Басты жаңалықтар

Биыл Ақтөбе облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 23 әлеуметтік нысан салынбақ

2024 жылы өңірдегі 32 ауылдық елді мекенде 46 жоба жүзеге асырылады деген жоспар бар. Бағытталатын қаржы көлемі – 6,6 млрд. теңге. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзінше, қомақты қаржы ауылдарда спорт кешендерін, мәдениет үйлерін, денсаулық сақтау және білім нысандарының бой көтеруіне жұмсалады. Барлығы 23 жаңа нысан пайда болады. Сондай-ақ, 48 шақырымды құрайтын 18 жолды және 31 шақырымдық 5 инженерлік желіні салу көзделіп отыр.

Жалпы, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы облыста басталғалы 28,4 млрд.теңгеге 120 мың тұрғыны бар 83 ауылда 193 жоба жүзеге асырылып, үш мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды. Ал былтыр 45 жоба пайдалануға берілген, төрт нысан – ауыспалы.

Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдасы бойынша қолға алынған «Абаттандырылған ауыл» жобасы биыл да жалғасады.  Жобаның ерекшелігі – тек бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат арқылы да ауылдарды абаттандыру.

«Жобаның ерекшелігі – тек бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат арқылы да ауылдарды абаттандыру. 2023 жылы демеушілік есебінен 2,5 млрд. теңгеге  24 жоба жүзеге асырылды. Мысалы, «Нектар» компаниясы Тамды ауылына балалар ойын аланың орнатты. «Қаратоғай» компаниясы Қаратоғай ауылына Елек өзені арқылы көпір салды. Сондай-ақ,  «Абзал» және «Мұғалжарнефтестрой» кәсіпорындары Біршоғыр ауылында 4 көшені күрделі жөндеуден өткізді. Енді 2024 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдарға демеушілік қаражат тартуда аудан әкімдеріне және индустриялық даму басқармасына жұмысты одан әрі күшейту қажет деп есептеймін», – деді Нұржан Мақсатов.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы 12 аудан және 134 ауылдық округтің әлеуетін анықтау үшін толыққанды талдау жасалып, әлеуметтік-экономикалық даму паспорттары әзірленген. Бүгінгі таңда, қағазбастылықтан арылу мақсатында скрининг толықтай цифрландырылуда. Бұл ретте, Экономика басқармасы «Auyl-Aktobe» цифрлық платформасын іске асыруда. Аталған платформа болашақта басым жобаларды анықтауға ықпалын тигізеді.

Облыс әкімі ауылдық аумақтарды дамытуға бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы керектігін алға тартты.

«Ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындарына тең мүмкіндіктер беру осы тұжырымдама аясында қамтылған. Біз тұжырымдама арқылы ауылдан қалаға көшу процесін тоқтатып, жұмыссыздық мәселесін де жоюға тиіспіз. Биылға жоспарланған жұмыстар уақытылы әрі сапалы орындалып, бюджеттен, сонымен қоса, демеушілік арқылы бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы қажет. Ауылдар бір-біріне үлгі болуы керек», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Аппараттық жиында өңірлік жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелер, жарықтандыруды қамтамасыз ету және тірек бағаналарды ауыстыру шаралары, облыста құрылған жобалық кеңсенің жұмысы мәселелері де талқыланды. Жауапты мекеме басшылары мен лауазымды тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button