Басты жаңалықтар

Ассенизатор құрастырған егіздер

Қиын шақта халыққа көмектесті

Сағидолла мен Ғарифолла Бекмағанбетовтар — жеке кәсіпкерлігі бар жігіттер. Темір ауданының Алтықарасу ауылында туып-өскен егіздер бүгінде өз иеліктеріндегі ассенизаторларымен Ақтөбе қаласының суға кеткен аймақтарында демалыссыз жұмыс жасап жүр.  

Техника тілін әкемізден үйрендік

Бүгінде жастары отыздан асқан Сағидолла мен Ғарифолла Ақтөбе қаласында тұрады. Екеуі де отбасылы. Екеуі де көпбалалы әке. Темірдің Алтықарасу ауылындағы орта мектепті тәмамдаған олар 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы колледждердің біріне мұнай-газ мамандығына құжаттарын тапсырады. Алайда колледж оқушылары бастаған оқуын аяқсыз қалдырып, тура бір жылдан соң әскерге аттанады. Сарыағаш шекара жасағының 2020-әскери бөліміне түскен егіз жігіттер 2007-2008 жылдары Отан алдындағы әскери борышын ойдағыдай аяқтап, туған жерге келеді.

Балалық шағымыз Алтықарасуда өтті. Біз — шаңырақта бес қыздан кейін өмірге келген ұлдармыз. Әкеміз Қуандық — ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен жан. Біз техниканың қыр-сырын әкемізден меңгердік. Себебі ол кісі өмірінің соңына дейін көлік жүргізді. Ал анамыз Майра ауылда балабақшада тәрбиеші болды. Анамыз қазір зейнеткерлік демалыста, немере бағып, екеуміздің шаңырағымызда қатар жүреді. Негізі, егіздердің өзі ағалы-інілі болады ғой, Ғарифолла өмірге менен бұрын келген, — дейді Сағидолла.

Ортақ өгізден, оңаша бұзау…

Олардың сырт келбетін бір-бірінен ажырату қиын. Ағалы-інілі екеубұған дейін он бес жылдай құрылыс саласында жездесі Наурызбайдың қарамағында тас қалаушы болып еңбек етіпті. Бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі атанған жігіттер қазір өз алдына жеке кәсіпкерлік ашып, халыққа пайдаларын тигізіп жүр.

Құрылыстан әуелі мен кеттім, екі жылдан соң Ғарифолла да осы бизнеске келді. Екеуіміздің де сыйымдылығы 7 текше метр септикті соратын ассенизатор көлігіміз бар. «ЗИЛ» маркалы бұл көліктерді септик соруға ыңғайлы етіп өзіміз жинап шығардық. Көліктерімізге газ қондырғысын да  орнатып алдық, — дейді Сағидолла.

Қазір Ақтөбе қаласы айналасында жеке үйлер көптеп салынып, жаңадан тұрғын үй алаптары пайда болып жатыр. Әрине, жаңа пайда болған жеке секторлар орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмайтыны анық. Әрбір үйдің жанында септиктер орнатылған. Мұндай кәріз құдығын тазарту үшін арнайы техникасы бар адамдардың қызметіне жүгініп жатамыз.

Қазір қалада жеке үйлер көп салынып жатыр. Мұндай үйлердің жанына арнайы септик орнатылып, дала әжетханасы салынады. Сыйымдылығына қарай септиктің де түр-түрі болады. Сондықтан тапсырыс қабылдарда бірінші кезекте кәріз құдығының сыйымдылығын сұрап жатамыз. Себебі сыйымдылығы үлкен септиктерді тазарту үшін сондай мөлшерде бөшкесі бар ассенизаторлар жіберіледі. Қазіргі уақытта сыйымдылығы 7 текше метрлік ассенизатор үшін тапсырыс қабылдаймыз, — деді Сағидолла.

Жігіттердің айтуынша, олардың қазір тұрақты клиенттері бар. Жыл өткен сайын қызметтің бұл түріне деген тапсырыс та көбейіп жатыр.

Жауапты шақта жұмысқа жарады…

Биылғы көктемгі су тасқыны облыс тұрғындарын әбігерге салып, есеңгіретіп жібергені рас. Алпыс күн тасыған су, алты күнде қайтады дегенмен, тасқынның салдары әлі де болса жұртшылықты әлекке салып жатыр. Қауіптің беті қайтқанмен, жер-жерде жиналған суды сору, су басқан үйлердің ауласын тазалау сияқты жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Күн күрт жылынып, оның үстіне қар аралас жаңбыр жауып, айналаны су шайған кезде Сағидолла мен Ғарифолла Ақтөбе қаласы бойынша демалыссыз жұмыс  жасаған 130 ассенизатор жүргізушісінің қатарында болды.

