Басты жаңалықтар

Еріктілер еңбегі

Күннің күрт жылынуы салдарынан өңіріміздің бірқатар аумағында су тасқыны орын алды. Тосыннан келген апатқа облыстық жедел штабтың мүшелері, әскерилер мен еріктілер жұмылдырылып, көктемгі су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстарына атсалысып жатыр. Апат болған күннен бастап облыстың әр түкпірінен гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатқанын көріп отырмыз. Табиғи апаттан зардап шеккен халыққа ақтөбелік волонтерлер мен қала тұрғындары да көмек көрсетіп жатыр.

Волонтерлер штабы құрылды

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, су тасқыны болған сәттен бастап игі іске жаны құмар адамдар облыс және ауыл тұрғындарына барынша көмек көрсетіп жатыр. Еріктілер тәулік бойы қызмет етуде.

Өңірде волонтерлік қызмет қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі волонтерлік топтар саны 3 есеге артты. Қазіргі таңда облыс бойынша 8500-ге жуық еріктісі бар 164 волонтерлік топ қызмет етеді. Облыс орталығында 30-дан астам волонтерлік топ жетекшілері тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға материалдық және моральдық көмек көрсетіп жатыр. Белсенді еріктілер бастамасымен қазіргі уақытта «Ақтөбе — қайырымды өңір» деген атаумен су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек күн сайын жөнелтіліп, тұрғындарды эвакуациялық пункттерге жеткізу жұмыстары атқарылуда. Еріктілердің қатарына қаламыздағы  такси жүргізушілері де қосылып, тұрғындарды эвакуациялық пункттерге тегін тасымалдап, гуманитарлық көмектерді жеткізіп беріп жатыр. Еріктілердің арасында студенттермен қатар, ересектер де бар. «Лада», «Ларгус», «Альфард» сынды автокөлік иелерінің басын біріктіретін чатты Артур Азиев деген жігіт ашып, тұрғындарды эвакуациялау, азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарына үлестерін қосып жүр, — дейді басқарма басшысы.

Қала тұрғындары да тасқыннан зардап шеккен адамдарға қаржылай, заттай көмектерін беріп жатыр. Көлігі бары жиналған жүкті тегін жеткізіп жүр. Сондай қайырымды жастардың бірі — «Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының маманы Артур Азиев.

Қазіргі таңда волонтерлік топ киім-кешекті сұрыптап, жаңаларын ғана қаптамаға орап, іріктеп жатыр. Көмектің алғашқы күнінде еріктілер жан-жақтан келген гуманитарлық көмекті сұрыптап, эвакуациялық орталықтарға уақтылы жеткізіп отырды. Сонымен қатар олар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, автокөлігі бар волонтерлермен бірлесе жұмыс жасады. Облыста төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әлішер Садық волонтерлердің арнайы штабын құруды ұсынды. Осылайша Астана және Алматы ауданы бойынша еріктілердің басын қосқан арнайы штаб құрылды.

Алғашында WhatsApp группа ашып, автокөлігі бар волонтерлерді жинадым. Бір күннің ішінде чатқа 1000-нан астам ерікті қосылды.Олардың бірі эвакуациялау жұмыстарына жұмылдырылса, бірі  «Анаға тағзым» орталығы және облыстық жастар ресурстық орталығына гуманитарлық көмекті жеткізіп отырды. Сонымен қатар еріктілер төтенше жағдай қызметкерлері мен эвакуацияланған азаматтарға ыстық тамақтар жеткізді. Су тасқыны орын алған сәтте автобус пен жеңіл көліктерге сыймай қалған жайттар да болды. Өзім автоволонтерлік топ жетекшісі ретінде телефон қоңырауларына жедел жауап беріп, көлік иелеріне ақпарат беріп отырдым. Сондай-ақ ерікітілеріміз әскери қызметшілермен бірге  су жолындағы көшелер мен аулаларға топырақ пен құм салынған қаптарды қойып, су басқан тұрғын үйлердің аулалары мен жолдарын тазартты, — дейді Артур Азиев.

