Сарбаздар ант қабылдады

Әскер
Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның 6655-әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шарағаәскери бөлім басшылығы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, сарбаздардың жақындары қатысты.
Бұл күні мемлекеттік Ту көтеріліп, еліміздің Әнұраны шырқалды. Салтанатты іс-шарада әскери бөлім командирі полковник Еділхан Аймағамбетов жас сарбаздардың әскери өмірінің басталуы олардың азаматтық борыштарын орындауға жасаған алғашқы қадам екенін атап өтіп: «Әскери ант — жай ғана рәсім емес, ол әрбір сарбаздың жүрегіндегі адалдық пен жауапкершілік. Отанымыздың бейбіт өмірін сақтау үшін сіздерге зор сенім артылып отыр. Әскери борышты абыроймен атқаруға шақырамын», — деді.
Бөлім командирі ата-аналарға мұнда сарбаздарға жасалған жағдай туралы толық ақпарат берді.
— Әскери бөлімде сарбаздардың қауіпсіздігі мен қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған. Тамақтану, медициналық қызмет көрсету,оқу-жаттығу бағдарламалары мен күнделікті тұрмыстық қажеттіліктердің барлығы әскери стандарттарға сәйкес ұйымдастырылған.Біз үшін әрбір сарбаздың денсаулығы менкөңіл күйі аса маңызды. Жас жауынгерлерге әскери тәртіпті үйретумен қатар, оларды моральдық тұрғыдан қолдауға және елдің сенімді қорғаушысы ретінде тәрбиелеуге ерекше назар аударамыз. Бұл — біздің басты міндетіміз, — деді. Ол әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы маңызды міндет екенінбаса айтты.
Салтанатты іс-шарада сапқа тұрған әр сарбаз әскери жарғыға сәйкес ел тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғауға, халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз етуге және командирлердің бұйрықтарын бұлжытпай орындауға серт етіп, ант берді.
Ардагерлер кеңесінің өкілі, запастағы подполковник Сәлімгерей Қойшыбайұлы сөз сөйлеп: «Сіздер елдің ең сенімді тірегі болдыңыздар. Бұл — өмір жолындағы ең маңызды қадамдардың бірі. Сіздерге жігер, батылдық және абыройлы қызмет тілеймін!» — деп батасын берді.
Ант қабылдау салтанатында әскери оркестр патриоттық әндер орындап, сарбаздарға рухани күш берді.
Төрехан ТОРТБАЕВ, подполковник,
Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімкомандирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.