көбейткіміз келеді. Елбасы егін, мал шаруашылықтарына айрықша көңіл бөліп, мемлекет тарапынан осы салаларға көптеп көмек көрсетіліп жатыр.

Өздеріңізге белгілі, жыл сайын ауылшаруашылығы саласына қазынадан миллиардтаған қаржы бөлінеді. Берілетін субсидия, жеңілдетілген бағамен техника, барлығы сіздерді  қолдау үшін жасалып отыр. Біз де ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында жыл сайын облыстық бюджеттен 10-15 миллиард теңгені ауылшаруашылығы саласына бөлеміз. Соның нәтижесі болар, жылдан-жылға ауылшаруашылығы өнімдері көбейіп келеді. Оның бір дәлелі — биылғы 9 айда ауылшаруашылығы құрылымдары 157 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Бұл, былтырғымен салыстырғанда, 4 пайызға жоғары. Республикада бұл көрсеткіш — 2 пайыз. Әлі де болса, көбісінің есебі шыққан жоқ. Сондықтан жыл соңында  көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп  ойлаймыз.

Осы 9 айда ауылшаруашылығы саласына 15 миллиард теңгенің инвестициясы салынды. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл екі есе көп. Қазіргі таңда облыста құны 47 миллиард теңге тұратын  81 инвестициялық жоба жүзеге асуда.

Экспорт жөнінде де берілген тапсырма бар. Бүгінде 2 мыңнан астам ауылшаруашылық өнімдерін экспорттадық. Оның ішінде ең негізгісі мал шаруашылығы өнімдері.

Жалпы, майлы дақылдарды есептемегенде, дәнді дақылдарды жинап болдық. Барлық жиналған астық 314 мың тонна. Былтырғыдан бұл көп, — деген Бердібек Машбекұлы кіріспе сөзінен кейін ауылшаруашылығы саласының мамандарының Жолдауға қатысты ой- пікірін тыңдады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев өз сөзінде мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға басымдық беріліп отырғаны игі іс екенін баян етті.

— Қазіргі таңда облысымызда бірлестікке 62 бастауыш ұйым, 2595 кәсіподақ мүшесі кіреді. Жұмыс берушілер мен жұмысшылар тараптар арасындағы әлеуметтік-экономикалық және еңбек кепілдіктері бойынша 2017-2020 жылдарға өзара 62 ұжымдық шарт жасалды.

Облысымыздың аудандарында ауылшаруашылығы өндірісіндегі орта және шағын кәсіпорындар, фермерлер мен шаруа қожалықтары бірігіп, 190 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Ал еңбек қауіпсіздігін қорғау бойынша 37 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Кәсіподақ тарапынан 110 техникалық қауіпсіздік инспекторы бекітілді, — дей келе, жаңа Жолдауда  берілген тапсырмалар көп ұзамай іске асса, сала өкілдерінің жағдайы жақсара түсетінін атап өтті.

Одан соң «АкТеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин, «Парижская коммуна ХХI» ЖШС директоры Гаик Тертерян, «Нұрасыл» шаруа қожалығының басшысы Өмірғали Аманғали, «Рад Агро» ЖШС директоры Мұрат Селенов, т.б. сөз сөйлеп, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауға қатысты көзқарасын білдірді.

Сөз соңында облыс әкімі жылдың аяқталуына әлі екі айдың барын еске салып, жұмысты одан сайын жандандыра түсу керектігін ескертті. Бердібек Сапарбаев суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, 1 қаңтардан бастап жұмысшылардың жалақысын көтеру — басты мәселелер екенін де айтты.

—  Ақтөбе облысы — ауылшаруашылығымен айналысуға қолайлы, жер мен суы жағынан қоры мол облыстардың бірі екенін ұдайы айтамын. Өкінішке қарай, біз өңірдің бұл тұрғыдағы  әлеуетін толықтай пайдалана алмай отырмыз. Осы мәселеге мықтап көңіл бөлетін кез жетті.

Сосын жыл өткен сайын адамдар арасында таза өнімге, соның ішінде жергілікті өнімге сұраныс арта береді. Сондықтан біз ішкі нарықты мейлінше жүз пайызға дейін қамтуға  тырысуымыз қажет. Бізде ол үшін барлық мүмкіндік бар. Неге ақтөбеліктер сырттан әкелінген азық-түлікті тұтынуы керек? Өз-өзімізді қамтыған соң экспортқа да мән беруіміз тиіс. Онсыз тағы болмайды.

Сондай-ақ, дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамыту қажеттігін тағы қайталаймын. Әлгіндей айтқанымдай, бізде ол үшін барлық жағдай бар. Тек еңбек ету керек, — деп сөзін қорытындылады облыс әкімі Бердібек Машбекұлы.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button