Басты жаңалықтарМәдениет

«Mega Stars» — кішкентай жұлдыздар шеберханасы

«2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша  білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиардтеңгеге жеткізуді тапсырамын».

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінен. 

«Mega Stars» халықтық сән және би ансамблі облысымыздағы кішкентай балапандарды би, сән өнеріне үйретіп келе жатқан таңдаулы ұжымдардың бірі. Мұнда балалар бес жасынан бастап қабылданады. Аталған ұжымның басшысы биші Мәдина Мұратованың айтуынша, ашылғанына сегіз жыл болған би мектебінде бүгін 300-ден астам бала оқып жатыр.

… Мәдина биші болуды бала кезден армандағанын айтады. 5 жасында облыстық Оқушылар сарайына әкесі жетектеп апарған сәт те есінде. «Ол кезде «Искорки» халықтық би ансамблін Полина Озерная басқаратын еді. Бес жастан бастап 11 жыл бойы сол кісінің жанында болдым, бидің қыр-сырын үйрендім», — дейді Мәдина.

1996 жылы Президент шыршасы Ақтөбеде бірінші рет өткізілгенде Президентті биге шақыру қуанышы кішкентай Мәдинаға бұйырған. Жарты жыл бойы сол шыршаға дайындалған Мәдина маңызды күні қатты ауырып қалады. Бірақ қалайда сол шараға қатысуға, өзіне артылған жауапкершілікті істі атқаруға тырысқан кішкентай қыз дәрі ішіп алып, Президент шыршасына келеді.

— Әлі есімде, түнімен қызуым көтеріліп ауырдым. Бірақ Президент шыршасына қатысқым келді. Анам дәрі беріп, шыршаға жіберді. Жарты жыл дайындықтың текке кеткенін қаламадым. Бір қызығы, сценарий бойынша Елбасыны балалардың ішінен біреуі биге шақыру керек болды. Бұл жауапкершілік маған жүктелді. 29 желтоқсан күні шырша өтті. Дайындық бойынша Елбасыны биге шақырдым. Егер Президент қарсылық білдірсе, жоспар бойынша реверанс беріп, рақмет айтып, әдемі кетуім керек болатын. Бірақ, қуанышыма орай, Елбасы менімен биге шықты. Президентпен билеу кішкентай бала үшін үлкен қуаныш қой, сол сәт менің есімде қалып қойды. Елбасы менен өскенде кім болатынымды сұрады. Білмеймін неге екенін, ойланбастан: «Балаларды биге үйреткім келеді» дедім. Сол арманым бүгінде орындалды, — дейді Мәдина.

Мектеп бітірген соң бишіліктің оқуына түсуге тырысқан Мәдинаға ата-анасы рұқсат бермеді. Қыз бала үшін ауыр жол десті. Мәдина ата-анасының нұсқауымен қаржыгер мамандығы бойынша оқуға түсіп, соны тәмамдайды, тіпті осы салада  бір-екі жылдай қызмет еткенін айтады.

— Бухгалтер болып жұмыс істеп жүрген кездері де ұжымда үнемі мерекелік кештерді мен ұйымдастыратын едім. Жұмысым жақсы жүріп жатса да, маған бірдеңе жетіспеді. Осылайша жұмысымды тастап, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Бұл жолы менің бала кездегі арманымды орындауға ешкім кедергі болған жоқ. Жолдасым да қолдады. Оқуымды бітіріп, армандаған мамандығымды, хореография мұғалімі дипломын алдым. Ол уақытта 11-шағын ауданда тұрып жатқан едік. Үйдің терезесінен сол кезде құрылысы жүріп жатқан «Мега Ақтөбе» ойын-сауық орталығы көрініп тұратын. Мен болашақ би мектебімнің дәл осы орталықта ашылатынын түсіндім. Себебі Ақтөбеде балаларға арналған мұндай басқа ғимарат болған жоқ, — дейді Мәдина.

«Мега Ақтөбе» орталығы салынып біткен кезде Мәдина ештеңеге қарамастан, орталық басшылығының алдынан бір-ақ шығады. «Солай да солай, балалардың би мектебі үшін кеңсе қажет», — деді. Сол уақытта мектепке келейін деп тұрған дайын оқушы жоқ, би мектебі үшін бөлмелерді жалға алу құны қымбат, яғни Мәдинаның бұл ісі ақымақтық секілді еді. Таныстары, туыстары да осылай деді.

— Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Алдымнан талай есік тарс етіп жабылды. Дегенмен, орталықтан кабинет жалға алып, хабарлама бердім. 2010 жылы 1 маусым күні мектебімізді салтанатты түрде аштық. Ол кезде тек төрт бала ғана болды. Себебі ол кезде мені де, мектебімді де ешкім білмеді. Бірінші жылы қатты қиналдым. Жолдасым, ата-анам көмектесті. Бір жылдан кейін жұмысым бір арнаға түсіп, балалар көбейе бастады. Мектебіміз «Мега Ақтөбеде» орналасқандықтан, әрі мега жұлдыздар көбейсін деген ниетпен «Mega Stars» деп қойдық. Бір жыл ішінде мектепке 50 бала келді. Сахналарға шығып, костюмдер тіге бастадық. Алғашқы төрт жыл бойы түскен пайданың барлығын «Mega Stars» мектебінің етек-жеңін жинау үшін жұмсадым, бүгінде репертуарда 50 би болса, сол 50 бидің әрқайсысына костюмдер тігілді. Қазір 300 бала оқып жатыр, — дейді Мәдина.

