Басты жаңалықтар

Жол бойы сервисі қолға алынады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ермек Қизатовтың арасындағы кездесу тақырыбы автожолдар бойындағы сервистік қызметті дамыту мәселесін қамтыды.
— Бұл кеңеске Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер де қатысып, күн тәртібіндегі жайды шешуге өз мүдделіліктерін білдірді.
— Қазіргі уақытта біздің облысымыздың үстінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі өтіп жатыр, сондай-ақ басқа бағыттардағы жолдарды да қалпына келтіру, жақсарту шаралары көзделуде. Алдағы жылы Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолы қолға алынады. Орск бағыты да біздің назарымызда. Мұндай жағдайда халықаралық талапқа сай келетін сервистік қызмет жүзеге асырылуы тиіс, біздің мақсатымыз да осы, — деді облыс басшысы.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ермек Қизатов негізгі мәселе жөнінде айтылған ойларды қолдайтындығын білдіріп, өздерінің ұстанып отырған бағыттарын саралап айтты.
Қазірдің өзінде облыста жұмыстар басталып кетті. Мәселен, қарабұтақтық кәсіпкер Лиза Ідірісова Қарабұтақ селосы маңынан кемпинг құрылысын жүргізу үстінде. Ол «Даму» қорынан жетпіс миллион теңгедей несие алғандығын айтады, сонымен бірге отыз миллион теңгедей өз қаржысын пайдалануда. Кемпингте отыз бес адамдық қонақүй ашылады, автотұрақ, кафе, басқа да қызмет көрсету орындары жұмыс істейтін болады.
Осындай шаруа Ақтөбе-Орынбор бағытындағы шекараға таяу тұста да қолға алынбақшы. Бұл туралы мәртөктік кәсіпкер Сазанбай Жұмағазиев айтып берді.
Жиын барысында сервистік қызмет көрсету жұмысын қолға алушыларға мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын бағдарламалар бойынша қолдау жасалатыны атап көрсетілді. Тіпті бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, қазіргі талапқа сай емес орталықтар жабылмайды, қайта оларды жаңғыртып, халықаралық стандарттар деңгейіне жетуіне мүмкіндік жасалмақшы.
Ең бастысы, жер учаскелерін бөлу, инженерлік коммуникация жүргізу, қажетті құжаттарды рәсімдеуде кәсіпкерлер көп қиындыққа кезіге қоймайды. Ал кәсіпкерлердің ұлттық палатасы жұмыс істеймін деушілерге қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға әзір.
Келіссөз барысында сервистік орталықтарды орналастыруға байланысты карта жасау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ бұл шаруаға кәсіпкерлер палатасы да белсене қатыспақшы.
Жиын үстінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің жаңа учаскелері пайдалануға берілуімен Ақтөбе облысында жол бойы сервисін дамытуға инвесторлар тарту жұмысы жандана түскені атап көрсетілді. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолдар бойында 3028 сервис нысаны орналасқан, оның 170-і Ақтөбе облысының үлесінде.
… Сонымен облыс әкімшілігі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлер арасында қол қойылған меморандум автокөлік жүргізушілері мен жолаушылар жағдайын жасауға арналған үлкен қадамға негіз қалады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button