Басты жаңалықтар

Көркем табиғат, киелі мекен

«Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Көктем мезгілі де ортасынан ауып барады. Бұл күн жылынып, жер аяғы кеңейгенде адамдар алыс-жақын жерлерге саяхаттап, тылсымға толы табиғатпен тілдеседі деген сөз. Алдағы мамыр айындағы мерекелерден  бастап, сейіл құратындар аз емес. Осы орайда біз Ақтөбе өңірінде де әсем мекендердің баршылық екенін айта келе, төмендегі топтаманы оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Шипалы құмдағы орман 

Ойыл ауданындағы Барқын құмдары — тірек-қимыл жүйесі ауыратын, неврит және радикулит  сияқты ауруларға шалдыққан адамдарға пайдалы, шипасы мол санаулы жерлердің бірі. Бұл ғылыми тұрғыда әлдеқашан дәлелденген. Бұрын осы жерде теңіз болған деседі. Енді су тартылған 35 мың гектар аумақты шипалы құм алып жатыр.

Бұл жердің тағы бір кереметі — шөлдегі оазис сияқты пайда болған ғажайып қарағай орманы. Құмның астында жерасты сулары орналасқан, соның арқасында жасыл желектер жайқалып тұр.

Сарқырама

Ақтөбе қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан өңірдегі ең тартымды туристік орындардың бірі — Қасқыр сарқырамасы.

Әсем жер тау жартастарының, ормандар мен көлдердің арасындағы көркем шатқалда, дәлірек айтсақ, Қарғалы ауданының қақ ортасында орын тепкен. Сарқырама өткен ғасырдың 70-жылдарында арнайы су бұру, яғни еріген мұздықтардан жасанды су ағызуға қатысты шешім қабылданған кезде адам қолымен жасалған.

Кейінірек пайда болған аңыздардың әсерімен бұл Қасқыр сарқырамасы аталып кеткен. Көнекөз қариялардан жеткен әңгімеге сенсек, өзен шатқалына сарқыраманың қатты ағынымен шайылып кеткен күшіктерін жоғалтқан қасқыр әр түн сайын келетін болған. Кейбір саяхатшылар түз тағысының ерекше ұлуын естіген деседі…

Сарқыраманың екінші атауы — Ащылысай. Себебі оны осылай (бұрынғы Григорьевка) деп аталатын ауылға жету арқылы ғана табуға болады.
Сарқыраманың әдемі көрінісіне тек көктемде Бадамша-Әлімбет үстіртінің шыңдарындағы мұздықтар еріген кезде ғана куә бола аласыз. Мұндағы судың температурасы да айтарлықтай, анау-мынау адамның буынын бірден құрыстырып жібереді… Өте салқын. Сондықтан бір-ақ сәтте суықтап қалудан сақтаныңыз. Есесіне, сырттай сұлулығына тамсанып, естелік суретке түсуге келгенде бұл жерге тең келер мекен жоқ. Салқын лепті сезініп, сарқырамаға дейін жаяу жетсеңіз, тіптен ғажап! Жолдағы биік те әсем ағаштар саяхатыңызды одан сайын әсерлі ете түседі.

Сарқырамаға баратын ең қолайлы уақыт — сәуірдің соңынан бастап шілде айына дейін. Одан кейін сарқырама құрғап қалады. Соңғы жылдары  туризммен табыс табатын іскер азаматтардың осы мезгілді жақсы пайдаланатыны сондықтан.

Дубаймен пара-пар Аққұм

Байғанин аудандағы Аққұм құмдары түсіне білген адамға Дубайдағы әйгілі шөлден тіптен кем емес. Алтай батыр ауылындағы Сағыз өзенінің оң жағалауында орналасқан құмды алқаптың ұзындығы — 40 шақырым, ал ені — 15 шақырым. Бұл жақтың құмдары ұсақ түйіршікті, борпылдақ. Топырақ түзілу процесіне аз әсер етеді. Мұнда шала бұталар кешендерінен тұратын жусан-бетегелі өсімдік жамылғысы да, сексеуіл тоғайлары да кездеседі. Өз кезегінде жануарлар әлемінен ор қоян, қарсақ, секіргіш қосаяқ, шағыл мысығы, сарбалақ, кіші бозторғай, шөл шақшақайы, құмтышқан, бұлаңқұйрық батбат, дала ешкіемері, құм айдаһаршасын кездестіруге болады.

Кісікиіктің құрметіне қойылған…

Қарғалы ауданындағы Мылқау ауылы археологиялық орны  — табиғи сұлулықты ұнататын туристердің сүйікті мекені. Ащылысай сарқырамасының әдемі көрінісі, тік жартастар, балықтар… Бұның барлығына осы жерде куә бола аласыздар.

