Басты жаңалықтар

Коммерциялық нарықтан арзан пайызбен өз үйіңді сатып ал!

Тұрғын үй

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының біріншісі әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге қатысты. Осы бағытта Мемлекет басшысы «7- 20-25» бағдарламасын ұсынған болатын. Жаңа бағдарлама бойынша елімізде тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру үшін арзан ресурстар тетіктеріқарастырылған-ды. Қазақстанның әр тұрғынына баспана алуға мүмкіндік беретін «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тарапынанда бүгінде Елбасы бастамасына сай бірнеше бағдарлама ұсынылып отыр. Соның бірі — «Өз үйім» жеке бағдарламасы.

«Өз үйім» бойынша өз үйін алғысы келетіндер үшін есеп шотта пәтер құнының 20 пайызы болса жеткілікті. Бұрын 30 пайызын жинау қажет болатын, биыл шілде айынан бастап 10 пайызға түсірілді. Аталған банктің Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетованың айтуынша, «Өзүйім»бағдарламасын Тұрғын үй құрылыс жинақбанкі мемлекеттік бағдарламаларға қолдау ретінде іске қосқан болатын. Аталған жоба салымшыларға құрылыс компаниялары ұсынатын жаңа үйлерді коммерциялық нарықтағыдан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

— «Өз үйім» арқылы ақтөбеліктер облыс орталығындағы салынып жатқан жаңа үйлерден пәтерлер ала алады. Бұл бағытта біздің банк филиалы бірнеше құрылыс компаниясымен келісімшарттар жасасты. Олардың ішінде «Нектар», «Ақтөбестройинвест», «Гранд комплекс», «Сконур», «Завод Светотехника-W», «Ақтөбе Сәулет» сынды бірнеше компания бар. Олар Болашақ, Батыс-2, Қонаев көшелерінде құрылыс жүргізіп жатыр. Аталған бағдарлама бойынша үй алу үшін үміткер міндетті түрде біздің банктің салымшысы болуы шарт және оның қорында пәтер құнының 20 пайызына тең қаражаты болуы тиіс. «Өз үйім» бағдарламасы бойынша баспана алу үшін салымшылар арасында конкурс жарияланады. Үміткерлер осы конкурстарға қатысады. Одан сәтті өткендер төлем қабілеттілігін растайды. Осы рәсімдерден өткен азаматтар жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен несие ала алады. Несие 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл жағдайда үміткердің атында тіркелген басқа пәтердің бар-жоғына қатысты ешқандай талап қойылмайды, яғни қанша баспанаңыз болса да, аталған бағдарламаға қатыса аласыз, — дейді ол.

Тағы бір жақсысы — салымшының жинаған қаражатына, оның несие алу мерзіміне байланысты белгілі бір уақыт өткеннен кейін несие ставкасы 7 пайыздан 5 немесе 3,5 пайызға төмендейді. Мысалы, үй құнының бастапқы жиырма пайызын төлеп, «Өз үйім» арқылы баспана алдыңыз делік. Егер несиені 19 жылға рәсімдесеңіз, ол несиені 8 жыл бойы жылдық 7 пайызбен, қалған 11 жыл бойы 5 немесе 3,5, пайызбен төлейсіз. Бұл өте тиімді бағдарлама, яғни 8 жылдан кейін төлейтін несиеңіз сізге ауырлық салмайды, бұрынғы төлеп келе жатқан несиеңізбен салыстырғанда тиын болып қалуы мүмкін.

Жақында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалы өкілдері тілшілерді шаһарда салынып жатқан құрылыс нысандарымен таныстырды. Пресс-тур барысында журналистер «Нектар»,«СК Ақтөбестрой-Инвест», «Гранд комлпекс», «Орынбасаров» ЖК, «Завод Светотехника – W» серіктестіктері секілді бірнеше құрылыс компаниясы салып жатқан нысандарға барды.

«СК Ақтөбестрой-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан Батыс-2 ауданындағы 9-қабатты үй Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына ұсынылып отыр. Аталған құрылыс «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама бойынша құрылыс компаниясы екінші деңгейлі банктерден 14 пайыз жылдық мөлшерлемемен несие алады. Оның жеті пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады, қалғанын кәсіпкер өзі өтейді. Бұл — кәсіпкер үшін үлкен қолдау. Мемлекеттен қолдау көрген кәсіпкер мемлекет азаматтарына қолдау жасайды, яғни өзі тұрғызған үйлердегі баспаналардың 50 пайызын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына қолжетімді бағада береді.

— Егер басқа құрылыс компаниялары нарықта жаңа үйлерді әрлеусіз немесе жартылай әрленген күйі беретін болса, «СК Ақтөбестрой-Инвест» серіктестігі толықтай таза әрлеуде ұсынып отыр. Пәтерлердің бір шаршы метрінің құны — 160 мың теңге. Бұл үйге қатысты конкурс өткізілді, одан өткендер төлем қабілеттілігін растап жатыр. Рәсім толықтай аяқталған кезде баспана кілттері беріледі, — дейді Ж.Ізімбетова.

Аталған компанияның инженері Гүлнар Алданиязованың айтуынша, құрылыс 2016 жылдың аяғында басталған, қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы 256 пәтер бар, оның 128-і тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына беріледі. Оның ішінде  79-ы — 1 бөлмелі, 32-сі — екі және 17-сі — үш бөлмелі пәтерлер.

