Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде орта кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық бағдарламасы іске асырылады

«Орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең.Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы»…».

 Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Елімізде соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастағанмен, орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтты. Енді шағын бизнесті өзара біріктіріп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізілмек. Үкіметке осындай тапсырма берілді.

Бірінші тоқсандағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі — 27 пайыз. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9 пайызға өскен.

Үздік бестікке енді

Облыста 96 860 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны — 87 270. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға өскендігін көрсетеді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар ішінде жеке кәсіпкерлер саны — 65 255, шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі — 12 712,  шаруа қожалықтарының саны — 9 303.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Жангелді Әубәкіровтің айтуынша,

өңірде шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлер үшін субсидия беру, несиелерді кепілдендіру мен инфрақұрылым жүргізу арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Осындай жұмыстардың арқасында аймақта шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында облыста шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнімкөлемі — 392,6 миллиард теңге, яғни 107,8 пайыз. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 7,8 пайызға артып, 173,0 мың адамға жетті. Облыс экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі 27,2 пайызға жетіп отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9 пайызға өсті, — деді басқарма басшысы.

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы жүргізген бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтінгісіне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикада үздік бестіктің қатарына кіріп, төртінші орынға табан тірепті.

Ал жыл қорытындысы бойынша Шалқар ауданы республика бойынша 200 ауданның ішінде көш бастап тұр.

Жаңа бағдарлама: кезексіз жер, тиімді несие

Президент биылғы Жолдауында еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындардың көп еместігін, сондықтан оларға қолдау көрсету қажет екендігін баса айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қуатын арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін бұл бағытта облыста қандай шаралардың қолға алынғаны жайында Жангелді Әубәкіров былай дейді:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлік саласын, оның ішінде орта бизнесті дамытуға айрықша басымдық берілді. Соған сәйкес  өңірде орта бизнесті дамыту мақсатында келер жылы Хромтау моноқаласында кәсіпкерлерді қолдау әрі саланы дамытуға арналған «Өркен» жобасы секілді аймақтық бағдарламаны енгізуді жоспарлап отырмыз. Аймақтық бағдарлама облыстағы ірі кәсіпорындармен меморандум жасау арқылы орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталады. Яғни орта кәсіпкерлік субъектілері үшін ең бірінші кезекте кезексіз жер учаскелері ұсынылады. Екіншіден, ең төменгі пайызбен несие берілмек.

Оның айтуынша, аймақтық бағдарламаны қаржыландыру облыстық бюджеттің аралас қаражаты, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

5 жыл және 5 миллиард теңге

Бағдарламаның жалпы бюджеті — 5,0 миллиард теңге. Тарқатып айтар болсақ,  облыстық бюджеттен — 2,0 миллиард теңге, «Даму» қорынан — 1,0 миллиард теңге, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы1,0 миллиард теңге және «Ақтөбе мыс компаниясы» серіктестігі тарапынан 1,0 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылады. Несиелеу операторлары — екінші деңгейлі банктер, — деді Ж.Әубәкіров.

Жаңа жылдан бастап өңірде орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында іске асырылатын аймақтық бағдарламаға қатысушылар үшін ең төменгі пайызбен несие берілетінін жоғарыда айттық. Бүгінде несиелеудің шарттары да белгіленіпті.

— Несиенің шекті сомасы — 100,0 миллион теңге. Несиенің ең жоғары ставкасы — 9 пайыз, оның ішінде 5 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды, ал 4 пайызын кәсіпкерлердің өзі өтейді. Инвестициялық жобаларға берілетін несие мерзімі — 5 жыл. Айналым қаражатын толықтыруға 3 жылдан аспайтын мерзім белгіленіп отыр, —деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, егер аталған бағдарлама сәтті жүзеге асырылса, облыста кем дегенде 50 жобаға қолдау көрсетілмек. Соның нәтижесінде өңірде орта кәсіпкерліктің үлесін ұлғайтып, өсім деңгейін келер жылға бекітілген 9,9 пайыз көрсеткішке жеткізу жоспарлануда.

Ұлттық жоба немесе ұтымды қадам

Президен ел нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындардың көп еместігін, оларға қолдау көрсету қажеттігін айтқан еді. «Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жангелді Әубәкіровтің айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының ерекшілігі — жеңілдетілген несие беру және сатып алынған затты кепілге қоюға мүмкіндік береді. Алайда қазіргі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының орнына2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба болып бірыңғай бағдарлама әзірленді.

Биыл ұлттық жоба шеңберінде 14,5 миллиард теңге қарастырылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен — 10,6 миллиард теңге, ал қалғаны жергілікті қазынадан бөлінді.Қазіргі уақытта бұл бағытта 1277 жоба қолдау тауып, қаражат толық игерілді. Қазір қосымша қаражат бөлу қарастырылып жатыр. Ұлттық жоба аясында «Ваниль» кондитерлік цехы, «Bigness», «Bilim» және «Smart Bilim» мектеп-гимназиялары, «А-Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, басқа да кәсіпорындар мемлекеттік қолдауға ие болды, — деді Ж.Әубәкіров.

Әлеуметтік кәсіпкерлік

Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Президент биылғы халыққа арнаған Жолдауында осылай деді. «Бұл — біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», — деді Мемлекет басшысы.

Былтырдан бастап Кәсіпкерлік кодексіне әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Үкіметте әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидалары бекітілді.Ұлттық экономика министрінің осы жылдың 4 қазандағы №210 бұйрығына сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тізіліміне Ақтөбе облысы бойынша 12 кәсіпкер енгізілді. Ірі жобалардың бірі ретінде «ГлобалСпецОдежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атап өтуге болады.Бұл кәсіпорын отандық өнім өндірумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындахалықтың әлеуметтік осал тобына жататын 30-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар «Өмірзақова А.М.», «Көркем» және «Ким Т.Л.» сияқты жеке кәсіпкерліктерді де осы қатарға жатқызуға болады. Бүгінде аталған кәсіпкерлік ұйымдарыбалаларға арналған түзету-білім беру қызметтерін көрсетіп отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button