Бұл жердің атауының пайда болуы туралы бірнеше аңыз бар. Солардың біреуіне сүйенсек, мұнда аты-жөнін ешкім білмейтін, жұрттан тасада өмір сүретін, кісікиік көріпкел өмір сүрген деседі. Ешкіммен тілдесуге жоқ. Соған қарамастан, «айтқаны» айдай келетін ерекше адамға келушілер көп болған. Өйткені адамдардың сансыз сұрақтарына сондағы әйел жауап берсе керек.  Екі тараптың арасында «алтын көпір» болған бикештің де кім екені ақыры жұмбақ күйде қалған…  Осыдан кейін ел арасында бұл жер Мылқау ауыл аталыпты. Айнала тыныштық, артық сұрақтар қойылмайтын тылсым мекен… Тағы бір долбарға сенсек, кезінде бұл ауылда ешқандай инфрақұрылым — жарық, су, жол болмаған екен. Соны алға тартқан тұрғындар елді мекеннен үдере көшіп, басқа жерге қоныс аударғанда Ратай деген бақташы ғана туған жерінен жырақтамапты. Туғанынан сөйлей алмайтын адамның құрметіне көпшілік осы ауылды Мылқау деп атаған деседі. Бірақ бұл да аңыз ба, әлде ақиқат па, бұл жағы беймәлім. Бір анығы, аталған мекенге келгендер Мылқау ауылының көз тартар табиғатын көргенде еріксіз аузын ашып, көзін жұмады…

Сүтқоректілер мен бауырмен жорғалаушылар аймағы

Ырғыз ауданының орналасқан резерват аумағында сүтқоректілердің 29 түрі, құстардың 250 түрі, бауырмен жорғалаушылардың 14 түрі, қосмекенділердің 4 түрі және балықтардың 10 түрі кездеседі. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан 32 түрі: қызғылт және бұйра бірқазан, жалбағай, қарабай, кішкене аққұтан, фламинго, аққу, сұңқылдақ аққу, қызылжемсаулы қарашақаз, ақбас үйрек, ақ тырна, сұр тырна, ақбас тырна, дуадақ, жек дуадақ, безгелдек, тарғақ, сүйір тұмсықты шалшықшы, қарабас өгізшағала, қарабауыр және ақбауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, лашын, ителгі, аққұйрық және ақиық субүркіт, бүркіт, ақиық, дала қыраны, жыланшы қыран, балықшы тұйғын, т.б.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты — табиғи кешендерді сақтау және қалпына келтіру, бетпақдала популяциясына жататын – киіктердің мекендеу орындарын (қыстау, жайлау, төлдеу) қорғау мақсатында құрылған, ең ірі және жалғыз қатаң қорғалатын дала аумағының бірі.
Маусымдық қоныс аудару және түлеу кезінде мұнда кем дегенде 2-3 миллион суда жүзетін құстар мен су маңындағы құстар ұшады. Резерват флорасы 430 түрден тұрады. Табиғи резерват Торғай мемлекеттік табиғи қорығымен бөлінген солтүстік және оңтүстік аймақтық бөлімшелерден құралған. Солтүстік аймақтық бөлімге Өлкейек тобының көлдері және Өлкейек өзенінің алқабы кіреді. Оңтүстік өңірлік бөлімшеге халықаралық маңызды сулы-батпақты алқаптар, Торғай өзеніндегі көлдер жүйесі, Шалқартеңіз ойпаты, Шалқарнұр таулары, Торғай өзенінің сағасында орналасқан Құрдым, Қаракөл және Бақшакөл көлдері кіреді.
Резерваттың аса құнды табиғи кешендерін ықтимал жағымсыз факторлардан қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи кешендердің экологиялық тұтастығын сақтау мақсатында резерваттың айналасының периметрі бойынша ені 2 шақырымдық қорғау аймағы құрылды.

