Басты жаңалықтарМереке

Журналистер күні атап өтілді

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өткен бейсенбіде Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өтті. Ғимарат іші бұл күні әдеттегіден өзгеше безендіріліп, әсем әуен айналаға жақсы көңіл күй шуағын шашып тұрды.

Театр фойесінде ұйымдастырылған облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тарихын баяндайтын қойылымдар мен әр жылдардағы баспаханалық жабдықтар  көрмесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншин таныстырды. Сарғайған газет тігінділері әр кезең келбетінен сыр шертеді. Өңір басшысы бұдан жетпіс-сексен жыл бұрынғы басылымдарды қызығушылықпен қарады.

Салтанатты жиналысқа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге, облыстық басқарламалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, газет оқырмандары мен телекөрермендер қатысты.

— Журналистерді әдетте билік пен халық арасындағы алтын көпір деп есептейді. Біздің елімізде бұқаралық ақпарат құралдарына айрықша көңіл бөлінеді, тіпті төртінші билік деген ұғым да берік қалыптасты.

Біздің облысымыздың аумағында 55 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Сіздердің ақпарат алудағы билік органдарымен байланыстарыңызды оңтайландыру мақсатында «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығы құрылды.

Мен облыс басшысы ретінде сіздердің ақпараттық қолдауларыңыз бен көмектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге кәсіби қызметтеріңіз үшін ризалығымды білдіріп, алдағы шығармашылық еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді Бердібек Сапарбаев көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.

Облыс әкімінің құттықтау лебізінен кейін «Журналистиканы дамытудағы үлесі үшін» БАҚ өкілдеріне сыйлықтар тапсырылды.

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бірнеше қызметкері номинация жеңімпаздары және лауреаттары атанды. Олардың қатарында аталған басылымдардың жауапты хатшылары Сәтжан Дәрібай мен Серік Ахметов бар. Сондай-ақ журналистер Арайлым Нұрбаева, Индира Өтеміс және Жантас Мақсұтов жүзден озған жүйріктер деп танылды.

Бірқатар облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары қалам иелерін құттықтап, Аманқос Орынғалиұлы, Нұрмұханбет Дияров, Кәмшат Қопаева, Гүлсім Назарбаева, Алиса Маринец, Абат Қаратаев, Владимир Бурьянов секілді журналистерге марапаттау рәсімін жасады.

Қазіргі уақытта барлық мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда баспасөз хатшылары қызмет етеді. Олардың да еңбегі еленіп, журналистер қауымдастығының ұйымдастыруымен сый-сияпаттармен атап өтілді.

Баспасөз күні мерекесінде ардагер журналистер де назардан тыс қалған жоқ. Оларға гүл шоқтары ұсынылып, сыйлықтар тапсырылды.

Салтанатты жиын соңы танымал өнер иелерінің концертіне ұласты.

   «Ақтөбе ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button