Басты жаңалықтар

Жыл оқиғалары

Жыл сапары

Сәуірдің 2-сі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге екі күндік жұмыс сапарымен келді.
Мемлекет басшысы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша іске қосылған көпсалалы облыстық аурухана жұмысымен танысты. Сапар барысында Елбасы «Дастан» ЖШС тұрғызған «CityShopingCenter» сауда кешенін де аралап көрді. Одан соң Президент бизнес, банк өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ Елбасы «Ақтөбе-орталық» ЖШС-ның көлік-логистика орталығында болып, жергілікті өндіріс орындарының өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбедегі сапары облыс орталығындағы ірі өндіріс орны — рельс арқалығы зауытында жалғасты. Мемлекет басшысы Ақтөбедегі рельс арқалығы зауытын индустрияландырудың шыңы деп жоғары баға берді.

Жыл сайлауы

Сәуірдің 26-сы күні елімізде ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Қорытындысында, Нұрсұлтан Назарбаевқа 97,5 пайыз сайлаушылар дауыс берді.
Халықаралық және қазақстандық сарапшылардың мәліметтері бойынша еліміздегі президенттік сайлау тарихта тұңғыш рет сайлаушылардың теңдессіз, рекордтық қатысуымен ерекшеленді. Бақылаушылардың пікірінше, халқымыздың Президент сайлауына қатысу деңгейін сенсация деп бағалауға болады.
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттар бойынша экзит-полл нәтижесі мынадай: Н.Назарбаевқа — 97,5 пайыз, Т.Сыздықовқа — 1,87 пайыз, А.Құсайыновқа 0,63 пайыз дауыс берілген.
Жыл жаңалығы

Қыркүйектің 11-і күні Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды.
Сол күні Ақтөбе облысына іссапармен келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллин облыс активіне өңірдің жаңа басшысы Бердібек Сапарбаевты таныстырды.
Бердібек Машбекұлы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарын, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды. Үкімет басшысының орынбасары ретінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті.
Жыл әуе компаниясы

Шілде айынан бері халыққа қызмет көрсетіп жатқан «Qazaq Air» әуе компаниясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған болатын.
Біздің өңірде компанияның Ақтөбе-Атырау, Шымкент-Ақтөбе бағыттарына қатынайтын ұшақтары жүйелі жұмыс істеуде.
Әуе компаниясының акциялары 100 пайыз «Самұрық-Қазына» АҚ иелігінде. «Qazaq Air» АҚ мақсаты — Қазақстанның аймақтарын әуе қатынасымен жалғап, олардың экономикалық дамуына септігін тигізу. Сондықтан «Qazaq Air» компаниясы Қазақстанның ішкі рейстерін дамытуды көздеп отыр.

Жыл жеңісі

Димаш Құдайберген Белоруссияда өткен «Витебскідегі Славян базары – 2015» XXIV халықаралық байқауының Гран-при жүлдесіне ие болды.
24 жылда тұңғыш рет «Славян базары-2015» халықаралық байқауында бірінші рет біздің ел екі Гран-при жүлдесін алды! Ересектер арасында аса талантты Димаш Құдайберген, балалар арасында Луиза Нұрқуатова иеленді.
Беларусь елінің президенті Александр Лукашенконың қатысуымен өткен жабылу салтанатында Димашқа Гран-приді — «Лира» статуэткасы мен 20 мың доллар бәйге жүлдесін — қазылар алқасының төрағасы, Әзірбайжанның халық әртісі Полад Бюльбюль-оглы тапсырды.

Жыл ғарышкері

Аспан әлеміндегі он күндік сапардан соң, қыркүйектің 12-сі күні Айдын Айымбетов серіктерімен Жер бетіне оралды. Ғарышкерді Елорда әуежайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы күтіп алды.
«Айдын аспанда не тындырды?» Ол ғарышта 4 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мысалы, физика саласы бойынша зерттеулері нәтиже бере бастады. Ғарышкер Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары жүктеген жерүсті жағдайында алуға келмейтін кристалдарды сынақтан өткізді. Екінші бағыт — биомедицина саласы. Бұл бағытта Адам және жануарлар физиологиясы институтының ғалымдары ғарышкердің операторлық жұмыс қабілеті, күйзеліс жағдайындағы мидың жұмысына бақылау жүргізді. Қазақ тағамтану академиясының да Айдынның зерттеулерінен үміті зор. Олар алғаш рет ұлттық тағамдардан жасалған қоспалардың ғарышта адам ағзасына сіңірілуін сынап отыр. Ғарышкердің Каспий теңізіне мұнайдың құйылуы, Арал өңіріндегі шаң-дауылдарды зерттеуі де экологиялық ахуалды жақсарту үшін аса қажет.

