Су тасқыны

Қобда ауылында жаңа үйлер салу үшін жер учаскелері анықталды

Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты жедел штабтың отырыстарының бірінде Үкіметке жаңа типтегі үйлерді салуды және тез арада құрылысты бастау қажеттігін айтты. Президент пәрменін іске асыруға Ақтөбе облысы кірісіп кетті.

Өткен аптада Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге үй салынатын 200-ден аса жер учаскесі белгіленсе, бүгін Қобда ауданында жаңа тұрғын үйлер бой көтеретін жер учаскелері қаралды.

Аудан орталығына құрылыс компаниялары өкілдерімен бірге облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев барды.

💬 Оның айтуынша, Қобда ауылында — 102, Жарық ауылында — 27 үй су басқан. Бүгінде жаңа үйлер салынатын аумаққа қазық қағу жұмыстары басталған.
«Қазіргі таңда Қобда ауылындағы суға кеткен үйлерді 15 мердігер ұйымға бөліп бердік. Олар өз қаражатына құрылыс жұмыстарын бастайды. Екі айдың ішінде барлық құрылысы жұмыстары аяқталуы керек. Жобаларға келсек, мұнда 80 және 100 шаршы метрлік үйлер салынады. Қобда ауданы әкімдігі тұрғындармен кездесуде өзара келісім бойынша алдағы уақытта үйлерді бөліп береді. Қазір зауыттармен келісім жасалып, кірпіш, блок тастар жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – дейді Ержан Мұздыбаев.

Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев аудан орталығындағы су басқан үйлердің техникалық жағдайын тексеру жалғасып жатқанын айтты.
«Бүгінде Қобда ауылының тұрғындарынан су тасқыны салдарынан мүліктің бүлінгені туралы 284 өтініш келіп түсті. Техникалық тексеру барысында 102 үй қалпына келтірілмейтіні анықталды, яғни сонша үй салу керек. Су басқан тұрғын үйді техникалық тексеру жалғасып жатқандықтан, бұл сан алдағы уақытта көбеюі мүмкін», – деп атап өтті аудан әкімі.

Жаңа үйлер сондай-ақ, Ойыл, Әйтеке би, Темір және Ырғыз аудандарында да салынады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button