Бор тауларының сирек кездесетін жамылғысы

Ақтолағай — Ақтөбе облысы Байғанин ауданы аумағындағы ұзындығы 90 шақырымға созылатын тау жотасы.
Бұл республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік қорық қорының геологиялық және геоморфологиялық нысаны. Мұндағы ландшафттың ерекшелігі — бор тауларының өте сирек кездесетін жамылғысы. Кейбір жерлерде табиғат оқшауланған қалдықтардың тік қабырғаларының, бағандарының, тауашаларының, жоталарының, көшкін амфитеатрларының бүкіл лабиринттерін жасады.
Негізінен, бұл жер — дүниежүзілік мұхиттың бұрынғы түбі. Оған акулалардың тістері, әр қадамда кездесетін кит омыртқалары, тасбақалардың, моллюскалардың, мұхит кірпілерінің қабықтары дәлел бола алады.
Үстірттің ұзындығы — 90 шақырым, ені — 5-10 шақырым. Ең биік Нартөбе атаулы нүктесінің биіктігі — 302 метр. Жем өзенінің жағасындағы Каспий маңы ойпатымен түйіседі. Бор жыныстарынан құралған. Батыс беткейі тік, жыралармен және жартастармен бөлінген. Ақтолағайдан Терісаққан өзені бастау алады. Батысқа қарай Толағай-сор көлі орналасқан. Сероземалар мен сортаңдарда жусан, биюргун, тасбиюргун, сұр жусан, баялыш өседі.
Жергілікті тұрғындар Ақтолағайды ашық аспан астындағы мұражай деп атайды, кейбір тұрғындар бұл жерді Алатау деп те атайды. Мұнда арыстан, титаник, шахмат ханшайымы, түйе, тасбақа, пирамида, сфинкс, шахмат торасы, киіз үй, пирамидалар және т.б. көптеген мүсіндерді көруге болады.
Ақсақалдардың айтуынша, Құрманғазының «Алатау» күйі осы шатқалға арналған.
Ақтолағай тауларының тағы бір таңғажайып ерекшелігі —  Күн сәулесінен үстірт өзінің түсін 3 рет өзгертеді. Таңертең сарғыш, күндіз ақ, ал кешке көкшіл түске боялады…
Шатқалдың тақия түріндегі әйгілі шыңы бар, оны Құлшар шыңы деп атайды. Кезінде Адай руының Құлшар дегенбатыры шыңның үстінен үңгір қазып, жаудан қорғанатын болған деседі. Жалғыз жол апаратын таудың басында батырдың қабірі тұр. Таудың басына көтеріле алатын биіктігі —  251 метр.

Орны бөлек «Орқаш»

Нағыз ботаникалық бақ Мұғалжар ауданында орналасқан. Сирек кездесетін құстар мен өсімдіктердің ондаған түрлері, соның ішінде Қызыл кітапқа енгендердің патшалығы бұл. Мұнда әдемі пейзажға қажеттінің бәрі бар: кең даланың ортасындағы қайың, көктерек пен талдың орманы, долана мен итмұрын бұталары, көк майса.

«Орқаш» табиғи қаумалында құстардың көптеген түрі мекендейді, соның ішінде қара кезқұйрық, көксары, ақсары, дала қыраны, ақиық, батпақ, дала, шалғын құладын және күйкентай. Орманның жанында тағы жерден өсіп, шыққандай әсер қалдыратын, екі метр биіктікке жететін тас үйінділерінің композициясы.

Сұлулығына сөз жетпейтін су қоймасы

Таулар арасындағы Қарғалы су қоймасының көркем жағалау аймағы өзінің қайталанбас сұлулығымен бірден баурап алады. Аталған ерекше жасанды теңіздің керемет жағалау аймағы жыл сайын осында демалып, табиғат аясында болғысы келетіндерді өзіне еріксіз тартады.

Қарғалы су қоймасы Қарғалы өзені арнасының бойында, Ақтөбе қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан. Ол 1975 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін іске қосылды. Су қоймасының нақты сыйымдылығы 500-600 миллион текше метрге жетеді. Максималды тереңдігі 31,8 метрге жетеді. Айна ауданы —   28,5 шаршы  шақырым.
Қазіргі уақытта Қарғалы су қоймасының жағасында «Qargaly Eco Resort» демалыс аймағының құрылысы жүріп жатыр.

«Мыстандар» жиналған мекен

Ұзындығы 2,5 шақырым және ені 300-400 метр болатын Зымыстан тауының биіктігі шамамен 300-350 метрге жетеді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Зымыстан атауының екі нұсқасы бар. Олардың біреуінде, егер таудың ең биік шыңына көтеріліп, адам айқайласа, оның дауысы 15 шақырым қашықтықта естіледі екен. Екінші нұсқаға сәйкес бұл аймақтың барлық «мыстаны» осы таудың басында жүреді, сондықтан да Зымыстан деп атап кеткен деседі…

Тау бөктерінде де, шыңның өзінде де тасқа айналған қабықтарды, моллюскаларды, белемниттерді табуға болады. Шыңның қызғылт түсті беті әсіресе кешқұрым тауға ерекше реңк береді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button