БілімЖаңалықтар

Ақтөбе мен Қызылорда ұстаздары бас қосты

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты базасында «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында пән мұғалімдерінің педагогикалық шеберлігін жетілдіру» тақырыбында  республикалық әдістемелік семинар өтті. Бұл — облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірлесіп Ақтөбе және Қызылорда білім беру ұйымдарының аймақаралық серіктестікті дамыту үшін бекітілген ынтымақтастық меморандумына сәйкес жүргізілген шара.  

Семинарды облыстың бас ұстазы Сәуле Өмірбекова ашып, білім беру процесіндегі кейбір мәселелерге тоқтала келе, қатысушыларға сәттілік тіледі, екі облыс ұстаздарының ынтымақтаса жұмыс жасауы негізінде үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынын атап айтты. Мектеп-интернат директоры Г.Тажыгалиева бұл шараның әдістемелік көмегі мол семинар болатынына сенім білдірді.  Семинар аясында көршілес Қызылорда облысының №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, Хромтау, Мәртөк, сынды аудандардың тәжірибелі ұстаздары бас қосып, білім беру үдерісіндегі болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар турасында пікір алмасты.

Елбасының «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге  айналуымыз керек» деген сөзін басты қағида етіп ұстанған ұстаздар семинар барысында білім ошағымен, ондағы атқарылып жатқан шаралар, білім беру үдерісіндегі жаңашылдықтың қалай орындалып жатқандығына көз жеткізіп, өз түйгендерін ортаға салды.

Құзыреттілікке бағытталған сабақтар бойынша жоғары санатты ұстаздар — Н.Абдуллин мен К.Сердалина «Көпжақтардың қималары» және «Химиялық реакция теңдеуі бойынша есептеулер» тақырыптарында практикум-сабақтар өткізді. Оқушылар сабаққа белсене араласып, есептер шығарып, түрлі тапсырмаларды ынтымақтастықпен орындады.

Кіріктірілген сабақ пәнаралық қарым-қатынас құралы ретінде бағыты бойынша жоғары санатты биология пәні мұғалімі Г.Мыңжасарова әлемдік білім беру үрдісіне негізделген жаңартылған білім беру мазмұнына орай мектептің оқу жоспарына енген жаратылыстану пәндерін үш тілде оқытудың үлгісін көрсетті. Ол  мектеп ерекшелігінің негізінде 8-сыныпқа «Мидың бөлімдері, олардың құрылысы мен қызметі» тақырыбындағы ашық сабақты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізді. Үш тілді еркін меңгерген мектеп оқушылары сабақ барысында берілген жұмыстарды аса қызығушылықпен орындады, ми жайында толық ақпарат ала білді.

Жеке даму треакториясын жүзеге асыру бағыты бойынша физика пәні мұғалімі, магистр С.Жылгелдин 11-сынып оқушыларына физика пәнінен өткізілген «Көлбеу жазықтың бойымен қозғалыс» тақырыбындағы ашық сабағында пәннің қызықты тұстарын практикалық тұрғыда ұтымды жеткізе білді.

Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  «Қазақтың Әлиханы» тақырыбында сынып сағаты өтті. Әлихан Бөкейханов ұстанымдары, қоғамдық қызметі, әдеби-ғылыми еңбектері сөз болды. Жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті  пәні мұғалімі С.Нұралина өткізген бұл сабақ оқушылар үшін мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор ашық сабақ болды.

Педагогикалық шеберхана бойынша жүргізілген іс-шараларда мұғалімдердің ғылыми-педагогикалық қызметіне баса мән берілді. Облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері, «Атамұра» баспасынан шыққан 7-8 сыныптарға арналған Қазақстан тарихы пәні бойынша сабақ жоспарларының әдістемелік нұсқаулығы мен электронды оқулықтарының авторы А.Тұрмашова кешеннің ерекшелігімен таныстырса, Ж.Матсалаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы әдістемелік құралдар туралы айтып, оның мақсат-міндеті, қазіргі таңдағы өзектілігі жайында сөз қозғады.

Семинар барысында жүргізілген іс-шаралар жөнінде пікір алмасу мақсатында «Айтуға оңай» ток-шоуы негізінде директордың бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Л.Пангереева мен К.Смадияр рефлексия жүргізді. Қоржындары түрлі идеялармен толығып, инновациялық әдіс-тәсілдерге қаныққан ұстаздар риза көңілмен аттанып, келесі кезекте Қызылорда облысында ортаға салынатын мәселелерді бір пысықтады.

Г.ЖОЛАЕВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button