Басты жаңалықтар

Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралады

«Сымбат» мектебі — қаламыздағы 2001 жылы ашылған жекеменшік білім беру ошағы. Айлық қызмет көрсету ақысы бастауыш сыныптар үшін 35 мың, ал жоғары сыныптар үшін 43 мың теңге. Соған қарамастан, бұл мектепке балаларын бергісі келетін қала тұрғындарының саны күннен-күнге артып отырғанға ұқсайды. «Сымбат» мектебі 2016 жылы Батыс-2 шағын ауданында салынып жатқан жаңа ғимаратын іске қосуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласы мен Қурайлы ауылындағы маңызды әлеуметтік нысандарды аралауды осы «Сымбат» жекеменшік мектебінен бастады.
Бүгінгі күні жұмыс жасап отырған ғимаратына 2007 жылы көшкен орта білім беру ордасында барлығы 550 бала оқиды. Жартылай пансионат режиміндегі мектепке оқушылар таңертең 8.30-да келіп, кешкі 17.00-де үйлеріне қайтады. Балалар 3 мезгіл тамақтандырылады. Мектепте стандартты білім бағдарламасынан бөлек түрлі үйірмелер жұмыс жасайды.
Жекеменшік мекеменің құрылтайшысы Рабиға Тасыбаевамен бірге ғимаратты аралаған облыс басшысы мектеп жанынан жұмыс жасайтын Ұлттық бірыңғай тестіне дайындау орталығы мен Сингапур елінен алынған арнайы бағдарлама бойынша жабдықталған «ақылды класта» болды. Бұл кластың ерекшелігі — білім беру үдерісі толықтай электронды түрде жүреді. Оқушылар қағаз, қалам сынды классикалық құралдарды пайдаланбайды.
Мектептен шыға берісте бастауыш сыныптардың үздік оқушылары құрметті қонақтарын құр қол жібермей, қолөнер үйірмесінде дайындалған «Тәтті шырша» сыйлығын тарту етті.
Өңір басшысы қаламыздағы байырғы оқу орындарының бірі — Ақтөбе кооперативтік колледжінде де болды. Орта арнаулы оқу орнының ұстаздары және оқушыларымен жүздесіп, білім беру-материалдық базасымен танысты.
Сонау 50-жылдардың аяғында негізі қаланған колледжде бүгінгі күні гуманитарлық және техникалық салаларға жататын 8 мамандық бойынша 900-ге тарта жеткіншек білім алады. Жекеменшік оқу ордасы мемлекеттік тапсырыстар бойынша да мамандар даярлайды.
— Түлектеріміздің 80 пайыздан астамы жұмысқа орналасады, яғни еңбек нарығында сұранысқа ие, — деді мақтанышпен облыс басшысына басқаратын мекемесі туралы мәліметтер берген колледж директоры Сәуле Берестинова.
Свято-Никольский кафедралық соборында өңір басшысын монах Нектарий күтіп алды. Собордың қызметі туралы мәліметтер берген облыстағы православ христиандарының басшысы Темір қаласындағы XIX ғасырда тұрғызылған, бүгінгі күні күтімсіз қалған тарихи шіркеуді қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін Бердібек Сапарбаевтың қолдау көрсетуін сұрады. Облыс әкімі шіркеу басшысына дініне, ұлтына қарамастан барлық қазақстандықтардың ынтымақта болулары керектігін айтты. «Сонда ғана біз біртұтас ел боламыз», — деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкімі сонымен қатар, Қурайлы ауылдық округінде болды. Барлығы сегіз мыңға жуық адам тіркелген ауылдық округке 5 елді мекен қарайды. Округ аумағында 5 ЖШС, 11 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Қурайлы ауылымен танысуды селолық әкімдіктің ғимаратынан бастаған Бердібек Сапарбаев күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуін қажет ететін Георгиев орта мектебі мен Мәдениет үйінің ғимаратына барды, селодағы шағын кәсіпкерлік нысандары орналасқан ғимарат пен амбулаториялық пунктті аралады. 464 оқушы білім алатын, салынғанына 40 жылдан астам уақыт өткен аталған мектеп ғимаратының шатыры шыныменен тозып тұр. Бір кездері иесіз қалып, жартылай қираған Мәдениет үйін қалпына келтіру жұмыстары да біршама қаражатты қажет етеді. Қала әкімі Бекбол Сағын бұл жұмыстар үшін қажет қаржының келер жылдың бюджетінде қарастырылғанын мәлімдеді.
Облыс басшысы осы Қурайлы ауылдық округі аумағында орналасқан «Анди» ЖШС-ның сүт фермасында болып, оның жұмыстарымен танысты.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button