Басты жаңалықтарМереке

ҰЛТТЫҚ КИІМ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Кеше Ақтөбе қаласында «Ұлт келбеті — ұлттық киім» атты ұлттық киім күніне арналған марафон өтті.  Марафон Ақтөбе қаласының 155 жылдығы мен Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылды. Шараға 150-ден астам адам қатысты.

Марафонға қатысушылар Amanat партиясы облыстық филиалы ғимаратынан облыс әкімдігіне дейін жаяу жүріп өтті. Іс-шарада қазақтың ұлттық киімдері насихатталып, көпшілік халық әндерін шырқады. Шеруді бастаған атқа мінген қызжігіттер қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. Марафонға сондай-ақ бүркіт пен тазы ұстап шыққандар да болды. Оларды облыс әкімдігі маңынан ақсақалдар мен ұйымдастырушылар күтіп алды. Дөңгеленіп жиналған жұртшылыққа ақсақалдар батасын беріп, шығармашылық ұжымдарының өнерпаздары өнер көрсетті.

Марафонға қатысқан шығармашылық ұжымдарының бірі — Қурайлы мәдениет үйі. Аталған өнер ұжымының аналары ақ кимешек киіп келді. Сондай-ақ түрлі түсті камзол, кәжекей киіп шыққандар да болды.

— Бүгін Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай ұйымдастырылған марафонда қала жастары қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап жатыр. Барлық қатысушылар өте белсенді. Әндерін айтып, көңілдерін көтеруде. Осындай іс-шаралардың жас ұрпақ үшін маңызы зор. Себебі қазіргі жастар ұлттық киім түрлерін көп біле бермейді. Меніңше, біз ұлттық киімдерімізді тек Наурыз мерекесінде ғана емес, үнемі киіп жүруіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, биыл Наурыз мейрамында «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында он күн бойы мерекелік іс-шаралар өтеді. Осы шараларға біз де атсалысатын боламыз. Ал бүгінгі марафонға қаладағы 8 Мәдениет үйінің ұжымы қатысып жатыр, — дейді Мәдениет үйінің директоры Гүлден Ермұхамбетова.

Марафонға қатысқан жастардың бірі — ALT Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжінің оқушысы Ләззат Серікова. Ол курстастарымен бірдей ұлттық киім киіп келіпті.

Біздің колледжден 25 оқушы қатысып отырмыз. Өзім мектепке дейінгі білім беру мамандығында оқимын. Туған жерім — Темір ауданы Бабатай ауылы. Осындай ерекше іс-шараларға қатысқанды жақсы көремін. Жыл сайын Наурыз мейрамында қазақтың ұлттық киімін киіп, ауылымызда өтетін мерекелік іс-шараларға қатысатынмын. Бұл жолы алғаш рет облыс орталығында ұйымдастырылған ауқымды шараға қатысып отырмын. Қуаныштымын. Барша ақтөбеліктерді мерекемен құттықтаймын, — дейді Ләззат.

Айта кету керек, аталған марафонда Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button