Басты жаңалықтар

Димаштың концерті көрерменді дүр сілкіндірді

 «Астана арена» стадионында жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің «Бастау» атты концерті өтті. Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің Ақтөбе күндері аясында ұйымдастырылған кеш 4 сағатқа созылды.

Қытайда өткен «Мен әншімін» байқауының жүлдегері Димашты қолдауға қытайлық Терри Лин, «Евровидение-2012» байқауының жеңімпазы Лорин, ресейлік Кристина Орбакайте, қазақстандық Майра Мұхамедқызы сынды әншілерден бөлек, «Алау», «Кешью», «Бастау», т.б. топтар келді. Шетелдік қонақтардың өнер көрсетуі, шоу-бағдарлама, бәрін қосқанда 4 сағатқа жалғасқан кештің шымылдығын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, өзінің лебізін білдірді:

— Біз бүгін Димаштың өнердегі алғашқы қадамы — жеке концертіне жиналып отырмыз. Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өткізіліп отыр. Осы шара арқылы шетелдік қонақтар біздің мәдениетпен, қазақтың руханиятымен аз да болса танысады ғой деп ойлаймыз.

Біржан сал, Ақан сері, Әміре Қашаубаев, Әлібек Дінішевтердің өнерін жалғаған Димаш еліміздің мерейін асыруға  өз үлесін қосып жатыр. Жас талант Димаштың бұдан да биік белестерді бағындыруына тілекші екенімізді білдіргіміз келеді. Рухы биік, дәстүрі берік Мәңгілік Ел жасасын! Концертке қош келдіңіздер! — деді.

Өнердегі әріптестерінен соң сахнаға концерттің басты кейіпкері — Димаш шыққанда, оған көрсетілген құрмет-қошемет ерекше болды. Жарқ-жұрқ еткен түрлі түсті шамдар, бишілер тобымен ортада жарқырай көрінген ол қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тілдеріндегі туындыларды кезек-кезек орындады. Бес бөлімнен тұрған шығармашылық кеш барысында дуэтке де кезек берілді, күй де күмбірледі. Жүз пайыз жанды дауыста өткен концертте, әрине, мемлекеттік тілдегі әндерге басымдық берілді. Концертте «Бұл (концертті айтады — А.С.) менің көптен бергі арманым ғой» деген Димашқа келген көрермендердің қатарында қытай, орыс, француз жастары да бар.  Олар кеш бойы ақ тілегі жазылған  парақшаларды жоғары көтеріп, жас талапқа өздерінің риясыз көңілін білдірумен болды.

Осы орайда 35 мың адамға шақталған залдың лық толғанын, көрермендер үшін Димаш шырқайтын әндердің мәтіні жазылған алып экранның орнатылғанын айта кеткеніміз ләзім. Жастар жағы стадиондағы ыстыққа қарамай, концерттің соңына дейін тарқамай, артынша қолтаңба алуға асықты.

Айта кетейік, әншінің продюсері әрі әкесі Қанат Айтбаевтың бізге айтуынша, концертте Димашпен бірге өнер көрсеткен шығармашылық топтың өзі 200 адамға жуықтаған. Ал осынау шараның дайындық жұмыстарына 2,5 ай кеткен. Сондай-ақ, жерлес әншіміздің алдағы жоспары туралы сұрағанымызда, қазіргі таңда америкалық және франциялық композиторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, болашақта оның шетелдік авторлармен жұмыс істеуі бек мүмкін екенін білдік.

Бұрын-соңды қазақта дәл Димаш сияқты 35 мың көрермен жинаған,  әрі концертіне алыс, жақын шетелдерден арнайы тыңдарманы іздеп келген әнші қазақта болған емес. Демек Димаш қазақтың ән өнеріндегі жаңа кезеңді бастады.

Жалғасты болғай!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Астана қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button