Басты жаңалықтар

Маусым: мыңнан бір мезет

«Туған ай тураған етпен тең» дегендей, 2017-нің маусымы да тарих қойнауына біржола аттанып барады. Біз артқа қайырылып, маусымның маңызды оқиғаларына тағы бір көз салдық:

Баланың тәтті күлкісі…

Дүниеде бала күлкісінен төгілетін шуаққа тең келер ештеңе жоқ. Баласы бар үйдің, баласы бақытты үйдің әр күні — жаз. Жылдың ең шуақты маусымы — жаздың алғашқы күнін бүкіл әлем Балаларды қорғау күні ретінде мерекелейді. 1950 жылдан бері осылай…

Биыл Ақтөбеде мейрамға орай алғаш рет балалардың шеруі өтті: ол облыс әкімдігі ғимаратынан басталып, Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға дейін жалғасты. Бұл шаттыққа, өте әдемі, әсерлі көріністерге толы мереке болды. Балаларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады. Сабағын үздік оқып, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен жарыстарда топ жарған 20 балаға Ресейдің көршілес Орынбор аймағындағы «Күншуақ елі» оқу-сауықтыру орталығына жолдама берілді. Шеруге 2200 бала қатысты. Мерекеге орайластырылған шаралар облыс орталығындағы, аудандардағы саябақтарда, демалыс орындарында, мекемелер мен ұйымдарда да өтті.

Жаз балалар үшін — демалыс маусымы. Биыл облыс бойынша 112 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылмақ. Жазда өңірімізде 11 қала сыртындағы лагерь, 383 мектеп жанындағы және 33 шатырлы лагерь жұмыс істейді. 100 бала Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарына және Орынборға демалуға барады. Ақтөбелік балалар ата-аналарымен және түрлі жолдамалар арқылы Астанадағы «ЭКСПО—2017» көрмесін тамашалауға да ағылып жатыр.

Бала күлкісі — бақыттың басты өлшемі. Ертеңгі күні бүгінгі әр баланың балалық шақ туралы естеліктері алаңсыз сәттер мен тәтті күлкілерден ғана құралғай!

Рәміздер — елдік нышаны

Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 25 жыл толды. Бұл мерейтойды бүкіл елмен бірге, Ақтөбе өңірі де кеңінен атап өтті. 4 маусым, яғни Мемлекеттік рәміздер күні облыс әкімдігі ғимараты алаңында авто-вело-мото шерушілер мен атты әскерлер тобы қолдарына мемлекеттік нышан — көк Туды алып, сап түзеп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағындағы Тутұғырға дейін барды. Осы жерде алдымен Әнұран шырқалып, сосын жас мемлекеттік қызметшілердің Ант қабылдау салтанаты өтті. Шараға облыс басшылары қатысты. Сондай-ақ, көпшілікке «Мемлекеттік рәміздер — ел мерейі» атты концерт ұсынылды.

Осы күні облыс орталығы мен аудандарда мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатында басқа да ауқымды шаралар — салтанатты жиындар, концерттер, спорттық жарыстар, флешмобтар, кездесулер, көрмелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Рәміздерге деген құрмет — елге, жерге, Отанға деген құрметтің белгісі. Сондықтан рәміздерді насихаттау, жас ұрпақ санасына оларға деген құрмет сезімін сіңіру мақсатындағы шаралар жалғаса береді.

Құрбандарды еске алды

2016 жылғы 5 маусымдағы Ақтөбедегі лаңкестік шабуыл салдарынан 7 адам қаза тапты, олардың үшеуі — әскери қызметкерлер еді: майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы сарбаз Досбол Сапар.

Биылғы 6 маусымда Ақтөбедегі №6655 бөлімде сол ерлікпен қаза тапқан әскери қызметкерлерді еске алуға арналған митинг өтті. Бұл жиынға қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары, жақындары келіп қатысты. Досбол Сапардың анасы  Жұлдыз Құдабаева Оңтүстік Қазақстаннан келді. Жиында ол:

— Ұлым Досбол Отанын, өз халқының бейбіт өмірін қорғап жүріп жан тапсырды. Оның ерлігі — біз үшін мақтаныш. Бірақ баламның жастай кеткеніне, оны ешқашан көре алмайтыныма өкінемін. Мектеп мұрағатынан Досболдың 4-сыныпта жүріп жазған шығармасын тауып алған едік. Сонда әскерге барып, әскери адам болғысы келетінін жазыпты, — деп естелік айтты. Бұл сөздерді ана көз жасын тыя алмай тұрып айтты. Бұл сөздерімен талай жанды жылатты….