 Жұмыла көтерген жүк жеңіл

«Жүректен жүрекке» еріктілер тобының жетекшісі Әлішер Садық төтенше жағдай орын алған сәттен бастап ауласын су басқан тұрғындардың үйлерін аралап, құтқарушылармен, еріктілермен тығыз байланыста жұмыс жасағанын айтады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, айтып келмейтін апат салдарын бірге жеңуге күш салып жатырмыз. Әсіресе үйін су басқан тұрғындар төсек-орын жабдықтары мен киім-кешектерге мұқтаж еді. Сондықтан ең алдымен мектептің спорт залына орналасқан тұрғындарға азық-түлік, шаруашылық заттарын уақытында жеткізіп отырдық. Ойламаған жерден баспанасыз қалған тұрғындарға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Жедел әрекет етіп, үйсіз қалғандарды эвакуациялық пункттерге орналастырдық. Ерікті қыздар күн сайын 400 адамға жететін ыстық тамақ әзірлеп, киім-кешекті сұрыптау жұмыстарына көмектесті. Тіпті тәулік бойы ұйықтамаған кездеріміз де болды. Дәрігерлер мен стоматологтар су тасқынына көмек беріп жүрген еріктілер тобындағы адамдарға жеңілдікпен қызмет көрсететінін айтты. Жерлестерімізге қол ұшын созу — басты міндетіміз. Көмекке келген адамдарға ерекше алғыс айтамыз, — дейді Садық Әлішер.

«Қазақстан студенттерінің Альянсы» Ақтөбе облыстық филиалының еріктілері де көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созды. Облыстық филиалдың төрағасы Темірлан Алдажаровтың айтуынша, Қазақстан студенттерінің Альянсының облыстық филиалында 50-ге жуық белсенді жас бар. Олар су тасқыны кезінде құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына көмектесіп, біркісідей жұмыс атқарды. Ендігі кезекте еріктілер тасқын су шайған жолдарды ретке келтіру мен тазалық жұмыстарына атсалысуды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев cу тасқыны болмаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырғаны белгілі. Президент бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Тазалық бәрімізге керек. Сондықтан әрқайсысымыз тазалықты өзімізден бастауымыз керек. Осы аптада алғашқы сенбілікті ұйымдастырып, облыстағы су қоймалары мен арықтарды күл-қоқыстан тазартуды жоспарлап отырмыз. Тасқын судың беті қайтқан соң, Қарғалы су қоймасынан бастап қаламыздағы ірілі-ұсақты өзендердің жағалауында «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» секілді акцияларды ұйымдастырмақпыз. Сондықтан тек жастар ғана емес, барша қала тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын, — дейді Темірлан Алдажаров.

Сұхбат барысында ешбір волонтерлік ұйымда тіркелмей-ақ көмек беріп, қоғамдық іс-шараларға қатысып жүрген белсенді жастармен де әңгімелескен едік. Солардың бірі  «Ақтөбе аруы» ұлттық сән байқауының директоры Нұржамал Мамутова тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың балаларына көтеріңкі көңіл күй сыйлауды жөн көріпті.

Жіңішке өзеніне жақын орналасқан Вохр, Махамбет ұжымдарының тұрғындарына көмектесіп, азық-түлік, тұрмыстық заттар апардық. Енді Алматы ауданына қарасты Жарық ауылына гуманитарлық көмек беруді жоспарлап отырмын. Күні кеше Әлкей Марғұлан атындағы №71 мектепте орналасқан эвакуациялық орталықта балаларға арнап іс-шара ұйымдастырдық. Арнайы аниматор жалдап, балаларға 150 балмұздақ тараттық. Осындай қайырымдылық іс-шаралары адамдарды жауапкершілікке, табандылыққа үйретеді. Барша халықты игі іске жұмыла атсалысуға шақырамын, — дейді Нұржамал Махмутова.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button