Су тасқыны

1000 отбасы біржолғы төлем алды

Қолдау

Облыста су тасқынынан келтірілген залалға байланысты өтемақы беріліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста  су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды барынша тез өтеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. Облыс тұрғындары алғашқы төлемдерін ала бастады. Зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз қалмайды.

Ресми мәліметке жүгінсек, бүгінгі таңда арнайы құрылған комиссияларға жергілікті маңызға ие төтенше жағдай жарияланған алты аудан мен Ақтөбе қаласының тұрғындарынан 3180 өтініш түсті. Өтініш білдірген азаматтардың басым бөлігі облыс орталығының Алматы ауданында тұрады.

Комиссия мүшелері құжаттарды мүмкіндігінше тез тексеріп, тәуелсіз бағалау компаниясының қорытындысын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қазіргі уақытта облыстың 14 тұрғынына жалпы сомасы 33,2 млн теңгеден астам өтемақы аударылды. Өтініштерді қарау жалғасуда. Бірде-бір мәлімдеме назардан тыс қалмайды.

Сонымен қатар су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болған отбасыларға төлем беру жұмыстары да жалғасып жатыр.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, 15 сәуірдегі жағдай бойынша біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін облыста 1324  құжат қабылданып, оларға 444 371,6 мың теңге тағайындалды. Оның ішінде 1000 отбасына 326 342,4 мың теңге төлем жүргізілді. «Қалған 324 отбасы үшін118 029,2 мың теңгенің  құжаттары қаралып жатыр. Құжаттардың тексерістен  өтуіне сәйкес төлем жүргізіледі», — деді басқарма басшысы.

Алдын ала есептеулерге сәйкес 3 мың адамға 1 млрд теңге шамасында қаражат төленеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыста су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету үшін барлық іс-шаралар қабылданып жатыр. Оның ішінде біржолғы әлеуметтік төлемдер жүргізу  ісі белсенді түрде жалғасуда. Азаматтарға төлем алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгіну қажет, — деді Гүлназ Сисенова.

Жергілікті өкілетті органдардың шешімі негізінде су тасқынынан зардап шегіп,  қиын жағдайға тап болған отбасыларға төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері —  Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданында 300 мың теңге,  қалған аудандарда 100 айлық есептік көрсеткішке (369 200 теңге) тең.

 Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button