2011 жылы би мектебінің оқушылары бірінші жеңісін алып келді: Алматыда өткен республикалық «Күншуақ» байқауына барған жиырма бала жүлделі үшінші орынға ие болды… Ал құрылғанына  үш жыл толғанда би ұжымы «халықтық ән-би ансамблі» атауын алды. Астанадан арнайы комиссия келді, мектеп құжаттары, би ұйымының алған жетістіктері тексерілді, қорытынды концерт берілді.

Бүгінде «Mega Stars» халықтық ән-би ансамблінің өз ғимараты бар.

— Өткен жылы қыркүйек айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, мектебімізге ғимарат сатып алдық. Бүгінде елімізде кәсіпкерлікпен айналысу үшін барлық жағдай жасалып отыр, шарттары тиімді бағдарламалар көп. Көбіміз бұл бағдарламаларға мән бермейміз, мен де сегіз жыл бойы мектебіміз үшін жалға алынған орынға ақша төлеп келдім. Ал шын мәнінде осы уақыт аралығында мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, өз ғимаратыма қаржы салғаным дұрыс болар еді. Дегенмен, ештен кеш жақсы. «Даму» қорына барғанымда мемлекеттің қолдауы туралы толық ақпарат алып, құжаттарымды әзірледім. Қор қызметкерлері несие алғанша бір ай бойы құжаттарымды әзірлеуге көмектесті, — дейді Мәдина.

Мәдинаның жобасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша өңірлік комиссияда қолдау тапты. Центр кредит банкінен несие алып, 11-шағын ауданнан би мектебі үшін арнайы ғимарат сатып алынды. Жоба қайтарымы — 14 пайыз. Оның 7 пайызын кәсіпкер өзі төлесе, қалған 7 пайызын мемлекет өз мойнына алады.

— Алда жоспар көп. Жер алып, би мектебі үшін арнайы ғимарат құрылысын жүргізуді көздеп отырмыз. Міндетті түрде «Даму» арқылы, қаржы институттары арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тырысамыз, — дейді кәсіпкер.

  • Кәсіпкерден бір кеңес:

Егер адам таңертең жұмысқа барғысы келмесе, тек ақша үшін ғана жұмыс істеп жүрсе, ол адам бақытсыз. Егер сіз де сөйтсеңіз, тәуекел етіп, өзгеріс жасауға тырысыңыз. Өз ісіңізді бастауға ешқашан кеш қалдым деп есептеуге болмайды. Адам алпыс, жетпіс жасында да кәсіп бастай алады. Тек ниет болса, болғаны. Ештеңеден қорықпау керек, алдыңыздан он есік жабылса, бір есік міндетті түрде ашылады.

Қазір кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан қолдау көп. Қорықсаңыз, «Даму» қоры арқылы, қаржы институттары арқылы кеңес ала аласыз. Ешкім сізден кеңес бергені үшін ақша сұрамайды. Өз кәсібін бастағысы келетін адам үшін бұл үлкен көмек. Мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттарды зерттеп, оларға енгізілген өзгерістерді бақылап отыру керек. Солардың арасынан өзіңізге ыңғайлы бағдарламаны міндетті түрде табуға болады.

 

 

Биыл мектептің ашылғанына 8 жыл толды. Жас бишілер өз талантымен әлем елдерін аралап шықты. Мектепте тұрмыс жағдайы нашар, мүгедек балалар, көпбалалы отбасының балалары тегін оқиды. Республикалық, шетелдік байқауларға барғанда жағдайы жоқ балаларға мектеп тарапынан демеушілік көмек көрсетіледі. Мектепке қабылдануға құштар балалар саны өте көп:

— Жыл сайын 1 тамыз күні тек бір рет қана кастинг жариялаймыз. Өткен жылы 273 оқушының арасынан 30 адам ғана қабылданды. Бимен айналысқысы келетін бала көп, бірақ кәсіби деңгейі жоғары оқытушы аз, сондықтан көп бала қабылдай алмаймыз. Мен жұмысымның нәтижелі болғанын қалаймын. Өткен жылы екі оқушым Астанадағы Өнер академиясына грант арқылы оқуға түсті, бүгінде оқу орнында 1000 студенттің ішінде үздік ондыққа еніпті. Биыл 10 оқушы білімін әрі қарай жалғағысы келіп отыр. Болашақта өз оқушыларым оқу бітіріп, біздің мектепке келеді деген үмітім бар. Себебі, бізге кәсіби хореографтар ауадай қажет, — дейді кәсіпкер.

Бүгінде «Mega Stars» халықтық ән-би ансамблінің оқушылары тек бимен ғана емес, сән өнерімен, вокалмен, бейнелеу өнерімен, дизайнмен де айналысады.

«Mega Stars» халықтық ән-би ансамблінің оқушылары 12-14 сәуірде Алматыда өткен халықаралық би байқауына барып келді. Ақтөбеден барған 150 бала үлкен жеңіспен оралды: үш номинация бойынша үш бірінші орын, төрт екінші орын және екі үшінші орынды қанжығасына байлады!..

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button