Басты жаңалықтар

Ақтөбе мен Жамбыл арасындағы байланыс беки түсті

Өңіраралық кооперацияны дамыту мақсатында 23-24 маусымда Жамбылда Ақтөбе облысының күндері өтті. Тараз қаласында екі өңірдің жергілікті билік өкілдері мен іскер азаматтары тәжірибе алмасып, өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. 

Бес бағыт бойынша байланыс орнады

Облысымыздың Жамбыл облысындағы күндері аясындағы шаралар бес бағыт, яғни ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, мәдениет, спорт салалары бойынша жалғасын тапты.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған ақтөбелік  делегацияны тараздықтар  құрметпен қарсы алды. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев қонақтарға  2000 жылы негізі қаланған «Әулие ата» халықаралық әуежайының қайта жаңғырудан өткен терминалын  таныстырды. 2015 жылдан бастап  әуежайда  ауыр салмақты ұшақтарды қоса алғанда, барлық типтегі заманауи әуе көліктерін қабылдауға мүмкіндігі бар жолаушылар терминалы жұмыс істейді. Әуежайда келушілер үшін барлық жағдай жасалған.
Ақтөбелік делегация өкілдері Жамбыл облысының әкімімен бірге бірнеше ірі өндірістік және мәдени орындарды аралады. «Айша бибі» кесенесі, «Қазақ хандығына — 550 жыл» монументі, «Інжу» білім беру кешені мен минералды тыңайтқыштар  шығаратын «Қазфосфат» ЖШС зауытына және перинатальды орталыққа барды.  «Атлетик» олимпиада резервін даярлайтын  оқу-жаттығу кешенінің қызметімен танысты.
Бұл күні екі жақтың кәсіпкерлері «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысты. Іскерлік байланысты кеңейту үшін   «В2В» алаңының тұсаукесері өтті. Шара аясында кәсіпкерлер «Арайстроймаркет», «Энерджи Тараз», «Жамбылгипс», «Полиэтилен Атро» жекеменшік серіктестіктері мен  «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытына барды.

—  Көрмеде екі жақтың кәсіпкерлері өзара пікір алмасып, тауарларын ұсынды.  Оның ішінде бізді Тараздағы  ірімшік өндіретін зауыттың жұмысы қызықтырды. Қаладағы ірі «Анвар», «Дина» супермаркеттеріне оларды әкелу жолы қарастырылды. Себебі біздің өңірге ірімшіктер Ресей мен Украинадан келеді.  Егер талапқа сәйкес болса, алдағы уақытта аймақта  Тараздың ірімшіктері сатылымға шығады. Сондай-ақ қолөнер, тоқыма, тері өнімдері бойынша да кәсіпкерлер тәжірибе алмасты, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

Ал білім саласы бойынша ақтөбелік делегаттар Тараз қаласындағы білім беру нысандарын аралады. Спорт бағыты бойынша  2002-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан жарыс өтті. Т.Ахтанов атындағы драма театр әртістері «Есігімді қаққан кім?» спектакьлін қойды.

Сондай-ақ  ақтөбелік кәсіби білікті дәрігерлер алты күрделі операция жасады. Жамбыл облыстық балалар ауруханасында  профессор Владимир Котлобовскийдің қатысуымен балалар эндохирургиясы бойынша шеберлік сабағы өтті. Профессор тараздық дәрігерлерге тегін кеңес беріп, туғаннан асқазан-ішек жолының дамуында ақауы бар балаларға операция жасады. Инновациялық технологиялар бойынша екі жақтың мамандары  тәжірибе алмасты.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, бас хирург Ерлан Сұлтангереев секілді білікті хирургтер шеберлік сабақтарын өткізді. Және бірқатар емдеу мекемелерін аралап көрді.
Өңіраралық кооперациядан ұтарымыз көп

М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Ақтөбе мен Жамбыл облыстарының арасындағы өңіраралық кооперацияны өзара дамыту туралы жиын өтті. Басқосуға екі жақтың кәсіпкерлері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, аудан әкімдері және білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының өкілдері қатысты.  Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев кооперацияның тиімділігін айтып өтті.