Су тасқыны кезінде 24/7 режимінде жұмыс жасадық. Бұл іске Ақтөбе қаласы бойынша 130 ассенизатор жұмылдырылды. Ғарифолла екеуіміз қарсылық көрсетпестен, бірден келісімімізді бердік. Себебі үйлерін су басып жатқан жұртшылыққа барымызша көмектесуге тырыстық. Тасқын кезінде қала бойынша ассенизатор жүргізушілері 13 бригадаға бөлінді. Біз бір бригада болып, қаланың 11,12-шағын аудандарындағы көпқабатты үйлердің ауласына жиналған көп мөлшердегі суды сордық. Сондай-ақ Сельмаш, Әуеқалашығы, 312-атқыштар дивизиясы бойындағы «Вишнёвый сад» бау-бақша ұжымдарында су сору жұмыстарымен айналыстық. Мәселен, қаланың 11,12-шағын аудандарында сорылған суды аталған маңдағы кәріз құдығына құюға тура келді. Қазір де осы аталған аумақтарда су сору жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Біздің бригаданы  Ерден Зәкіров деген жігіт басқарады. Жұмысты ұйымдастырушылық қабілетіне риза боласың. Әрбір ассенизатор жүргізушісіне сағатына 2 рейс жасауға мүмкіндік берді. Әрбір барған объектімізді суретке түсіріп, есебін де беріп отырмыз. Қазір де бұл бағыттағы жұмыс жоспарлы жүргізіліп жатыр, — дейді жігіттер.

Ғарифолланың айтуынша, көктемнің алғашқы күндерінде бұрын-соңды дәл мұндай қарқында жұмыс жүргізілмеген. Қарғын судың тебіні тежелмеген, яғни наурыздың соңғы күндерінде ассенизатор жүргізушілеріне де оңай тимеген. «Соңғы 15-20 күнде үздіксіз жұмыс жасап жатырмыз. Ең бастысы, нағыз жауапты шақта қолдан жасап алған көліктеріміз «ұялтпай», жұмысқа жарап тұр», — дейді  Сағидолла.

Шекарадағы «шешім»

Әдетте егіздердің өмірінде көп қызықтар болып жатады. Әскери борышын өтеген шақтарында Сағидолла мен Ғарифолланың да басынан осындай қызықты жайттар өткен.

Біз Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Қызыл Сарқырама ауылы маңындаәскери борышымызды өтедік. Бір-бірімізге қатты ұқсағандықтан көпшілігі бізді ажырата алмай жатады. Біз әскери борышымызды өтеген қазақ-өзбек шекарасында «Жібек жолы», «Қазығұрт» сияқты басқа да кеден бекеттері орналасқан. Осындай шекара бекеттерін күзетуге жиі барамыз. Шаршаған сәттерде бір-бірімізді алмастыра қоямыз. Біздің бұл әрекетімізді командирлеріміз байқамай да қалатын, — дейді Сағидолла.

Айнасына шар байлаған ассенизаторлар

Ғарифолла да, Сағидолла да Маңғыстау өлкесінің қыздарына үйленіпті. Бүгінде Ғарифолла мен Ағленнің тұңғышы үшінші сыныпта оқиды. Одан бұрын шаңырақ көтерген Сағидолла мен Айнұрдың отбасындағы төрт баланың үлкені биыл бесінші сыныпты тәмамдамақ.

Биыл ақпанда ақтөбелік ассенизатор жүргізушілерінің кортежі әлеуметтік желілерде көп қаралым жинап үлгеріп, көпшіліктің қызығушылығын туғызған еді. Жиырмадан астам техниканың қатарында Сағидолла мен Ғарифолла тізгіндеген ассенизаторлар да болды. Айнасына шар байлаған техникалар облыстық перинаталды орталықтан бастап Ақтөбе қаласының негізгі көшелерін кесіп өтіп, көпшіліктің назарын өздеріне аударды.

Қазіргі күні ақтөбелік ассенизатор жүргізушілерінің арнайы әлеуметтік желісі мен «Ассенизатор-04» чаты бар. Осы чат Ақтөбе қаласы бойынша 150-ге тарта көлік жүргізушісінің басын қосады. Бірде арамыздағы Батыр есімді жолдас жігітіміз қызды болып, баласын перзентханадан ерекше сипатта шығарып алғысы келетінін айтты. Оның бұл ұсынысын көпшілігіміз қолдап, қолы бостарымыз айтқан уақытында перзентхана маңына жиналдық. Көліктерімізге шар байлап, лента тағып, сырнайлатып-кернейлетіп, қаз-қатар қала көшелерін кесіп өттік. Бұл көпшіліктің есінде қалған қызық оқиға болды, — дейді егіз жігіттер.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button