Жаңалықтар

Францияны бағындырған Баян

Жас қалам

Қазақ тарихында өзінің қоңыр дауысымен Парижді алғаш бағындырған Әміре Қашаубаев десек, сол Париж төрінде қазақтың ұлттық мәдениетімен қоса, туризм саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген ауылымыздың мақтанышы Баян Жанбауованы ауылдастары мақтан тұтады.

Баян Қауыпбайқызы Талдық орта мектебінің бастауыш сыныбында, кейін Қарабұтақ орта мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасында жүргенде жаңашыл ойларымен, ұшқыр қиялымен көзге түсті. Қазақ тілі, орыс тілі пәндері бойынша республикалық олимпиадалардың жүлдегері болғанын ұстаздары зор мақтанышпен айтады. 1997 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің шетел тілдері факультетін, 2001 жылы Мемлекеттік заң академиясын үздік тәмамдап, еңбек жолын мұнай-газ саласында бастаған. Ұлттық және халықаралық компаниялар мен ұйымдарда 18 жыл бойы заңгер қызметін атқарған.

Өз саласында көшбасшы болуға ұмтылатын Баян Қауыпбайқызы 2015-2017 жылдары Францияның Париж-Дофин университетінде білім алып, сол елде экономика саласында қызмет жасады. Қазір Баян Қауыпбайқызы Париж қаласында сән, дизайн саласында жеке кәсіпкер ретінде танымал. Ол — Париждегі сән, туризм саласындағы жоғары оқу орындарында лектор-кеңесші, жергілікті қазақ диаспорасының белсенді мүшесі, қазақ өнерін, дәстүрін, қолөнерін насихаттаушы, «KazFashionParis» француз ассоциациясының негізін қалаушы, Қазақстан елшілігі жанындағы «Абай» атындағы мәдени орталықтың жетекшісі. Баян бүгінде Париж қазақтарына домбыра үйретіп, қазақ тілінен дәріс береді. Сондай-ақ қазақтың ұлттық киімдерін шығаратын сән үйінің басшысы. «Нұр-Шах» сән үйі ресми талаптардан  (тігіс жатықтығы, мата сапасы, қолөнер, кесте) өтіп, Жоғары сән сарапшыларының жоғары бағасын алған.

«Қазақ болып туғасын жүрген жерімде шыққан тегімді, мәдениетімді таныстырып жүруім керек деп ойлаймын. Сыртта жүрген әрбір қазақ — елдің елшісі, сондықтан диаспора арасында ауызбіршіліктің маңызы зор. Ел абыройын биік ұстап, атамекенге адал болу —  менің басты ұстанымым»,— дейді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын шетелде насихаттап, мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосып жүрген Баян Қауыпбайқызы біз сияқты жастарға үлгі-өнеге болары анық. Біз ауылымыздың перзенті Баян Қауыпбайқызының жетістіктеріне қуанып мақтан етеміз.

 Жаннұр МҰХАНБЕТСАПА,

Қ.Шаңғытбаев атындағы орта мектептің

8-сынып оқушысы,

Қарлығаш ЖАЛМҰХАМБЕТОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button