Осыдан ек-үші ай бұрын жамбылдық делегация Ақтөбе облысына  барды. Сол сапарда екі жақтың кәсіпкерлері мен іскер азаматтары өзара ынтымақтастық орнатып, бірнеше меморандумға қол қойды. Оның нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Бұндай байланыс бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік береді, — деді Жамбыл облысының әкімі. Сондай-ақ, Ақтөбеге жасаған сапары кезінде аймақтағы әлеуметтік орындарды аралап көргенін, оның ішінде білім саласы бойынша «Сымбат» жеке мектебінің тәжірибесін енгізу туралы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар Ақтөбеден шығатын құрылыс материалдары да бұл жақта сұранысқа ие. Жаңадан салынып жатқан теміржол құрылысына «Ақтөбе рельс- арқалық» зауытының өнімдері пайдаланылмақ. Ал облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өңіраралық кооперацияның екі өңірге тигізер пайдасына тоқталды.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  «Ағайын бір-бірімен  араласпаса, жат болып кетедi» деп бекер айтқан жоқ.  Біз бір-бірімізбен араласқаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өзара  үйренеріміз көп.  Ақтөбе мен Жамбыл облысының  арақашықтығын өздеріңіз жақсы білесіздер. Жердің шалғайлығына қарамастан, екі өңір  жақсы байланыс орнатты.  Сіздер жасаған сапар кезінде  Ақтөбеге екі жүз тонна көкөніс келді. Қазір Жамбыл облысы қырыққабат, пияз,  сәбіз секілді көкөніс түрлері бойынша біздің өңірді қамтып отыр. Биыл қыс бойы ақтөбеліктердің дастарқанынан  осы өнім түрлері үзілген жоқ. Және оны  арзан бағамен сатып алды. Осылайша екі аймақтың арасындағы байланыс жанданып келеді. Президенттің  тапсырмасы осы болатын, яғни өңіраралық кооперацияны дамыту, экономикалық қиын кезде бір-бірімізге қолдау көрсету. Қазір біз Елбасы тапсырмасына сәйкес қыруар жұмысты қолға алып, оны өз күшімізбен жалғастырып жатырмыз.

Ақтөбе батыс өңірдегі ірі индустриалды, аграрлы аймақ. Химия, металл және мұнай өндіру бойынша алдыңғы орында тұр. Ішкі өнімнің алпыс пайызын осы салалар құрайды. Батыс аймағы  Ақтөбеге қарап бой түзеп, дамуы тиіс. Біз осы мақсатта жұмыс жүргізудеміз. 

Жалпы Ақтөбе мен Жамбыл облысының серіктес болуына себепкер салалар әлі де көп, —  деген Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.  Аймақтағы ірі зауыттардың жұмысы мен мемлекеттік бағдарламаларды тілге тиек етіп, екі өңірдің байланысын әңгімеледі. Облыс әкімінің айтуынша, Жамбыл облысында шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдері, сонымен бірге  «Жайма», «Арзу» секілді ұн өнімдері Ақтөбедегі сауда орындарының сөрелерінде сатылып жатыр. Қаланы абаттандыру жұмыстарына да жамбылдықтар өз үлесін қосуда. Былтыр өңір басшысы еліміздің бірқатар аймақтарын гүлдендіріп жүрген «Жасұлан-Флора» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, тараздық Жұмагүл Омароваға Ақтөбеден де жылыжай ашып, гүл өсіруге ұсыныс айтқан болатын. Облыс әкімінің ұсынысын қуана құптаған кәсіпкер Ақтөбеден аталған серіктестіктің «Ақтөбе-Флора» атты филиалын ашып, қаланы абаттандыру үшін алуан түрлі гүл өсіріп жатыр. Қазір Ақтөбеде егілетін гүлдердің алпыс пайызы — Жұмагүлдің гүлдері. Сондай-ақ  алдағы уақытта «Қазфосфат» зауытынан ауыл шаруашылығы саласына қажетті тыңайтқыштарды сатып алу жоспарланып отыр. Облыс әкімі тараздықтардың туризмді дамыту бағытындағы жұмыстары ақтөбеліктерге үлгі болатынын айтты.

