Басты жаңалықтар

Президент шыршасында

Жаңажылдық шырша — бала атаулының сүйікті мерекесі. 24 желтоқсанда еліміздің барлық аймақтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жаңажылдық шыршалар өтті.
Дәстүрлі шара биыл «Жібек жолы бойындағы жаңажылдық ертегі» деген атпен ұйымдастырылды. Ақтөбедегі «Салтанат сарайы» мейрамханасының кең залындағы зәулім шырша жанында облысымыздың әр түкпірінен келген 180 бала бас қосты. Олардың бәрі де — сабағын жақсы оқумен қатар, қоғамдық істерге белсене араласып, өнер, білім сайыстарында, спорттық жарыстарда жетістіктерге жетіп жүрген талантты, үлгілі оқушылар.
Мерекелік шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Облыстық білім басқармасы ұсынған мәліметтерге сай, жаңажылдық шырша мерекесіне жастары 9-13 жас аралығындағы, көпбалалы отбасылардың ұл-қыздары, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, мүгедектікке ұшыраған балалар шақырылған. Жарасымды Жаңажылдық костюмдер киіп, жүздеріне шат күлкі үйірілген балалар әсем безендірілген шыршаны айнала ән шырқап, көңілді ойындарға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Осы сәттерді ерекше көңілді, әсерлі етуге Аяз ата мен Ақшақар бастаған Қой, Мешін, т.б. ертегілік кейіпкерлердің қосқан үлесі мол. Бұл кейіпкерлерді қаладағы мәдениет мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлері, жоғары оқу орындарында, колледждерде оқып жүрген жастар сомдады.
Биыл Қазақстан жұрты Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтсе, алдағы жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлаймыз. «Мәңгілік Ел» идеясы балаларды да жетістіктерге деген құштарлыққа, ізденістерге, жақсы істерге ұмтылдыруы керек. Мерекелік шарада осыған баса көңіл бөлінді.
Мемлекет басшысының құттықтауын балалар үлкен экран арқылы тыңдады.
— Жаңа жыл — жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Сол себепті бәріміз де оны асыға күтеміз. Бүгін Шырша тойы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Бұл мерекеде бірде-бір бала сыйлықсыз қалмайды. Біз сендердің спортпен шыныққан, сапалы білім алған, рухани толысқан азамат болғандарыңды қалаймыз. Бұл — әрбір ата-ананың ғана емес, сүйікті Отанымыздың, күллі қазақ елінің қалауы. Қазақстан бүгінде әлемге бейбіт әрі жасампаз ел ретінде танылып отыр. Оның беделін арттыруға есейгенде өздерің де үлес қосасыңдар деп сенемін. Өйткені сендер — рухы биік, тәуелсіз мемлекеттің зерек те зерделі ұрпағысыңдар, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөзінің соңында Елбасы:
— Жаңа жылдарың құтты болсын, айналайындар! Келер жыл сендерге тек қуаныштар әкелсін, — деп, өзінің ақ тілегін жеткізді.
Бұдан соң балаларды облыс басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтады:
— Өз сөзінде Елбасы атап өткендей, елімізде қолға алынған барлық бастамалар, аталарың мен әжелерің, әкелерің мен аналарың атқарып жатқан істер — бәрі де сендер үшін, сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр. Сендер
сабақтарыңды жақсы оқып, жан-жақты білім алуға ұмтылып, спортпен айналысып, өнерге де жақын боп өсулерің керек. Сонда ғана қазақтың, қазақ елінің атын шығара аласыңдар, — дей келіп, Бердібек Машбекұлы сөзін балаларға деген игі тілектермен аяқтады.
Облыс әкімі Жаңажылдық шыршаға қатысушыларға Елбасы атынан сыйлықтар табыстады. Әр балаға смартфон, кітаптар және, әрине, тәттілер берілді. Балалар облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті. Шырша жанындағы көңілді сәттерден соң, балалар өздеріне арнап жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татты.
Бұл күні Елбасы атынан ұйымдастырылған шыршаларға еліміз бойынша 3,8 мың бала қатысты.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button