Жасыңыз құтты болсын!

Соңғы жылдары елімізде Наурыз мейрамын 14-23 наурыз аралығында тойлау қолға алынды.
Бұл онкүндікке бұрынғы дәстүрмен «Наурызнама» атауы беріліп отыр. Ал Наурызнаманың 14 наурыздан басталуы да тегін емес. Өйткені Батыс өңірінің, сондай-ақ шетелдегі (Қарақалпақстан, Ресей, т.б.) қазақтардың бір бөлігі Наурыз мейрамын кешегі кеңес заманының өзінде нақ осы күні атап өтті. «Атап өтті» дегенде, әрине, ол кезде тыйым салынған мейрам кең көлемде тойланған жоқ. Тек осы мерекеге тән кейбір ғұрыптар, негізінен, алыс ауылдарда сақталды. Соның бастысы көрісу ғұрпы еді.
14 наурызда үлкендермен қатар, балалар да ешкім оятпастан таңмен таласа тұрып, ауылды аралау үшін топтасып, жинала бастайтын. Үлкендердің бұйрығы бойынша, алдымен туыстық жағынан өзіңе жақын адамдардың, көршілердің үйіне бару керек.
Ал ақ жаулықтылар бұл уақытта тәтті-дәмдісін дастарқанға қойып, бауырсақ пісіріп, ет асып, әбігерге түсетін. Жұрт бір-бірімен: «Жасың құтты болсын!» деп көрісетін. Ер адамдар қос қолын беріп, төс қағыстырып көріссе, әйелдер құшақ айқастыратын. Әр үй көрісе келген балаларға жылы-жұмсағын ұсынып, ақ тілектерін жаудыратын.
Кеңес тұсында Наурызды тойлауға тыйым салынғандықтан, халық мерекенің атын тікелей атауға жүрексініп, бірте-бірте бұл күн «Көрісу күні», «Амал күні» атанып кеткен еді. Әрине, көрісу ғұрпы тек 14 наурызбен шектелмейді. Бұл бұрынғы Жыл басы, уақыт жаңаратын күн ретіндегі мереке екенін ол кезде балаларға түсіндіре бермейді. Дегенмен осы 14 наурыздан бастап, кейінгі күндерде, жақын айларда басқа жақтан туыстарың не құда-жекжат сынды сыйлы адам келер болса, міндетті түрде алдынан шығып, қол беріп көрісуің керек. Үлкендер жағы ондайда: «Ағаңды биыл көрген жоқсың ғой, тұрып көріс», — деп ескертіп отырады. Мысалы, қаңтар айында көргенің есепке алынбайды. Сондықтан ескірген бұрынғы күнтізбе бойынша жылдың осы 14 наурыздан басталғанын балалар іштей ұғып өсетін.
Зерттеушілердің айтуынша, кеңес өкіметі Наурызға 1926 жылы тыйым салған. Ал 1988 жылдан, яғни арада 62 жыл өткеннен кейін елімізде қайтадан ашық тойлана бастады. 1991 жылыкүнтізбеге ресми түрде Наурыз мейрамы енгізілді. 2009 жылдан бастап Наурыз үш күн қатарынан тойланатын болып бекітілді. 2010жылдардың ортасынан Наурызды 14-інен бастап тойлау керектігі жөнінде ұсыныстар айтыла бастады. Батыс өңірінде, шеттен көшіп келген ағайын арасында Наурызды тойлау көрісу ғұрпымен басталатыны, ол дәстүрдің тіпті кеңес заманында да ұмытылмағаны жиі ауызға алынатын болды. Рас, «көрісу ғұрпы» деген сөзден шошынғандар да аз болмады. Өйткені қазақта жақыны қайтыс болғанда жылап көрісу ғұрпы да бар. Дегенмен тарихшылар, этнографтар Наурыздағы көрісу ғұрпының жөні бөлек екенін, сонымен қатар оның бұрын тек Батыс өңірінде емес, жалпы қазақта болғанын дәлелдеп жазды. Ал қазақ арасында Наурыз мейрамының өзі күн мен түн теңелетін күнмен ғана шектелмей, 8-9 күн бойы тойланғаны жайындаМәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Нұх, Наурыз тарихы» еңбегінде, басқа да естеліктерге жазылып қалған.
Наурызнаманың басы — 14 наурызға тән көрісу ғұрпы жөнінде де көп жазылып жүр. Белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы өзі өмірден өтетін жылыбіздің газетімізге арнайы берген сұхбатында: «Қазір 14 наурызды біреулер «Көрісу күні», енді біреулер «Қауышу күні» деп атап жүр. Шынына келгенде, бұл мерекенің мән-мағынасы, астары өте тереңде, ол аман-саулық сұрасумен ғана шектелмейді… Қазақтың тұрмысында қыста жұрт ауыл-ауыл болып, оқшауланып қалады. Ал көктем шыға, күн жылына бір-біріне көрісе барады. Тек көрісіп, хабар алысып қоймай, бірі-бірінің қуанышын не ауыртпалығын бөліседі. Көрмеген-көріспеген уақыттың ішіндегі жаңалықтардың жақсысына «құтты болсын» айтысады, қайғыға ортақ екенін жеткізеді. Яғни көрісу ел-жұрттың үзілмей келе жатқан аралас-құраластығын одан әрі жалғауға, жақындаса түсуге, ынтымақ-бірлікке жол ашады», — деген еді.
