АуылБасты жаңалықтар

Жырақтағы Жайсаңбай

Бүгінде өңірімізде тұрғындарының дені мал шаруашылығын дамытып, соның арқасында жайлы өмір сүріп отырған ауылдар көп. Соның бірі — Ырғыз ауданына қарасты Жайсаңбай ауылы. 80-ге жуық түтіні бар шағын ауылда ауызсу да, интернет те бар. Елді мекендегі ендігі керегі — көгілдір отын.

Қос мұнара, футбол алаңы салынды

Былтыр жайсаңбайлықтар ауыл әкімін өздері сайлауға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде қазір ауыл көркейіп жатыр. Жас болса да еңбексүйгіш, елді мекенге жаңашылдық әкелген ауыл әкімі Руслан Қобанов қазір ауылдың тұрмысы жақсарып келе жатқанын айтады.

— Жайсаңбай ауылдық округінің құрамында бір ғана елді мекен бар. Қазір мұнда 500-ге жуық адам тұрады. Өткен жылы ауылымызда бірнеше нысан салынды. Әсіресе ауыл тұрғындарының, оның ішінде жастардың спортпен айналысуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ, былтыр жалпы құны 11 миллион теңгеге шағын футбол алаңы, сондай-ақ балалар ойын алаңы мен воркауттар салынды. Ауыл тұрғындарының бастамасымен биіктігі 20 метр болатын байланыс мұнарасы орнатылды. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен құны 6 миллион 200мың теңгеге биіктігі 22 метрлік мұнара орнатылып, «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы Beeline байланысының 4G желісі іске қосылды. Қазір ауылымызда ұялы байланыс та, интернет те бар. Елді мекенде үш көше болса, олардың барлығы жарықтандырылды. Тұрғын үйлер орталықтандырылған ауызсу құбырына қосылған. Үйлердің басым көпшілігі қазіргі заман талабына сай жөнделіп жатыр. Жалпы, ауылдың жағдайы жақсы. Енді бізге керегі — көгілдір отын, — дейді ауыл әкімі.

Жайсаңбайлықтар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылдан бері ауылда дәстүрлі емес шаруашылық түрлері де дамып келеді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында шаштараз, кондитерлік цех ашылған. Сондай-ақ екі тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болып, бау-бақша және ешкі шаруашылығын дамытуды қолға алған.

Округте орта мектеп, балабақша, клуб, кітапхана, медициналық пункт, өрт сөндіру бекеті және «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты мекемесінің Жайсаңбай ауылдық бөлімшесі жұмыс істейді. Ауыл Қызылорда облысына қарасты Арал ауданымен шектесіп жатыр. Сондықтан мұндағы тұрғындардың дені азық-түлікті, тұрмысқа қажетті заттарын Аралдан тасиды.

— Қазіргі таңда округ аумағында 38 шаруа қожалығы, екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бір өндірістік кооператив жұмыс істейді. Ауылда 5213 бас ірі қара, 2772 бас жылқы, 304 бас түйе, 7569 бас қой-ешкі бар. Соңғы жылдары шағын кәсіппен айналысатын тұрғындар саны артып келеді. Қазірдің өзінде ауылымызда 16 жеке кәсіпкер тіркелген. Олар халықты қажетті азық-түлікпен, киім-кешекпен, тұрмыстық, шаруашылық заттармен, кондитерлік өнімдермен қамтып отыр. Былтыр бір тұрғынымыз «Ауыл аманаты» жобасының арқасында құс шаруашылығын қолға алып, қазір ауыл халқына қолжетімді бағаға өз өнімдерін сатуда. Кәсіпкерлеріміз ауылды дамытып, көркейтуге әркез атсалысып келеді. Қашанда елдің қамын ойлап, жаңа бастамаларға қолдау білдіретін Қонысбек Қоянбаев, Ермек Алшынбаев, Абзал Әбішов, Досым Сәруаров, Табылған Қарабаев, Арман Нұрекешов, Жетес Торшин, Қасым Есенаманов, Бегалы Көшеров, Қуанышбек Хамитов сияқты азаматтарымызға алғысымыз зор. Ауыл тұрғындарының бәрі бір-біріне тілектес, тілеулес, бір-бірімен етжақын туыстай араласады. Осындай ауызбіршілігі мол ауылға әкім болып келгеніме қуанамын, — дейді Руслан Қобанов.

Қызықты дерек

Жайсаңбай ауылы ертеректе «Шүңкей» деп аталған. Кеңес үкіметі кезінде бұл елді мекен «Тәуіп» кеңшарының №2 бөлімшесі болған. 2008 жылы ауыл Тәуіп селолық округінің құрамынан шығарылған. Содан кейін Жайсаңбай ауылдық округі болып қайта құрылған.

Ауылдың атауы ертеректе елге сыйлы, заманында қажылыққа барып, бала оқытқан, әулие кісі болған Жайсаңбай атаның есімімен байланысты. Осы кісінің қыстауының орны қазіргі ауылдың іргесінде болған. Жайсаңбай әулие қажылыққа бара жатып, Арал ауданының Қарақұм елді мекенінде көз жұмған. Жерленген жері белгісіз.

Құс өсірген Әділет

Жайсаңбайлық Әділет Нұрмағанбетов былтыр «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, құс шаруашылығын дамыту мақсатында 1 млн 100 мың теңге несие алған. Қаржысына 100 тауық сатып алып, ауыл халқын сапалы өніммен қамтып отыр. Қазір оның ауласында 70-тей тауығы бар. Былтырдан бері 30-ға жуық тауығын сатып, пайда тапқан. Наурыз айында инкубатор алып, балапан бастырып шығарғысы келеді. Болашақта ауласындағы құс санын көбейтіп, шаруашылығын дамытпақшы. Қазір ол құстарына жемді Ақтөбеден алдыртып отыр. Бүгінде облыс орталығында жемнің бір қабы 2500-3000 теңге тұрады.

