Басты жаңалықтар

«Таза Қазақстан» сенің аулаңнан басталады!

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Бес аптаға созылатын ауқымды экологиялық іс-шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді.

Ақтөбеліктердің алдында көшелерді, тарихи-мәдени ескерткіш аумақтары мен өзен-бұлақтардың арнасын қоқыстан тазарту міндеті тұр.

«Таза Қазақстан» аясында Ақтөбе қаласы аумағында нақты қандай іс-шаралар жүзеге асырылатынын қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннен сұрап білген едік.

Сонымен…

Екі акция — бір мақсат

Бүгінгі таңда қаламыздағы мыңнан астам ерікті жастар су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесіп жатыр. Келесі аптадан бастап олар тасқын су шайған аумақтарды ретке келтіріп, саябақтар мен аллеяларда тазалық жұмыстарын жүргізеді.

Жылда дәл осы уақытта түрлі тазалық акцияларын ұйымдастырып жататын ақтөбеліктерді биылғы көктем біраз әбіргерге салды. Қала маңындағы өзендер арнасынан асып, көп үйді су басты. Соған қарамастан, 6 сәуір күні жалпықалалық сенбілік өткізіп, қаланы қыстан қалған қоқыстан тазарттық.

Ал 8 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді және аталған жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Дәл осы күні еліміздің жастар ресурстық орталықтары мен ұйымдарының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды, — деді Самғат Артығалин.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Таза Қазақстан» бес аптаға созылады.

6-13 сәуір аралығындағы бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді.20 сәуірге дейінгі апталық — «Киелі мекен». Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.

Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық тал егу, саябақтардағы ағаштарды әктеумен ерекшеленеді. 4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, қала тұрғындары, жастар мен еріктілер ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалап, абаттандыруға тиіс. «Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.

— Қазір екі аудан әкімдігімен келісіп, жұмыс жоспарын дайындап жатырмыз. «Таза өлке» аптасында біздің еріктілер қаладағы саябақтар мен аллеяларды күл-қоқыстан тазартады. Ақтөбе қаласының Астана ауданында — 57, Алматы ауданы аумағында23саябақ пен аллея бар. Қолдан келгенше барлық аумақты қамтуға тырысамыз. Ал келесі аптада ақтөбелік жастардың бастамасымен «Таза қала — таза жағалау» акциясы бастау алады. Әр жұма жастар екі топқа бөлініп, екі акция аясында жұмыс жасайтын болады. «Таза қала — таза жағалау» акциясының қатысушылары су қоймалары мен өзендердің маңын қоқыстан тазартса, «Таза Қазақстанның» ерікті жастары бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізеді. Ал сенбі күні барлығымыз жалпықалалық сенбілікке шығамыз, — деген қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы ақтөбеліктерді экологиялық акцияларға белсене қатысуға шақырды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл — дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақста, бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек», — деген болатын.

Байқап отырсаңыз, табиғаттың барлық игілігі адамдар үшін жасалған. Сондықтан бізге ешқандай ақы сұрамай, тегін берілген құндылықтарды күтіп ұстау — ортақ міндет. Қаланың да, даланың да таза, көрікті болуы алдымен онда тұрып жатқан тұрғындарға байланысты. Кешегі су тасқынынан кейін қала маңындағы су басқан елді мекендердің сиқы кетіп қалды. Бірақ оны қайтадан қалыпқа келтіру үшін бір күш болып біріксек жетіп жатыр. Барша жерлестерді, аға буын өкілдерін тазалық айлығына белсене қатысуға шақырамыз, — деді ол.

Жұбанов жастары үндеу жасады

Қай кезде де игі істердің басы-қасында жүретін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жастары ақтөбеліктерге үндеу жасап, «Таза Қазақстан» акциясына қатысуға шақырды.

— Ел Президенті өзінің бір сөзінде: «Отанға деген сүйіспеншілік бұл — үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл — шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді» — деген болатын. Расында, әрбір үйдің маңы мен әр көшенің тазалығы —қаланың айнасы. Әрбір бала жастайынан Отанның сол шағын ғана аумақтардан басталатынын білуге тиіс.

Біздің университет жастары қаланың тазалығына ешқашан бейжай қараған емес. Елімізде басталған «Таза Қазақстан» акциясына да міндетті түрде қатысады. Күні кеше осы экологиялық іс-шараға ақтөбеліктерді шақырып, үндеу жасады, — деді университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Нарқозы Қартжан.

Оның айтуынша, «Таза өлке» апталығында университет жастары білім ордасының маңында тазалық жұмыстарын жүргізеді.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 5 оқуғимараты бар. Сенбі күні осы ғимараттардың маңында сенбілік ұйымдастырамыз. «Киелі мекен» апталығында өзімізге бекітілген Батырлар аллеясын тазартуды жоспарлап отырмыз.Тазалық акциясына Ағайынды Жұбановтар мен Сәтбаев көшесінің тұрғындарын да шақырамыз. «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталығында облыстық, қалалық жастар ресурстық орталықтарымен бірігіп жұмыс істейміз, — деді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button