Жыл тойы

Қазанның 1-2-сі күндері Ақтөбеде Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды.
Негізгі шара Толыбайда өтті. Ондағы этноауылда отыз киіз үй тігіліп, жан-жақтан жиналған қонақтарға ас берілді.
Мерейтой аясында Ақтөбеде «Ұлы дала нақыштары» халықаралық қолөнер көрме-жәрмеңкесі өтті. Шара «Қоныс» спорт сарайы алаңында тігілген 12 киіз үйде ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ақтөбеде он екінші рет «ITFA — 2015. Туризм. Саяхат. Спорт» халықаралық туристік көрмесі, қолөнер шеберлерінің «Шеберлер ауылы» VI республикалық фестивалі өтті.

ЖЫЛ МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ

Қазанның 2-сі күні ұлы бабамыз Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашылды.
Мемориалдық кешен Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықтағы «Хан моласы» қорымында орналасқан. Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия келіп түскен жобалар арасынан белгілі сәулетші Бек Ыбыраевтың ұсынған нұсқасын мақұлдаған. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы Даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған. Кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Диаметрі — 8,5 метр.

Жыл зауыты

Қазан айында Ақтөбе рельс арқалығы зауыты алғашқы өнімін шығарды.
Ақтөбе рельс арқалығы зауыты — Орталық Азиядағы ірі әрі бірегей кәсіпорын.
Бұл — елдің индустриялық тарихындағы 25 және 120 метрлік рельстерді, сондай-ақ, швеллер мен басқа да нарық талабына сай болат өнімдерін шығаратын бірегей зауыт. Кәсіпорын жылына 200 мың тонна көлемінде теміржол рельстерін, 230 мың тонна басқа да сұрыптық өнімдер — швеллер, арқалықтар, қырлы бұрыш темірлер, арнаулы профильдер шығарады. Жобаның құны — 91 миллиард теңге. Зауыт аумағында 3 негізгі және 17 қосалқы цех орналасқан. Бұл зауыт Қазақ теміржолы тарихындағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады.
Қазір Ресей, Өзбекстан, Түркіменстаннан басқа Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Иран мемлекеттері нарығында рельске деген сұраныс жоғары.

Жыл форумы

Қарашаның 27-сі күні Ақтөбе қаласында өткен III халықаралық «АKTOBE INVEST-2015» инвестициялық форумы аясында облыс экономикасына жалпы сомасы 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуды көздейтін 13 меморандум мен өзара әріптестік туралы келісімдерге қол қойылды.
Инвесторлар Ақтөбе облысы аумағында ірі жобалардың жүзеге асырылуына қызығушылық танытып отыр. Таяу болашақта облысымызда ілеспе газдан көмірсутегі сұйығын дайындау жөніндегі шағын зауыт, никель және цемент зауыттарын салу қолға алынбақшы.

Жыл қоныстойы

Ақтөбе қаласындағы «Кең дала» шағын ауданында бой көтерген жаңа үйдің алғашқы 40 пәтерінің кілті иелеріне салтанатты жағдайда табыс етілді.
Бұл — «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кіретін «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның Ақтөбеде жүзеге асырған игілікті шарасының нәтижесі.

Жыл өндірісі

Желтоқсанның 11-і күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев онлайн режимде Индустрияландыру картасының 18 жаңа нысанын іске қосты. Сол он сегіздің қатарында Алғадағы «АкТеп» ЖШС ет өңдеу комбинаты да бар.
Еліміздегі баламасы жоқ ерекше кешен ірі қараны бордақылаудан дайын өнімді шығаруға дейінгі ет кластеріне бағытталған. Мұнда сағатына 15 ірі қараны сойып, өнімдерін бөлшектеп, реттеуге мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 2,2 миллиард теңге. Серіктестік жетпес ірі қараны жекелеген асыл тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылықтардан, шаруа қожалықтарынан қабылдап алып, кешенге тапсырады.

Әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button