…Жүректерге өшпес жара салған 5 маусымның қасіреті ешқашан қайталанбаса екен…

Аудандар күндері өтті

Маусымның 10-ында, «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында, Ақтөбе қаласындағы аудандар күндерінің биылғы маусымы басталды. Оның шымылдығын ашу былтырғы маусым қорытындысы бойынша көш бастаған Темір ауданына бұйырды. Аудан күндері Сәңкібай батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұл рәсім Сәңкібай батыр есімін иеленген даңғылдағы мерекелік шараларға ұласты. Даңғыл бойында орналасқан мекеме-кәсіпорындар мерекеге барынша атсалысты: «Дару» емханасы» медициналық орталығы Темір ауданынан 5 ересек адам мен 5 балаға осы орталықта емделуге жолдама берді; «Анвар», «Дина» сауда желілері азық-түлік қоржындарын таратты, т.б. Аудан күндері аясында «100 нақты есім» көрмесі, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, басқа да бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Темір ауданының күндері «Темір әуендері» атты  концертпен аяқталды.

Ал 17-18 маусымда Ақтөбеде Қарғалы ауданының күндері өтті. Алдымен 101-атқыштар бригадасы көшесіндегі данышпан Мөңке би ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, негізгі шаралар осы көше бойында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Бір шаңырақ астында» көрмесі, спорттық жарыстар, «Туған жерім — нұрлы елім» атты концерт өтті.  Аудандар күндері аясындағы ерекше атап өтетін жайт, биылғы су тасқыны кезінде зардап шеккендерге жәрдем көрсетілуі: Қарғалы ауданы Нұрсұлтан Тоғызбаевқа пәтер кілтін табыстап, басқа да азаматтарға құрылыс материалдарын сатып алу үшін қаржылай көмек көрсетсе, Темір ауданы да 15 отбасыға қаржылай көмектесті. Қиын шақтағы жерлестер жәрдемі бұл отбасыларға үлкен қолдау екені даусыз.

Ал бүгін, маусымның соңғы күнінде, Ақтөбеде Ойыл ауданының күндері басталмақ.

«Ақтөбе — құтты мекен»

Қыркүйекте облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай «Ақтөбе — құтты мекен» форумын өткізу жоспарланып отыр. 20 маусымда Ақтөбеде осы форумға дайындық аясында өңірімізден шыққан белгілі адамдармен кездесу өтті.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев еліміздің түкпір-түкпірінен келген жерлестерге ризашылығын жеткізді. Жиында еліміздің әр өңірінде және алыс-жақын шетелдерде табысты еңбек етіп жүрген азаматтар — «Алтын қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы, бас директоры Исламбек Салжанов, «Energy Prom» ЖШС басқарушы серіктесі Дархан Сисекенов, «AstanaOil Company» ЖШС бас директоры Жаңабай Қобыландин, ҚР спорт шебері, бокстан 2003 жылғы әлем чемпионы Галиб Джафаров, белгілі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Жанар Айжанова, Ресей астанасындағы «Ақтөбелік жерлестер» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Сергей Воробьев, т.б. сөз сөйледі. Жиынға қатысушылар өздерінің туған жерге деген сағыныштарын, игі тілектерін, туған жердің өркендеуіне үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, белгілі ғалым, республикалық трансплантациялау орталығының басшысы Жақсылық Досқалиевке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды.

Осылайша, Ақтөбе өзінің даңқты перзенттерімен тағы бір қауышты…

Көне Тараздағы қауышулар

23-24 маусымда Таразда Ақтөбе облысының күндері өтті. Көне Тараз қаласында екі өңірдің жергілікті билік өкілдері мен іскер азаматтары тәжірибе алмасып, өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Жалпы, облысымыздың Жамбыл облысындағы күндері аясындағы шаралар бес бағыт, яғни ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, мәдениет, спорт салалары бойынша ұйымдастырылды. Екі жақтың кәсіпкерлері «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысты, ал ақтөбелік білікті дәрігерлер алты күрделі операция жасады. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері тараздық көрерменге «Есігімді қаққан кім?» спектакьлін ұсынды. Тараздағы орталық алаңда өткен Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 50-ге тарта кәсіпорын мен ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты. Жәрмеңкеге 120 тонна өнім жеткізілген.

Тараздағы кездесулер арқылы екі өңір арасында қандай салалар бойынша байланыстарды тереңдете түсудің тиімді болатыны айқындалды.

Кәсіби мерекелер шуағы

Әр адам үшін өз кәсібі — береке бастауы. Маусым айында төрт бірдей кәсіби мереке атап өтілді.

Медицина қызметкерлерінің күніне орай 18 маусымда «Батыс-2» ауданындағы жаңадан ашылған «Денсаулық» саябағында салтанатты шара ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды. Осы шарада Ақтөбедегі медициналық колледжге Мәншүк Мәметованың есімі берілгені хабарланды. Бұл — ақтөбеліктер көптен күткен қуанышты хабар еді.

