«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Орал тауының оңтүстік етегіне сапар

Шілде айының ортасында «Ақтөбе»  және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері көршілес Қызылорда облысында болып, онда өздерінің әріптестерімен, осы өңірде тұратын жерлестерімен кездесіп, оңтүстіктегі достарының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді. Бұл сапар  облыстық екі газетті біріктіретін «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС ұйымдастырған «Ақтөбе — құтты мекен» медиаэкспедициясының арқасында мүмкін болған-ды.

Өткен аптада бағалы бастама жалғасын тапты. Бұл жолы журналистер Жайық пен Ор өзендерінің құйылысында орналасқан Орск қаласына барды. Бұл шаһарды қазақтар Жаманқала деп атаған, тарихта да, халық жадында да солай қалған. Орыс әріптестерімен кездескен журналистер орскіліктердің  қалай тұрып жатқандарына  көз жеткізді, оларға Ақтөбенің жетістіктері туралы әңгімеледі, Орскінің  көрікті жерлерімен танысты және осы өлкенің тарихы туралы көп деректерге қанықты.

Әріптестермен болған әсерлі сәттер

Кей жерлері ойқы-шойқы болғанымен Ресейдің көршілес Орск қаласына дейінгі жол төрт сағат уақыт алады. Алайда, таяу уақытта бұл жолға кететін уақыт 1,5 сағатқа дейін қысқарады деп күтілуде. Себебі, Ақтөбеден шекараға дейінгі жолды қалпына келтіру қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығынан 40 шақырым қашықтықтағы Шәмші Қалдыаяқов ауылына дейін теп-тегіс қатты жамылғылы  жол  салынған, таспадай тартылып жатыр. Үш жарым сағаттан кейін ешқандай қиындықсыз  шекарадан сәтті өткен біздің медиаэкспедиция діттеген жеріне  жетті.

— Қош келдіңіздер, біз сіздерді біраз күттік, — деп  қалалық «Орская хроника» газетінің табалдырығынан күле қарсы алған оның бас редакторы, Орынбор облыстық заң шығарушы жиналысының депутаты Леонид Иванович Захаров өз бөлмесіне бастай жөнелді. Даланың қонақжайлық қасиетін жадында тоқыған ол бірінші кезекте бізге қою шай мен ішіне ірімшік салып пісірілген тәтті бөлке ұсынды.

— Біздің өлкенің тарихы туралы өлкетану музейінде  тереңірек әңгімелейтін болады, жолдан келдіңіздер, әзірге  шөл басып, әл жинап алыңыздар, оған сәл кейінірек бараcыздар, Ал, енді біздің редакцияның және журналистеріміздің жұмысымен таныстыруға рұқсат етіңіздер, біз әріптестерімізден ештеңе жасырмаймыз, — деді бас редактор.

Бұдан кейін ақтөбелік медиаэкспедицияның басшысы ретінде «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директорыныңі орынбасары Руслан Дарбаев ресейлік әріптестерімізге өзімізбен бірге ала келген сый-сыяпаттарымыз бен кәдесыйларымызды тапсырды,  Ақтөбе қаласы және осындағы  БАҚ-тардың жұмысы жайлы егжей-тегжейлі әңгіме қозғады.

Леонид Иванович өз кезегінде өзі басқаратын газеттің өмірге келуі және қалыптасуына тоқталып, қонақтармен пікір алысты. Редактор газет ұжымы әр кезеңдерде  оң шеше білген өзекті мәселелерді де айналып өтпеді.

Леонид Захаровтың айтуынша, Орскіде газеттің пайда болуы 1917 жылы желтоқсанда жаңа өкіметтің келуімен тұспа-тұс келеді. Алғаш рет газет 1918 жылы  «Известия Орского Совета рабочих, крестьянских и казачих депутатов» деген атаумен жарық көрген. Басылымның 100 жылға жуық тарихында газет өзінің атауын әлденеше рет өзгерткен, соңғы рет 1991 жылы «Орский рабочий» деген кезекті атауын осы заманғы түсінікке анағұрлым жақындау «Орская хроника» деп өзгертуге шешім қабылданған.

— Газет атауы әлденеше өзгерді, алайда, барлық уақытта оқырмандармен  тұрақты байланыс үзілген жоқ. Қала өміріндегі бірде-бір маңызды оқиға біздің газеттің бетінде жарияланбай қалған емес,  елімізде өкімет, қоғамдық құрылыс өзгерген өтпелі кезеңге байланысты басылымда проблемалар да болды. Алайда, газет ұжымы қиындықтарға қарсы тұра білді және басылым шығуын қазір де заман ағымына сай лайықты жалғастыруда, — деді Леонид Иванович әңгіме арасында.