— Құс бағу оңай емес. Көп еңбектенуді, ізденуді қажет етеді. Былтырдан бастап осы кәсіпті қолға алғалы тыным таппай келемін. Дегенмен отбасымды, ауыл халқын таза өніммен қамтамасыз етіп отырғаныма қуанамын. Қазір қыс айларында күніне 30-40 дана жұмыртқа аламын. Тұрғындардан түсетін тапсырыс көп. Бір данасын 70 теңгеден сатып жатырмын. Тапқан пайдам шай-пұлымды, жемнің ақшасын өтейді, — дейді ол.

Әділеттің айтуынша, күнделікті ас мәзіріндегі құс жұмыртқасы адамның денсаулығына өте пайдалы. Ал тауық еті жеңіл қорытылады, протеинге бай, емдік, жеңіл ас ретінде жеуге болады.

— «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеңілдікпен несие алғаныма қуанамын. Бұл жоба біз сияқты ауыл тұрғындарына өте тиімді. Бұған дейін жұмыссыздардың қатарында болдым. Негізгі мамандығым — электрик, алайда ауылда тұрақты жұмыс жоқ. Қазір ауламдағы малымды, құсымды бағып, табыс тауып отырмын. Ауыл тұрғындарының осылай жаңа кәсіп бастауына қолдау білдірген мемлекетімізге алғысымыз зор, — дейді Әділет.

Еңбекқор жігіттің алға қойған жоспары көп. Алдағы уақытта ол тауықпен қоса, қаз, үйрек те өсіргісі келеді. Оның айтуынша, құс өсіруге Жайсаңбайдың табиғаты өте қолайлы. Жері шұрайлы, суы да бар. Биыл көктемде Ырғыз өзені тасыса, ауылдағы шаруашылықтарға өте тиімді болмақ. Қазір мұндағы халық қысы-жазы малын ұңғыманың суымен суарып отыр.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Бүгінде Ырғыз ауданында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келеді. Бүгінде ауданда 56 заңды тұлға, 285 шаруа қожалығы, 761 жеке кәсіпкер, барлығы 1102 субъект тіркелген. Қазіргі таңда мұнда 169 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде жол бойындағы кемпингтер, азық түлік, киім-кешек дүкендері, орталық базар мен құрылыс заттарын, жиһаз сататын сауда нысандары, монша, шаштараз, автокөлікке қызмет көрсету орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары мен гүл сату салондары бар. Былтыр Ырғыз ауылында ветеринарлық дәріхана іске қосылып, қазір шаруашылықтар осы жерден малына қажетті дәрі-дәрмек сатып алып отыр. Аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуына жайсаңбайлықтардың да қосқан үлесі мол. Ауыл аудан орталығынан қашықта орналасса да, тұрғындар мұнда күн сайын қатынайды.  

Қаладан келіп, кәсіп бастады

Ауыл тұрғыны Бақытгүл Өксекбаева «Ауыл аманаты» жобасының арқасында бүгінде жеке кәсібін дамытып отыр. Былтыр өз үйінің ауласынан кондитерлік цех ашқан. Қазір тәтті тағамның түр-түрін, сондай-ақ фаст-фуд өнімдерін әзірлейді.

— Бұрын үйден тапсырыс қабылдап, торт, пирог, тәтті тоқаш, нан өнімдерін пісіретінмін. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, осы кәсібімді дамыту үшін 3 миллион теңге несие алдым. Қазір бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жаз айларында тағы бір көмекші алғым келеді. Тапсырыс көп болған соң кейде үлгермей қалатын кездеріміз болады. Жалпы, ауылымызда кондитерлік өнімдер әзірлейтіндер аз. Сондықтан осы кәсіпті дамытқым келді, — дейді ол.

Бақытгүл Хромтау қаласында туған. Жолдасы Дәурен екеуі осыдан екі жыл бұрын отау құрған. Ақтөбе қаласында жұмыс істеп жүріп танысыпты. Тойдан кейін жас отбасы ауылда қалып, жеке кәсіппен айналысуды жөн көрген. «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, құжаттарын рәсімдеген. Осылайша 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алып, ойда жүрген бастамаларын жүзеге асырған. Дәурен мал шаруашылығымен айналысса, Бақытгүл жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Екеуінің қазір кішкентайлары да бар.

Ауылға тез сіңісіп кеттім. Қазір сиыр да сауамын, сүт өнімдерін де жасаймын. Ағайын-туыстың үйіне барып, келіндік қызметімді де атқарамын. Жолдасым әркез менің бастамаларыма қолдау танытып келеді. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытып, жаздық шағын дәмхана ашқым келеді. Себебі қазір фаст-фуд өнімдеріне сұраныс жоғары, — дейді кәсіпкер.

Бақытгүлдің жасаған өнімдері тек Жайсаңбайда ғана емес, облыс орталығында да сатылуда. Ол қазір өз өнімдерін Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге де шығарып жүр.

Мінезі ашық, пысық келіншек ауылдың бейнеті көп болғанымен, берекесі көл-көсір екенін айтады. Қазір мұнда өз өнімдерін әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, табыс тауып отырған отбасылар жетерлік.

— Енді ауылымызға газ құбыры тартылса екен. Жеке кәсіпті дамытуда бұл да бүгінде бізге бір қолбайлау болып тұр. Қазіргі ауыл әйелдерінің бар тілегі — осы. Қи, көмір жағудан құтылсақ, ауылдың да тұрмысы қаламен бірдей болар еді, — дейді Бақытгүл.

    Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button