Айта кетейік, аймақта өңіраралық кооперацияны дамыту жұмыстары өткен жылдың ақпан айынан басталды. Қазақстанның барлық облыстарымен  серіктестік орнатылды. Мәселен, облыстың өзге өңірлерімен арадағы тауар айналымы 13,9 миллиард теңгені құрады. Ал биыл наурыз айында Ақтөбеде Жамбыл облысының күндері өтіп, осы басқосуда мемлекеттік  және жеке ұйымдар өңіраралық байланысты әрі қарай кеңейту және нығайту туралы 8 меморандумға қол қойған болатын.

Жиында «АкТеп» ЖШС басшысы Нұрлан Сағыналин ет өндірісі кооперациясына қатысты тәжірибесімен бөлісті. Малды сойып, оның етінен бөлек, терісі мен сирағы, жүніне дейін қалай кәдеге жарату керектігін айтты. Мал басын асылдандыру мақсатындағы жұмыстарға тоқталды. Қажет болған жағдайда  Жамбыл облысына тиімді бағамен асылтұқымды мал сатылатынын да жеткізді. Бұл ретте жамбылдық шаруалар ешқандай қарсылықтарының жоқ екенін, керісінше, өңірге асылтұқымды мал керектігін айтты.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев екі аймақта медицина бағыты  бойынша байланыстың нығая түсетінін мәлім етті.  Осы жолғы сапарда ақтөбелік хирургтер аса күрделі оталарды жасады. Алдағы уақытта бұндай қарым-қатынастар жалғасын табады. Қазір облыста жүзге жуық жамбылдық жастар білім алса, оның ішінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде  қырық студент оқиды. Оңтүстік өңірге дәрігерлер даярлауда Ақтөбе үлкен рөл атқарады.

Жиын соңында  екі тарап та өзара тиімді серіктестікті әрі қарай арттыруға келісіп,  бес меморандумға қол қойды.

Екі облыстың денсаулық сақтау басқармалары халықтың, ана мен баланың денсаулығын қорғау, кардиохирургия, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, жедел кеңес беру және тәжірибелі медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері бойынша келісімге қол қойды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармалары, өңірдің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары өзара түсінісушілік және серіктестік меморандумына қол қойды. «Агросервис» және «Қазфосфат» ЖШС-лары  да қарым-қатынасты нығайтты.

Жәрмеңкеде 120 тонна өнім сатылды

 Сенбі күні Тараз  қаласындағы орталық алаңда  Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған Ақтөбе қаласы мен 12 ауданнан 50-ге тарта кәсіпорын мен ауылшаруашылық  тауарын өндірушілер  қатысты. Жәрмеңкеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Кәрім Көкірекбаев қатысты.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келген тараздықтардың  қарасы көп болды.  Алаңға  ұзыннан сөрелер қойылды. Ақтөбеден келген  шаруа қожалықтары тұрғындар келгенше азық-түлікті  белгіленген орындарға орналастырып қойды. Біздің өңірден барған ауыл шаруашылығы өнімдері Тараз базарынан 10-15 пайызға дейін арзан бағамен сатылды. Тұрғындар ақтөбеліктердің табиғи өнімдері мен ауылдың дәмін таласып алып жатты. Әсіресе, Әйтеке би, Қарғалы, Шалқар, Ырғыз аудандарынан әкелінген ет өнімдері лезде өтіп кетті. Ойылдың тарысын да тараздықтар таласа әкетті. Дәстүрлі емес шаруашылық өнімдерін де жұртшылық әп-сәтте алып кетті.

Жәрмеңкенің қызған шағында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев  алаңды аралап,  жиналған жұртшылыққа жылы лебіздерін білдірді. Ақтөбелік өнерпаздардың концертін тамашалады.