Өлкетанушы Рысжан Ілиясқызы да: «Көрісу — біздің облыста Байғанин, Ойыл аудандарында үзілмей келе жатқан дәстүр. Төрт түлік мал өсірген осы аудандар Атырау, Маңғыстау облыстары тұрғындарымен ертеден көші-қон жолдары аралас, салт-дәстүрі сабақтас болған.Көрісудің негізгі мақсаты үлкенге — құрмет, кішіге —ізет, ағайын-туыс, көрші-көлем, ауыл-аймақ арасындағы бауырмалдық, сыйластыққа негізделген. Жыл бойы көрмеген кісілер кездескенде бір-бірімен көрісіп амандасып, өзара өкпе-ренішті кешіріскен. Ақтөбе қаласында көрісуді Қарақалпақстаннан оралған ағайындар мен Байғанин, Ойыл аудандарынан көшіп келген азаматтар бастап, бүгінде көпшілік қолдап алып кетті», — деген дерек қалдырды.
Ал этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева: «Әбубәкір Диваев ХІХ ғасырдың аяғында Сыр өңірі қазақтарынан ертеде 1 наурызда Наурызды тойлау — «қарт наурыз жүйесі», күн мен түннің теңелетін уақыты «жас наурыз жүйесі» деп аталатынын жазып алған. Жаңа жыл санау бойынша «қарт наурыз» — наурыздың көрісу күніне, 9 наурыз «жас наурыз жүйесі» — 22 наурызға сәйкес келеді», — деп жазады. ХІХ ғасыр аяғында Ресейдің әлі григориан күнтізбесіне ауыспағанын ескерсек, Әбубәкір Диваев жазбасындағы 1 наурыз қазіргі 14 наурызға сәйкес келеді.
Этнограф, наурызтанушы Серік Ерғали 14 наурызды «Көрісу күні» деп атауға үзілді-кесілді қарсы шығып жүр. Бұл — өте орынды ұстаным.Этнограф сұхбаттарының бірінде өз пікірін: «Қазақта «Көрісу күні» деген жоқ, көрісу ғұрпы бар. Көрісу қазақта екі жағдайда болады. Біреуі — туыс қаза тапқан кезде бір-бірімен көрісіп, құшақтасып жылайды. Екіншісі — мүшелдік жаңа жылдың кіруіне байланысты көрісу ғұрпы», — деп жеткізеді. Яғни көрісудің жаңа жылды қарсы алу ғұрпы екенін атап көрсетеді, сол арқылы қазақтардың әр жаңа жылды наурыз айының алғашқы күнінен (қазіргіше 14-інен) бастағанын еске салады.
Ескі күнтізбемен жыл басын наурыздың бірінші күнінен бастап тойлау дәстүрі көп өңірде неге ұмытылған? Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев өз зерттеулеріне сүйене отырып, бұны: «Батыста таза қазақи дәстүрлер көбірек сақталды. Себебі онда қазақтар басым болды. Оңтүстікте де қазақ көп, бірақ оңтүстіктің дәстүрлері көбіне өзбек, сарттармен араласыңқырап, ислам дінінің ерекшеліктерін де бойына сіңірді. Тіпті келіндердің сәлем беруінің таза қазақи нұсқасы — оң қолды тізенің үстіне қойып, сәлем беру — Маңғыстауда әлі бар. Бұл — сақ заманынан бері келе жатқан дәстүр. Дәл осы сәлем беру дәстүрі Қытайдағы қызай наймандарында сақталған. Бір жағы адай болса, енді бір жағы қызай, дәстүрлері бір-біріне қатты ұқсас», — деп түсіндіріпті.
Осылайша зерттеушілердің, тарихшылардың пікірі Наурыз мейрамын 14-інен бастауға көбірек ауып, қоғам да мұны қолдап отыр.
Жалпы, Наурыз мейрамының тарихы қашаннан басталады? Бұл мерекені Шығыста көптеген халықтың, соның ішінде барлық дерлік түркі жұртының, көршілес парсылардың да тойлайтыны белгілі. Сондай-ақ біздің заманымыздан бұрынғы 45 жылы қолданысқа енген юлиан күнтізбесіне дейінгі көне рим күнтізбесінде де (яғни көне Еуропада деп түсініңіз) жаңа жыл наурыз (март) айынан басталған.
Зерттеушілер бүгінге дейін Наурызды кемінде 5 мың жылдан бері дәстүрге айналған мереке санап келді. Наурызды адамзат малды қолға үйретіп, егіншілік дами бастаған неолит дәуірінде пайда болған деген де болжам бар. Ал неолит дәуірін ғалымдар әртүрлі есептегенімен, жалпы алғанда, біздің заманымызға дейінгі ІХ-IV мыңжылдықтармен сәйкеседі.
Наурыз — мыңдаған жылдар бойы қазақтың басты мерекесі болған ұлы мейрам. Бабалар оны «Ұлыстың ұлы күні» деп дәріптеген. Біз де кеңес заманында да үзілмей айтылған «Жасың құтты болсын!» деген тілектің ұрпақтан-ұрпаққа көше беруін тілейміз.
Жасыңыз құтты болсын!
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.