Ақтөбелік және ресейлік журналистердің әңгімесі түске дейін созылды. Біз орскілік әріптестеріміздің жұмысы туралы көптеген қызықты жәйттерге қанықтық, қазақстандық журналистердің кәсіби ерекшеліктері жайлы әңгіме өрбіттік. Содан кейін қонақжай әріптестеріміз үй иесі ретінде бізді түскі ас ішуге мейрамханаға шақырды, түстен кейін қаланың барлық көрікті жерлерімен және өлке тарихымен тереңірек танысу үшін музейге апаруға уәде беруді де ұмытпады.

Екі өзеннің құйылысындағы қала

Бұл өлкенің және қаланың өзінің  тарихы туралы айтқанда, қазақтардың Орск қаласын әлі күнге Жаманқала деп атайтынын,  бұл өңірдің Ресейге қарағанымен осы кезге дейін Кіші жүз қазақтарының жері деп  есептептелетінін еске алу керек.

Бұл туралы медиаэкспедиция мүшелеріне ақтөбелік журналистерді жылы жүзбен қарсы алған Орск өлкетану музейінің әдіскері Анастасия Симонова әңгімеледі. Ол «Біздің өлкеге қош келдіңіздер», — дей келіп, музей жәдігерлерімен танысуға бастады.

Жайық (Урал) пен Ор өзендерінің құйылысында бірінші Орынбор бекінісі  (кейіннен Орск аталған) құрылысын салуға, Ресей  тарихшыларының пайымдауынша, 1731 жылы Кіші жүз қазақтарының Ресей бодандығын қабылдауы негіз болған, ресейлік шенеуніктер  Кіші жүз ханы Әбілқайырды Ресей империясының жаңа бодандарын қорғау үшін осы шекаралас аумақта күшті бекініс-қала салу қажеттігіне сендірген сыңайлы. 1735 жылы Ор жаққа үлкен экспедияция шығады. 2,5 мыңға жуық жаяу әскер, драгун, казактар күшті жаяу және атты шолғыншыларымен әскери қауіпсіздікті сақтай отырып, ілгері жүріп отырған. Жүздеген арбадан құралған керуен провиант, құрылыс материалдарын, қару мен  оқ-дәрі, әскери және шіркеу мүліктерін алып келе жатты.1735 жылы олар экспедиция мүшелері символикалық атау берген Преображенский деген биік төбеге келіп жеткен. Бірнеше күнннен кейін зеңбіректен  оқ ату салтанатымен төбенің батыс бетінен бірінші Орынбор бекінісінің алғашқы қадасы қағылады, кейін осы жерде Орск қаласы қанат жайды.

1916 жылы Орск қаласында 16 оқу орны, Орск бекінісінде ескі және жаңа — екі госпиталь болды, қоғамдық кітапхана, «Русь» кинотеатры, сурет павильондары, қоғамдық банк және басқалары жұмыс істеді. Өлкенің ресми тарихынан белгілі болғанындай, бұл жер адамдар қоныстанбаған құла дүз еді делінеді, бұл шындықпен жанаспайды, әрине. Бұл жер қашаннан Кіші жүз руларына қараған және жүздеген жылдар бойы олардың қонысы және жайлауы болған. Бұл өңір қалайша Ресей империясының меншігіне айналды, бұл — бөлек тарих.  Бұл аймақты игеру және елді мекендер салу басталғанда жергілікті тұрғындармен байланыс  бола қоймаған сыңайлы.

Қала 1917 жылғы революциямен, Ұлы Отан соғысымен, Адамов және Дамбар аудандарына мыңдаған тыңгерлер келген тың игерумен байланысты талай өткелектерді бастан кешті. Шаһардың Кеңес мемлекетінің ыдырау кезеңінде, тоқырау белең алған тоқсаныншы жылдары талай ауыртпалықтарды бастан өткеруіне тура келді. Қазір Орск — Ресейдің Орынбор облысына қарайтын 12 қаласының бірі.

Уақыт пен халықтар байланысы

Өзара  қатар өмір сүріп келе жатқан жылдарда орыс пен қазақ арасында жылы да достық қатынас  қалыптасқан деуге әбден болады. Қазақтар қала мен облыстың қоғамдық өміріне бұған дейін де белсенді қатысып келді және қазір де  қатысуда. Диаспораның көптеген өкілдері тек Орскінің өмірінде маңызды рөл атқарып қана отырған жоқ, Орынбор облысында тұратын 115-тен астам ұлттың мүддесін заң шығару жиналысында қорғауда да белсенділік танытуда.

