«Codiрlay»жобасы алты мектепте жүзеге асады

Семинар
Ауданның алты мектебі оқушыларға IT-бағдарламалау негіздерін үйренуге мүмкіндік беретін «CodiPlay» білім беру жобасына қосылады. Бұл туралы Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында өткен «Білім беруді басқару және цифрлық трансформация» тақырыбында өткен семинарда белгілі болды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов «CodiРlay» жобасының цифрлық дағдыларды үйретудегі маңыздылығын атап өтіп, оны ел мектептеріне енгізуді қолға алуды тапсырған болатын. Семинар барысында жаңа платформа таныстырылып, бағдарламалау бойынша оқыту жүргізілді.
«CodiРlay» мектеп оқушыларына бағдаршам бағдарламалары, ақылды үй жүйелері, тіпті дрон конструкциялары сияқты қарапайым жобаларды құру арқылы бағдарламалауды меңгеру мүмкіндігін ұсынады. «CodiPlay» компаниясының мемлекетпен байланыс жөніндегі директоры Нұрғали Асанұлы атап өткендей, платформа оқушыларға бағдарламалау негіздерін үйретеді.
Жоба шетелдегі 13 елде сәтті жұмыс істеп жатыр. Оның тұжырымдамасы — Saratch, C, және Python тілдерінде бағдарламалауды үйрену үшін мобильді ойындарды пайдалану. Сондай-ақ платформа аясында интернет өнімдерін (IoT) құруға арналған CodiKit бағдарламасы қолжетімді. ЮНЕСКО-ның цифрлық қоғамдық игілігі ретінде танылған «Coditeach» веб-платформасы мұғалімдерге оқу бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді, бұл оқу процесін айтарлықтай жеңілдетеді.
Семинарда платформаны пайдалану бойынша педагогтер оқытылды, соның нәтижесінде облыстық білім басқармасы, Хромтау аудандық білім бөлімі және «CodiPlay» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
— Семинарда балаларды жаңа технологияларға ерте жастан оқытудың маңызыайтылды. Себебі балалар жаңа технологияларды тез меңгереді. Сондықтан оларды мектеп жасында заманауи дағдыларға үйретудің маңызы зор.Бұл келісім өңір мектептеріне инновациялық білім беру шешімдерін одан әрі енгізу үшін негіз болады. Соның ішінде біздің ауданда алты мектеп IT-бағдарламалау негіздерін үйренуге бірегей мүмкіндік беретін «CodiPlay» білім беру жобасына қосылады. Бұл — біздің білім алушыларымыз үшін жағымды жаңалық,— дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Шерхан Отаров.
Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА,
Хромтау ауңданы.