23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Осы мерекеге орай ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген 22 ақтөбелік Ішкі істер министрлігінің грамотасымен марапатталса, 1780 қызметкер облыстық ішкі істер департаменті бастығының грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Тағы да 230 қызметкерге Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгі табысталды. Сонымен қатар, 23 маусымда Мемлекеттік қызметшілер күні де атап өтіледі. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің А.Досжанова атындағы конференц-залында өткен салтанатты жиында 6 адам «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен, 7 адам облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебінің түлектеріне сертификаттар тапсырылды.

Ал 28 маусым — Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні. Мерекеге орай халық пен билік арасындағы «алтын көпір» міндетін атқарып жүрген БАҚ өкілдерін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы құттықтады. Салтанатты шара Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтті. Театр фойесінде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Көрмені облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншин таныстырды.

Жиында журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін БАҚ өкілдеріне бірнеше номинация бойынша Алғыс хаттар табысталып, облыс әкімінің гранттары берілді. Қалам иелерін облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары да құттықтады. Сондай-ақ, БАҚ саласының ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.

Рамазанның шарапаты

Маусым айының басым күндері хижра бойынша қасиетті Рамазанға сәйкес келді. Аллаға шүкір, бұл айда Ақтөбе жеріндегі сауапты істер жайлы өте көп естілді. Денсаулығы жеткендер ораза ұстап, жетпегендер ауызашарлар беріп, підиясын, пітір садақасын төлеп, барша жұрт қайырымдылық істерге үлес қосуға тырысты. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұйымдастыруымен ғана Рамазанның әр күнінде бір сауапты іс атқарылып, одан бөлек қаржылай, заттай көмектер де берілді. Атап айтқанда, 200 адамға жалпы салмағы 2,6 тонна болатын азық-түлік үлестірілді. Қаржылай көмек ретінде 500 мың теңге таратылды. Ал Ақтөбе қалалық орталық мешітінде ұстаз Бақыт Жансүгірованың жетекшілігімен Құран хатым еткен жандардың күшімен 400 мың теңгеден астам қаржы жиналып, қаржылай көмек ретінде 22 отбасына 19 мың теңгеден бөліп берілді. Бұлар — жүзден бір мысалдар ғана.

Маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні барша мұсылмандармен бірге ақтөбеліктер де Қадір түнін күтті. Ал 25 маусымда Ораза айт мерекесі басталды. Айт намаздарына халық көп жиналды. Намаздан кейін облыс орталығындағы мешіттер жанында ұлттық ойындардан жарыстар өтіп, балаларға ойыншық пен балмұздақ таратылды.

«ЭКСПО-2017»: Ақтөбе облысының күндері өтіп жатыр

Маусымның 26-сында Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Ақтөбе облысының күндері басталды. Ол «Ақтөбе — құтты мекен» гала-концертінен басталды. Концертте Абдулхамит Райымбергенов, Марат Әйтімов, Света Айтбаева, Жадыра Арыстанова сынды белгілі шеберлер өнер көрсетті. Әсіресе, «концертте Димаш Құдайберген ән салады» деген хабар көпшілікті елең еткізді. Бір жарым сағатқа созылған концертті тамашалағандар қатары өте көп болды. Осы күні «Қазанат» ипподромы жанындағы этноауылда «Ақтөбе зергерлерінің ізімен» атты жылжымалы көрме ашылды. Көрмені тамашалағандар қатарында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, «Астана ЭКСПО-2017»Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтер болды. Ақтөбе күндері аясында «Ақтөбе мануфактуралары» атты суретшілер көрмесі мен өңіріміздің аса көрнекті сәулет ескерткіштерінің фотокөрмесі де өткізіледі.

27 маусымда Ақтөбе күндері Димаш Құдайбергеновтің «Бастау» концертімен жалғасты. Концертте әнші 100 пайыз жанды дауыста ән салды. 30 мың орындық «Астана Арена» стадионы лық толды. Концертті 4 сағат бойы тұрып тыңдағандар да болды. Концертті тек қазақстандықтар емес, әлемнің түкпір-түкпірінен, алты құрлықтан келген көрермендер тамашалады. Шетелдік көрермендер арасында: «Димашқа дейін мен Қазақстан туралы естіп-білмеген едім» — дегендер де болды. 23 жастағы әнші өзінің сирек кездесетін даусымен, әншілік талантымен, айрықша қабілетімен әлемге танылып, туған елінің даңқын асырды.

…2017 жылдың маусымындағы маңызды оқиғалар тізбегіне осындай жарқын да абыройлы сәттер арқылы нүкте қойылды. Ал «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Ақтөбе облысының күндері бүгін аяқталады.

Шілде шаттығы көп ай болғай!

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button