Жеңіс

Берлинге жеткен жауынгер

Бұрынырақта Жұрын аталған ауданның Құмсай ауылында туып-өскен Алдаберген Сұлтанғалиев дүниеге 1910 жылы келген. Балалық шағы елдегі аласапыран жағдайда, ақтар мен қызылдардың қырғыны, үкімет ауысқан кезеңге тап болған.

Жаңа үкімет саясатымен білім алған ол оқу бітірісімен бірден жұмысқа қосылып, туған ауылында есепші болады. 1932 жылы міндетті әскери қызметін өтеуге шақырылады. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң бұрынғы жұмысын жалғастырады. Алайда елдің тыныштығын күтпеген жерден басталған соғыс бұзады.

Неміс фашистерінің басқыншылық шабуылы басталғаннан кейін көп ұзамай, яғни 1941 жылдың 8 тамызы күні жалпы әскерге шақыру бойынша майданға жіберіледі. Алғашқы дайындықтан өтіп, соғыс тәсілдерін, қол пулеметінен және басқа қару-жарақтан атуды үйренеді. Байланыс полкінде тасушының, ат айдаушының міндетін атқарады. 1942 жылдан бастап соғыс аяқталғанша атқыштар полкінде барлаушылық қызметте болады.

Ол соғыс барысында Украина, Беларусь, Польша, Франция елдерін жаудан азат ету шайқастарына қатысқан. Соның ішінде «Украина мен Беларусь жерінде болған қақтығыстар өте ауыр соқты» деп еске алып отыратыны балаларының жадында сақталып қалыпты. «Ал Польша мен Францияда жауды қуа жөнелдік» деп майдан көрінісін көз алдына келтіргендей болады екен.

Франция жерінде 1944 жылы жазда бір шайқаста бомба жарылып, бастан жарақат алып, немістердің қамауына түсіп қалады. Одан қашып шығу әрекеті жүзеге аспаған, ал 1944 жылы қыркүйекте француз партизандары оны босатып жібереді.

Соғыс аяқталғанша ол атқыштар полкінде болады. Жеңіс күнін Берлинде қарсы алып, елге аман-есен оралады. Оны үйінде барлық жауынгерлер сияқты, анасы, қарындасы және қызы күтіп алады.

Ел қорғаған майдангер бейбіт жылдарда аянбай еңбек етеді. Балаларының алдында жетпіс үш жасында өмірден өтеді.

Бүгінде артында қалған ұрпақтары аталарының ерлік жолдарын мақтан тұтып, айтып отырады.

 Нұрлыбай БЕРДІБАЕВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button