Басты жаңалықтар

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ — ҚОЛДАУҒА ИЕ

Ақтөбе — өндірістік әлеуеті зор өңір. Біздің облыстың тауар өндірушілері тұтынушы талғамына сай өнімнің небір түрін шығарып жатыр. Жыл өткен сайын өнімнің көлемі де, түрі де арта түсуде. Бұған «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған өндірісік тур барысында көз жеткізе түстік.  

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алудағы елішілік құндылықты (жергілікті қамтуды) мониторингілеу жөніндегі комиссияның жұмысы аясында индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп жергілікті тауар өндірушілердің алаңдарына барып, кәсіпкерлермен кездесіп, жұмыстарымен танысуды жоспарлаған болатын. Өндірістік турдың басты мақсаты —  тапсырыс берушілерді өңірдегі кәсіпорындар туралы хабардар ету және жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін пайдалануларына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар барысында отандық тауар өндірушілерге, оның ішінде жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсету керегін тапсырды.  Өндірістік турға әлеуетті тапсырыс берушілер ретінде денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармаларының, сондай-ақ «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының өкілдері шақырылды, — дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы салалық даму және жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұрлан Құсаев.

Бүгінде облыста СТ-KZ сертификаты немесе өндірістік сертификатын алған 200-ге жуық тауар өндіруші бар.

Тур барысында жұмыс тобы «М-Трио», «Сталлит» (жиһаз, металл шкафтар өндірісі, құю өндірісі), «Vega Жиһаз» (жиһаз, медициналық төсек өндірісі), «FEROOM» ЖШС (металл жиһаз өндірісі) серіктестіктеріне барып, кәсіпорындардың жұмысымен жан-жақты танысты.

Біздің серіктестік — бұл саладағы ірі тауар өндірушілердің бірі. Тапсырыс берушінің талғамына, тапсырысына байланысты кез келген жиһазды жасай аламыз. Шикізат — өзіміздің Қазақстанның өнімі. Ағаштан бөлек, металдан да бұйымдар өндіреміз. Мектеп, балабақша, емхана, аурухана секілді әлеуметтік мекемелерге қажетті жабдықтың барлығын шығарамыз.

Бізге облыстағы тұтынушылармен қатар, еліміз бойынша да тапсырыс берушілер көп. Дәл қазір Түркістан облысының тапсырысын орындау үшін 50 дана шкаф жасап жатырмыз. 

Қазір кәсіпорында екі ауысымда 30-дан астам маман жұмыс істейді. Мекемеде асханамыз бар. Мұнда жұмысшыларға тегін тамақ береміз. Жұмыс ауқымы көп. Сол себепті үшінші кезеңді де ашуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қосымша жұмыс күші керек.

Қазір біздің тауарларда СТ-KZ, яғни өндірістік сертификат бар, — дейді «Сталлит» ЖШС басшысы Артур Баракбаев.

Бұдан кейін «Vega Жиһаз» және «Ferroom» серіктестіктерінің жұмысы таныстырылды. Аталған кәсіпорындарда да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мұнда да тапсырыс бойынша жиһаздың түр-түрі шығарылады. «Ferroom» ЖШС құрылтайшысы Сергей Енаның айтуынша, кәсіпорынның Астана мен Алматы қалаларында қоймалары бар. Өнімдері ел нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіпорын жиһаздарын Орта Азия мемлекеттеріне шығаруды жоспарлап отыр.

«Vega Жиһаз» ЖШС менеджері Динара Абдрахманованың айтуынша, бұл кәсіпорынның жиһаздары да талғампаз тұтынушылардың сұранысына ие.

Нарықта бәсекеге қабілетті кәсіпорын ғана биікті бағындыра алады. Ол үшін тұтынушылар талғамынан шығып, сапалы өнім өндіру қажет, — дейді Динара Абдрахманова.

Бүгінгі іс-шара — өңірдегі өндіріс орындарына ұйымдастырылған тур біз үшін, яғни білім саласының қызметкерлері үшін тиімді болды. Өйткені мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы мекемеге жиһаз-жабдықтар алынады. Балалардың қауіпсіздігі — басты орында. Сол себепті қандай үлгідегі жиһаз алу керек, оның сапасы, материалы, көлемі, пішіні, тағы да басқа талаптар бекітілген арнайы ереже бар. Мектеп-интернат-колледжімізге жиһаз таңдағанда сол ережені басшылыққа аламыз.  «Сталлит» серіктестігінде бізге қажетті жиһаздың бәрі бар екен. Мысалы, мұнда оқу кабинетіне де, асханаға да, интернатқа да, киім ілу үшін де қажетті жиһаз-жабдықтың түрі көп. Расын айтқанда, бұрын өзімізде жиһаз өндіретін мұндай кәсіпорын барын білмеппін. Өзіміздің тауар өндірушілерді  қолдауымыз қажет, — дейді облыстық арнайы мектеп-интернат-колледж кешені директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Абрашқызы.

Облыстық санаторлық мектеп-интернатының директоры Гүлбарам Қалиева да жергілікті тауар өндірушілердің өнімдеріне қызығушылық білдіріп, жиһазды сырттан алғанша, өз өнімімізді қолданған қай жағынан да тиімді екенін айтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button