Қазіргі уақытта Орынбор облысындағы қазақтардың саны 2010 жылғы халық санағы деректері бойынша 120 мыңнан асады және соның 15 мыңнан астамы Орск қаласында және оның айналасындағы ауылдарда тұрады. Бұл жайлы біздің журналистер тобын қарсы алған Орскінің тұрғыны және қазақ диаспорасының мүшесі Ермек Ауқұлов хабардар етті.

— Бұл – Ресейдің ғана емес, менің ата-бабамның да жері. Орскіде біздің әулеттің маған дейінгі үш ұрпағы тұрған, — деп бастады өзі және қала жайлы әңгімесін Ермек Қонақбайұлы. — Мұнда менің бабам, атам және әкем туған. Менің әкем — Орск мұнаралы мешітінің приходтық жиналысының төрағасы. Өзім Кеңес Армиясы қатарындағы міндетті әскери борышымды өтегеннен кейін 20 жыл барлау органдарында қызмет еттім, полковник дәрежесінде отставкаға шықтым.

Ермек Ауқұлов 2010 жылы Орск қалалық кеңесінің депутаты болып сайланған, қазір Орынбор  облыстық заң  шығарушы жиналысының депутаты. Оның айтуынша, Орскіде «Әлем» қазақ ұлттық орталығы, «Шашу» би ансамблі белсенді жұмыс істейді. Көптеген қазақтар өз міндеттеріне  деген адалдығымен Орскіде ғана емес, Орынбор облысынан тысқары жерлерде де белгілі. Ақтөбе облысынан келген делегация орталықта өте жиі болады, мұнда олар қашанда қадірлі қонақтар. Жақында ғана 1837 жылы Орынбор губерниясының Орск жерінде туған қазақтың белгілі қайраткері Дербісәлі Беркімбаев ескерткішінің ашылуына қатысқан Ақтөбе облысының делегациясы Орскіде болды.  Осы қазақ қайраткері туралы біздің газеттер жан-жақты жазды. Ол Орск тұрғыны бола жүріп және Ақтөбе уезінің бастығының көмекшісі қызметін атқара жүріп Орск үшін де, Ақтөбе жері үшін де көп іс тындырды.

Үй жағдайында тамаша білім алған Дербісәлі Беркімбаев 20 жасында округтік ауылдардың судья-биі болады. Үш жылдан кейін Орта орданың 15-дистанциясының бастығы лауазымына тағайындалады.1893 жылға дейін  Ақтөбе уезі бастығының көмекшісі қызметін атқарады, ал, кейін өмірінің соңына дейін Торғай облысы губернаторының айрықша тапсырмалар бойынша  штаттан  тыс жоғары шенеунігі болып қызмет істейді. Ол көптеген марапатқа ие болды, соның біреуін өз ақшасына Ақтөбе шіркеу-приход мектебі орналасатын үй сатып алып бергені үшін алады. Ол революционер болған жоқ. Алайда, А.Беркімбаев қазір айтып жүргендей, дала дамуының эволюциялық жолын жақтаушы болды. Режимнің колониялық мәнін жете түсіне отыра, ол жергілікті тұрғындар мен биліктің арасындағы дау-дамайды, жанжалды халықты қан төгіске ұрындырмай, дипломатиялық жолмен шешуге тырысты.

Көріп отырғанымыздай, Дербісәлі Беркімбаев бұл бағытта көрегендік танытты деуге болады. Біздің Президент Н.Назарбаев дамудың революциялық емес, нақты эволюциялық жолы туралы тұрақты айтып келеді.

2006 жылғы қазан айында Орынбор даласында жергілікті биліктің жоғары шенді өкілдерінің және Қазақстанның жоғары дәрежелі қонақтарының қатысуымен Дербісәлі Беркімбаевқа кесене ашылды. Бұл күн Ресей аймағының көп ұлтты халқының бірлігінің, сондай-ақ, Ресей  мен Қазақстан достығының мерейлі мерекесі болды.

Осы достықтың қасиетті құндылығын тану — тарихтың басты сабағы, бәлкім. Соның ішінде Ресей қазақтарының бірі, ешқашан өзінің қазақ екенін ұмытпаған Дербісәлі Беркімбаев ұрпаққа  ұлағаттаған тарих сабағы осындай ойға жетелейді. Орск жері осында тұратын қазақтардың барлығының  Отаны болып табылады және олар басқаша ойламайды да. Сонымен бірге олар Қазақстанның тыныс-тіршілігіне мейлінше қызығушылық танытады және оны өздерінің тарихи Отаны деп есептейді ал, өздерін оның бөлінбес бөлшегі санайды.

Санат РАШ.

 Суретті түсірген автор.

Ақтөбе-Орск-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button