Басты жаңалықтарМереке

Балаларға сыйлық берілді

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Үміт» сәбилер үйіне барды.

Сәбилер үйінің бас дәрігері Қадырбек Иманбаевтың айтуынша, кейінгі жылдары баласынан бас тартушылар қатары азайып келеді. Соңғы бес жылда тәрбиеленушілер саны 2,5 есеге азайып, сәбилер үйіне қарасты бір ғимарат жабылған. Аталған орталықта  2010 жылы 130 бала болса, қазір 51 сәби тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 24 мүгедек бала мемлекеттен жәрдемақы алады. Сәбилер үйінде балалар үшін бар жағдай жасалған. Ғимараттың іші жылы, тамақ уақытында беріледі. Дәрігерлер сәбилердің денсаулығын уақытында тексеріп тұрады. Әсіресе мүгедек балаларға ерекше назар аударылады. Оларға арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Сәбилер үйін аралаған өңір басшысы кішкентайлардың қойған концертін тамашалап, сыйлық ұсынды.

Біздің елімізде балалардың бақытты болуы үшін барлық мүмкіндік бар.  Мемлекеттік саясаттың басты бағыты — дені сау, рухани дүниесі бай, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Біздің еліміз көптеген қиындықты бастан өткерді, әйтсе де қазақ халқы жетімдерін ешқашан жылатпаған, — деді облыс басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі көпбалалы және әлеуметтік жағдайы нашар отбасыдан шыққан балаларға арнап ұйымдастырылған  мерекелік шараға қатысты. «Мега Ақтөбе» ойын-сауық сауда орталығында өткен кеште Бердібек Сапарбаев балдырғандарды құттықтап, оларға сыйлық үлестірді. Бұл шараға елу бала қатысты.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button