Жәрмеңкеге Ақтөбеден 120 тонна өнім жеткізілді. Оның ішінде  27 тонна ет,  11,5 тонна сүт пен сүт өнімдері, 5 тонна өсімдік майы, 15 мың дана жұмыртқ­а, 3,4 тонна балық, 15 тоннадай шұжық пен консерві өнімдері бар. Дәстүрлі емес өнімдер, яғни бөдене жұмыртқасы, ара балы, ешкінің сүті мен еті де сатылымға шықты.  Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат — тараздықтарға өзіміздің ең жақсы деген өнімдерімізді арзан бағаға ұсыну, екі облыс арасындағы әріптестік ынтымақтастықты нығайту.

Жыл сайын Жамбыл облысынан пияз және өзге де көкөніс түрлері әкелінеді. Былтыр мың тонна пияз сатып алынды. Биыл тұрақтандыру қорына үш тонна пияз алмақшымыз. Сонымен қатар егістікке қажетті тыңайтқыштарды  да биыл сатып алу жоспарда бар. Жалпы бұл жолғы сапар екі аймақты жақындата түсті, — деді Құсайын Сәрсенбай.

Ақтөбенің дәмі бөлек

Жәрмеңкеде сөреге қойылған өнімнің көпшілігі сәске болмай өтіп кетті. Базар бағасынан әлдеқайда арзан болған соң халық көп келді. Олар күн ысымай ет, сүт өнімдерін сатып алуға тырысты. Мәселен, сиыр еті 1250 теңгеден сатылса, семіз  жылқының  еті 1300 теңгеден саудаға шықты.

Жәрмеңкеге өз өнімін әкелгендердің ішінде  Әйтеке би ауданы Комсомол ауылдық округі бар. Округ әкімі Бақтығали Пірмағанбетовтың айтуынша, «Дәулет» және «Айман» шаруа қожалықтары екі тоннаға жуық сиыр, қой, жылқы етін әкеліпті.

—  Арзан бағамен сатылған соң, халық әп-сәтте талап әкетті. Әрі сойылғанына көп болмаған малдың еті келушілердің қызығушылығын тудырды. Ақтөбенің дәмі бөлек екенін айтып, тұрғындар молынан алды. Қазір еттің бір бөлігі ғана қалды. Сәскеге дейін өтіп кетеріне сеніміміз мол, — деді округ әкімі.

Жердің шалғайлығына қарамастан өнімді мол қылып әкелушілердің бірі — Қарғалы ауданы. Ауданның Желтау, Қосестсек, Кемпірсай ауылдық округтерінен шаруа қожалықтары 1500 тонна  сиыр етін, 500 тонна қой етін әкеліпті. Бұдан басқа 250 литр сүт, 29 литр айран, 170 келі балды саудаға шығарды.

Тараздықтарға Ақтөбенің еті мен балы ерекше ұнады. Бір сағаттың ішінде әкелінген балдың бірі де қалмай өтіп кетті. Ет те түгелдей сатылды. Халықтың көңілінен шыққанына  біз де қуаныштымыз, —  деді Қарғалы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Болат Боранбаев.

Хромтау ауданындағы «Агрофирма Та­у» ЖШС-ның бөдене жұмыртқаларын жұртшылық төрт жүз теңгеден сатып алды.

Жалпы жәрмеңкеде  «Молочные истории-А»,  «Рамазан»,  «Ақтөбе нан»,  «Жаңа Әлжан»,  «Рокос»,  «СПК «Айбек» ЖШС-лары  өз өнімдерінің   кең таңдауын ұсынды.
P.S.

Жамбылдағы Ақтөбе облысы күндерінің аясында екі жақтың арасындағы  ынтымақтастық және өңіраралық байланыс  беки түсті.  Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған ақтөбелік делегация  іскерлік кездесулерден бөлек, Тараздың мәдени-тарихи орындарын аралады.  Жамбыл Жабаев атындағы «Руханият» рухани даму орталығы,  «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің археологиялық бағы мен  «Қарахан» кесенесіне барды.

Кәмшат ҚОПАЕВА,

Ақтөбе-Тараз-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button