Басты жаңалықтарСпорт

ОЙЛЫЛАР ОЙЫНЫ

Жоғары интеллектуалдық спорт түріне жататын шахмат ойынында оқ бойы озып, шаршы топтарда аудан абыройын асқақтатып жүрген жалынды жастарымыздың бірі Мәди Мақсатов еді. Ол шахмат «әліппесімен» отбасында танысып, кішкентайынан қызығушылығы артады. Немересінің ала тақта бетіндегі тартысты ойынға деген әуестігін аңғарған  атасы Мақсат оның қабілетін ұштауға ден қояды.

Ата мен немеренің «жеңіс үшін» деген ортақ үміттері талай тартысты алаңдарда  ақтады. Мәди шахматпен бес жасынан бастап айналысты. Жеті жасында аудандық жасөспірімдер арасында чемпион атанып, үлкен спортқа жол ашылады. Ауданаралық мектеп жарыстарында өзі оқыған білім ошағына 4 рет кубок әкеліп, аудан мерейін үстем етті. Жеңіске деген жігерінің арқасында шахматтан Шалқар ауданының 6 дүркін чемпионы және аудандық спартакиаданың 4 дүркін жеңімпазы, кубок иегері атанды. Ақтөбе облысының 3 дүркін чемпионы және облыс әкімі кубогының бас жүлдесін жеңіп алды. Атырау облысының шахматтан ересектер арасындағы ашық турнирінің 2 дүркін, 14 жасында ҚР біріншілігінің жеңімпазы, спорт шеберлігіне үміткер атанды. 2018 жылы Ақтөбе қаласында республиканың жоғарғы оқу орындарының қатысуымен өткен командалық универсиадада жеңіске жетті. Аз ғұмырында Мәдидің шахматтан бағындырған жеңістері осылай тізбектеле береді.

Ол Шалқардағы №5 мектеп-лицейін бітірген соң, Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетіне түсті. Еңбек жолы Ақтөбе қалалық сотында басталды.  Үлкен өмірдің даңғыл жолына енді түскен шахматшы жігіттің болашағынан күткен үміт зор еді. Алайда тағдыр жазуымен 2021 жылдың күзінде 22 жасында мезгілсіз өмірден өтті. Бұл жалпы бір отбасына ғана емес, жас өреннің шахмат спортына деген ықыласын бағалайтын барша жанкүйеріне ауыр соққы болды.

Артына ізгілікті ізі қалған пенденің жарқын бейнесі өшпейді. Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері,  спорт шеберіне үміткер Мәди Қайратұлын еске алуға арналған шахматтан дәстүрлі аудандық, облыстық турнирлер ұйымдастыру шахматшы ұлға деген ілтипаттың бір белгісі еді.

Биыл наурыз айының басында Шалқар қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Мәдиді еске алуға арналған жасөспірімдер мен ересектер арасында шахматтан облыстық жекелей ашық турнир өтті. Жарысқа Ақтөбе қаласынан, Мұғалжар, Ырғыз, Темір және Шалқар аудандарынан жалпы 15 команда, 150-ге жуық сайыскер қатысты.

Ойлылар ойынының ашылу салтанатына аудан әкімінің  орынбасары Сұлтан Джуманов бастаған бірқатар азамат қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі. Қатысушы қонақтардың бірқатарына еңбек ардагері Мақсат Қосымов немересін еске алу шарасынан естелік ретінде арнайы сыйлықтар табыстады.

Екі күнге созылған жарыстың қорытындысында жүлдегерлерге Мәди Мақсатовтың отбасы атынан тағайындалған марапаттар берілді. Ересек ерлер арасынан жүлделі 1-орынды Ақтөбе қаласынан келген Нұрсұлтан Кенжалин, 2-орынды  ақтөбелік Жалғас Орынбасаров, 3-орынды Райымбек Кенесары иеленді. Барлығына қаржылай сыйлық берілді. Әйелдер арасынан жүлделі орындарды шалқарлықтар жеңіп алды. Атап айтсақ, 1-орынды — Дина Таңатова, 2-орынды — Нұргүл Құдайбергенова, 3-орынды Асылай Нияз алды. «Үздік команда» аталымына ие болған командаларға турнирдің арнайы кубогы табысталды. Бұл додада жалпы командалық есеп бойынша 1-орынды  — Шалқар ауданы, 2-орынды — Ақтөбе қаласы, 3-орынды Ырғыз ауданынан келген командалар иеленді.

Сайысқа  төрелік еткен судьялар да  марапатталды. Мәди Нұртілеуов есімді жас ойыншыға №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асылан Сабанбайұлы атынан қаржылай сыйлық табысталды.

Облыс шахматшылары жүздескен аймақтық турнир аясында аудан орталығындағы «Әсем» мейрамханасында Мәди Мақсатовтың рухына арналып ас берілді.

«Ол мінезі жайлы, сабырлы жан болды. Төңірегіне жақсылықтың шуағын шашып жүретін еді. Осындай байыптылығымен артына ізгілікті із қалдырған оның есімі ұмытылмайды». Бұл жауқазын ғұмыр шахматшыны еске алу асында айтылған көпшілік сөзінің түйіні еді.

Бүгінде Мәди білім алып шыңдалған №5 мектеп-лицейінде  Мәди Мақсатов атындағы класс-музейі жасақталып жатыр.

Мәди мектебіміздің алғыр оқушысы болды. Оның келешегіне деген ұмтылысынан кейінгілер үлгі алатын-ды. Біз енді жаңа мектебіміздің бірінші қабатынан арнайы бір бөлме әзірлеп, жас шахматшының жігерлі болмысын айшықтайтын класс-музейін жасақтауды ұйғардық. Бұл музей тек  шахматшыларға ғана емес, жалпы бойында Отанға деген іңкәрлігі басым жас өрендерге тағылым беретін сыныпқа айналмақ, — деді  №5 мектеп-лицей директоры Әлия Әбдіғапарова.

Ғасырлық жолдан өткен мектеп қабырғасында өмірлік жолы ірілікпен өрілген алдыңғы толқынның есімдері тұр. Сол қадірлілер қатарына оқушы Мәдидің де есімі қосылмақ…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button