— Бір бөлмелі пәтерлер — 42-47 шаршы метр, екі бөлмелілер — 60-65 және үш бөлмелілер 83-89 шаршы метрдей болады. Бұған дейін Ақтөбеде бірнеше көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргіздік, бүгінде ол үйлердің барлығы сатылып кетті. Бұл үй құрылысы жоспар бойынша желтоқсанда аяқталуы тиіс, бірақ одан ертерек бітіруге күш салып жатырмыз, — дейді Г.Алданиязова.

Батыс-2 ауданында «Нектар», «Стройинвест» компаниялары салып жатқан үйлердің құрылысын да көрдік. «Стройинвест» «Өз үйім» арқылы салымшыларға 59 пәтер  ұсынып отыр. «Нектар» құрылыс компаниясының пәтерлері де «Өз үйім» бойынша шаршы метрі 160 мың теңгеден сатылады.  «Гранд комплекс» ЖШС-ның Болашақ ауданындағы Бөкенбай батыр көшесі, 133Н мекенжайы бойынша салып жатқан тұрғын үй құрылысынан пәтер аламын деушілер таза әрлеудегі баспаналардың шаршы метрі үшін 135 мың теңге жұмсайды. Дәл осы жердегі «Орынбасаров» ЖК салып жатқан үйдегі пәтерлер де дайын күйінде шаршы метрі 130 мың теңгеге сатылады. «Сконур» және «Завод Светотехника-W»серіктестерінің Батыс-2 ауданында салып жатқан үйлердің шаршы метрі сәйкесінше 160 мың және 150 мың теңгеден, бірі жартылай әрлеуде, екіншісі таза әрлеуде беріледі.

Айта кету керек, бұл үйлер әзірге «Өз үйім» бағдарламасы бойынша банк салымшылары арасында өткізілген конкурстар аясында беріледі. Алайда «конкурсқа қатыса алмай қалдым, енді бұл бағдарлама бойынша баспаналы болу мүмкіндігі менде жоқ» деп қапалануға болмайды. Себебі конкурстан тыс та бұл пәтерлерге қол жеткізе аласыз.

— Конкурстан өткен салымшылар өздеріне тиесілі баспаналарын алғаннан кейін  біздің салымшылар конкурстан тыс аталған құрылыс компаниялары салған үйлерден дәл осындай жеңілдетілген шарттармен баспаналы бола алады.

Құрылыс салушылар тізімін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі филиалынан келіп білулеріңізге болады. Қандай да бір нысан көңілден шығып жатса, пәтер таңдап, төлем қабілеттілігін растап, құрылыс салушымен келісімшарт бекітіп, тұрғын үй сатып алу үшін несие өтінішін беру қажет, — дейді Жанар Ізімбетова.

1-10 ҚАЗАН:

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕГІ АЗАМАТТАРДАН ӨТІНІШТЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ

Ақтөбеде үй кезегінде тұрған азаматтардан «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының тұрғын үйі бағыты бойынша өтініштер қабылданады. Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, азаматтар өтініштерін 1-10 қазан аралығында беріп үлгеруі тиіс.

Өтініштерді egov.kz сайтына кіріп, электронды қолтаңба арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, беруге болады. Электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беру кезінде «Жылжымайтын мүлік» бөлігіндегі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй алу үшін I және III топтағы азаматтардан өтініштер мен құжаттарды қабылдау» қызметін таңдау қажет.

Тұрғын үйлер сатып алу құқығымен 20 жылға жалға беріледі. Үміткерлер баспананы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымының «Нұр Ақтөбе» ауданында салған тоғыз қабатты үйінен алады. Бір бөлмелі — 170, екі бөлмелі 113 пәтер бар. Бір бөлмелі пәтерлер аумағы — 36,60-42,36 шаршы метр, ал екі бөлмелі пәтерлер аумағы —  51,11-53,3 шаршы метр, — дейді Ж.Дүйсекенова.

Бұл тұрғын үйдің құрылысын «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы өзі жүргізгендіктен, жалдау құны әлдеқайда арзан: бір шаршы метрі үшін 860 теңге. Яғни, бір бөлмелі пәтер алсаңыз, жалдау құны айына шамамен 30 мыңдай, екі бөлмелі пәтер алғыңыз келсе, 40 мыңдай болады. Пәтерлер ешқандай бастапқы жинақсыз беріледі.

Бағдарламаға жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырғанотбасылар, жетім балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік, сайланбалы қызмет атқаратын адамдар қатыса алады.

— Өтініш берген кезде ұялы телефондарыңызды, электронды пошта секілді кері байланыс құралдарын дұрыс, қатесіз жазуларыңыз сұралады. Электронды үкімет арқылы өтініш берген кезде тармақтардағы сұрақтарға жауап беру қажет құжаттарды алдын ала сканерлеп, бекіту қажет. Сондай-ақ 2008 жылға дейін берілген балалардың туу туралы куәліктері, неке қию, неке бұзу, №4 нысандағы анықтама, әке деп тану туралы құжаттар міндетті түрде сканерленіп, бекітілуі қажет, — дейді Ж.Дүйсекенова.

Кезекте тұрған азаматтардың жалақысы жалдамалы пәтер алуға жетпеген жағдайда қосалқы кепілгер тартуына болады. Бұл жағдайда талап етілген құжаттар түгелдей тапсырылуы керек.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button